Мәзір

Қазақстандық ғалымдар бруцеллезге қарсы бірегей вакцина ойлап тапты

08.07.2021
Қазақстандық ғалымдар бруцеллезге қарсы бірегей вакцина ойлап тапты

Қазақстандық ғалымдар ірі қара малдың бруцеллезіне қарсы вакцина жасап шығарды. 2013 жылы басталған зерттеу және сынақ жұмыстары енді аяқталыпты. Frontiers in Cellular and Infection Microbiology ғылыми журналында аталмыш вакцинаны тіркеу сынақтарының нәтижелері туралы мақала жарық көрді, деп хабарлайды World of NAN zakon.kz порталына сілтеме жасап.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы вакцинология орталығының басшысы, жобаның ғылыми жетекшісі Қайсар Табыновтың айтуынша, еліміздің ветеринария саласында бруцеллез проблемасы өте өткір тұр. Себебі бұл инфекция ауылшаруашылық жануарларының барлық түрлеріне, соның ішінде ірі қара мен ұсақ малға аса қауіпті екен. Мәселен, маман сөзіне сенсек, республикадағы ветеринариялық зертханалар желісіне бөлінетін қаражаттың 90%-дан астамы осы аурумен, қалған азғана бөлігі басқа инфекциялармен күресуге жұмсалатын көрінеді.

Қайсар Табыновтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде вакциналардың бірнеше түрі қолданылады, бірақ олардың бірқатар кемшіліктері бар. Мысалы, вакцина тірі бактериядан жасалатынына байланысты, ол екпе жасалған жануарлардың сүті арқылы бөлініп, адамдарға да инфекция жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, сиырларды вакцинациялау кезінде екпе ұрықтың түсігіне да алып келіп жатады екен.

«Осының бәрін ескеріп, біз сапалы, тиімділігі жоғары вакцина дайындауды алдымызға мақсат етіп қойдық. Яғни, екпе біріншіден, қауіпсіз, екіншіден, экологиялық таза, үшіншіден, вакцинацияланған жануарларда түсік тудырмауы тиіс болды. Тағы бір мәселе – вакцина жануарларға екпе салынған, салынбағанын тез ажыратуға септігін тигізіп, сонымен қатар ауқымды өндіріске ұсынуға да қолайлы болуы міндетті еді», – дейді жоба жетекшісі.

Инновациялық векторлық вакцинаны жасау бойынша ғылыми жұмыстар 2013 жылдан бері жүргізілген.

«Біз алғаш рет бруцеллез ақуыздарын жеткізуші құрал ретінде тұмау вирустарын қолдандық. Бұрын әлемде бруцеллез вакциналарын жасауда бұл тәсілді ешкім қолданбаған болатын. Бұл қауіпті жұмыс болды. Біз вирустарды түрлендірдік, оларды әлсірету бойынша белгілі бір процедуралар жүргіздік және неғұрлым көп иммуногенді бруцеллездік ақуыздар бөлетін генетикалық құрам ойлап таптық. Осы вакцинаны жасау барысында ірі қара малға көптеген тәжірибелер жүргіздік. Нәтижесі қандай болатынын бірден білмедік. Алайда үмітіміз ақталды және біз қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Екпенің тиімділігі орта есеппен 60-75% деңгейінде. Бұл америкалық RB-51 вакцинасынан кейінгі бруцеллезге қарсы жаңа препаратты тіркеу туралы шығып тұрған алғашқы хабарлама», – деп жалғастырды сөзін Қайсар Табынов.

Вакцинаны дайындауға инфекциялық аурулардың алдын алу зертханасының 20-ға жуық қызметкері және микробиология зертханасының он шақты маманы қатысқан. Топ тіркеу сынағын 2018 жылы бастап, 2019 жылдың басында ғана аяқтаған.

Аталмыш жұмыс еліміздің ветеринария саласындағы жетекші мамандарының қатысуымен жүргізілді, олардың көпшілігі авторлық құрамда көрсетілген. Қайсар Табыновтың айтуынша, жарияланымның авторлық құрамында америкалық Стивен Олсен және чилилік Эйнжел Онот сияқты бруцеллезге қарсы вакциналарды әзірлеу және сынау саласындағы әлемге әйгілі беделді ғалымдар да бар.

«Бұл біздің ғылыми жұмысымызға ғалымдардың назарын аудартады және бізге деген сенімділікті арттырады. Жалпы, бруцеллез бойынша жетекші халықаралық ғылыми басылымдарда біз оннан астам мақала жарияладық. Жуырда жарық көрген журналдағы ғылыми жұмыс, бұл 2013 жылдан бергі жасалған еңбекті қорытындылайтын соңғы мақала. Соңғы нүкте деуге де болады – біз өнімді ақыры тіркедік. Бұған дейінгі мақалаларда әртүрлі жұмыс кезеңіндегі нәтижелер туралы айтқан болатынбыз», – дейді сарапшы.

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген вакцина әлі қолданысқа шығарылған жоқ. Алайда ғалымдар Қордай ауданындағы бірнеше шаруашылықтарда вакцинаны пайдалана отырып, мал басын сауықтырып үлгерген. Қазір препаратты жаппай өндіру мәселесімен Жамбыл облыстық биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ мамандары айналысуда.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии