Қазыбек бидің «Біз қазақ мал баққан елміз...» деп басталатын толғауы есімізде шығар, иә? Ғасырлар бойы көшпелі өмір салты бойына сіңген халық үшін отырықшылыққа көшу оңай болмады әрине. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы ХІХ ғасырдың орта шебінде Патшалық Ресейге қосылу кезеңінен бастап отырықшылыққа ауыса бастады. Үнемі көшпелі өмір сүріп, тек қана мал шаруашылығымен айналысты деуден аулақпыз. Мәселен, археологиялық қазбалар Жетісу мен Орталық Қазақстан жерлерінде егін шаруашылығы ертеден бар екендігін дәлелдеп отыр. Қазақ хандығы кезеңінде бұл аймақтарда дәстүрлі егін шаруашылығы үздіксіз өркендеп отырды. Қазақстанның оңтүстік өңірі, Сырдария маңында, Жетісу жағасында және Солтүстік, Солтүстік-шығыс және Орталық Қазақстан жеріндегі кейбір өзендер мен көлдердің жағалауларында қазақтар егіншілікпен сонау ерте заманның өзінде айналысқан.
Ресей үкіметі 1867-1868 жылдары Қазақстан жерінде әкімшілік реформа жүргізді. Оның басты мақсаты қазақ даласында империялық басқаруды енгізу еді. Осылайша қазақ жерін күшпен отарлап, Ресейден қоныс аударартын шаруаларды қаптату еді.
Уақытша ереже
1868 жылғы "Уақытша ереже” бойынша қазақтардың жерi Ресей империясының мемлекеттiк меншiгi болып жарияланып, қазақ даласы бүтiндей патшалық Ресейдiң еншiсiне көштi.
Ресей императорының жарлығымен бекiтiлген 1867-1868 жылдардағы реформалар арнаулы түрде уақытша, яғни үш жылға деп қабылданды. Үш жылдық мерзiмi өткеннен кейiн оны қайтадан толықтырып, Қазақстанды басқару жөнiндегi жаңа ереже қабылдануы керек болды.
Аталған ереже негiзiнде қазақтардың жерi тартып алынып келiмсек мұжықтар мен кержақтарға таратылды. Қазақстанға осы кезеңде 1,5 миллионнан астам орыс, украин және беларусь адамдары көшiп келдi. Сөйтiп, кең даланы жайлаған елдi мекендердiң аттары өзгертiлiп, оның ұлттық құрамы үлкен өзгерiске ұшырады. Қазақстан патша өкiметiнiң шикiзат базасына айналды.
1867-1868 жылдар аралығында Қазақстан территориясы Орынбор, Батыс Сiбiр және Түркiстан генерал-губернатор құрамына кiрдi. Орынбор генерал-губернаторы құрамында Орал және Торғай облысы, Батыс Сiбiр генерал-губернаторлығының құрамына Ақмола және Семей облысы, Түркiстан генерал-губернаторлығының құрамына Сырдария және Жетiсу облыстары ендi.
Орынбор, Батыс Сiбiр және Түркiстан генерал-губернаторларының әкiмшiлiк орталықтары Орынбор, Омбы, және Ташкент қалалары болды. Әрбiр облыс уездерге бөлiндi. Уездер болыстарға бөлiнiп, олардың әрбiрiне мыңнан екi мыңға дейiнгi шаңырақ ендi. Болыстар әкiмшiлiк ауылдарына бөлiндi. Олардың құрамына 100-ден 200-ге дейiнгi шаңырақ ендi.
Патша үкіметі әр бір бас мал үшін әрі жан басының салығын енгізіп, халықты әбден қанауға көшті
XIX ғасырдың аяқ кезінде Орталық, Солтүстік және Солтүстік-шығыс аймақтары егіншілікпен айналысуға жаппай бет бұрды. Бұл әсіресе Ресейден қоныс аударушы шаруалардың көптеп келуіне байланысты болды. Алайда, Қазақстандағы халық санының көбеюіне байланысты мал жайылымдарының жері қысқара бастады. Халық үшін отбасы мүшелерін асырау мен қолда бар малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі туындап, ендігі жерде егін егуді ұйымдастыру мен дамыту ісіне әкеп соқты. Заман көшімен қазақтар ауыл-ауылға топтасып отырықшылық салтын ұстанды. Отырықшы салтқа көшкен қазақтар бірте–бірте егін егуді үйрене бастады. Патша үкіметінің құрамына кірген халық толығымен отырықшылық салтқа көшіп, егіншілік кәсібімен айналысуға ден қоя бастады. Бұл әрине, Патша Үкіметіне ұнады. Себебі, Ресей үшін отырықшы халықты басқару оңай әрі көшіп келіп жатқан орыс шаруаларын босаған жерлерге қоныстандыруға ыңғайлы болды. Осылайша қазақтар бірте-бірте егін егуді игере бастады.
Негізгі еңбек құралдары ретінде соқа, тырма, орақ, айыр, күрек пен кетпен пайдаланды. Егістік жерлерді суару үшін де әр түрлі құралдарды пайдаланды. ХIX ғасырдың аяқ кезі мен XX ғасырдың бас кезінде қазақ пен орыс шаруалары бірге қоныстанған ауылдарда темір соқалар мен тырмалар пайдалана бастады. ХХ ғасырдың орта шебіне қарай кейбір болыс орталықтарында ауыл шаруашылығының техникалары пайда бола бастады.
Шығыс Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан өңірлерінде суармалы егіншілік кеңінен дамыды. Ал Қазақстанның өзге аудандарында егін шаруашылығы кеңінен етек алды. Қазақтар негізінен бидай, тары, сұлы, күріш және жүгері дақылдарын еге бастады. Шымкент, Алматы маңында темекі, Қазақстаннның Оңтүстік шығыс аудандарында қарбыз, асқабақ пен пияз егіле бастады. ХІХ ғасырдың аяғында мал азығына қажетті жоңышқа егу кеңінен етек алды.
Жалпы, жасалған реформалардың дені қазақ халқына тигізген әсері де болды. Тұтастай алғанда қазақ халқына тигізген пайдасы да бар, залалы да орасан. Мәселен Қазақ автономиялық республикасының шекарасын белгілеуді қолға ала бастады, халық жаппай сауаттануға көшті, ұлттық кадрлар қалыптасты, халық отырықшылық өмірге бет бұра бастаған соң сәйкесінше өндіріс орындары мен қалалар салына бастады. Яғни, халық ұжымдасып еңбек етуге үйренді. Ал келтірген залалды айтпаса да түсінікті. Ең бастысы қазақ халқы қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп, бүгінгі таңда егеменді ел, тұғырлы мемлекет атанып отыр.
Обсуждение