Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан еліміздің осал тұстарын айқындап берді деп атап өтті Президент Қ.Тоқаев ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында. Мемлекет басшысы кейбір тауарлардың маусымдылығына байланысты азық-түлік бағасының қымбаттауын қазақстандықтар соңғы кездері өте өткір сезінгеніне ерекше назар аударды. Осыған байланысты Президент Үкіметке көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды World of NAN Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шара барысында биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді де анықтады.
Президент дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты қаржының тым көп салынуы және жеңілдетілген ақша-несие саясаты инфляцияның қарқынын күшейтіп жіберді деп санайды. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдарының мәліметі бойынша, азық-түліктің әлемдік бағасы 40% өскен. Бұл – он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Осындай жағдайда еліміздегі инфляция деңгейі бірінші жартыжылдықта 7,9 % жетті.
«Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын өте әділ. Өндірістік шығындардан бөлек, маусымдық қымбатшылық пен делдалдық әрекеттердің ашық болмауы баға белгілеудің негізгі факторлары болып табылады. Аты айтып тұрғандай, тасымалға маусымдық болжам жасауға болады. Демек, оны реттеуге де болады деген сөз», – деді Президент.
Мемлекет басшысының ойынша, аталған мәселені шешудің жолы – келесі маусымға дейін өнім сақтайтын заманауи әрі қол жетімді инфрақұрылым қалыптастыру.
«Көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жөнінде бірнеше рет тапсырма берілді. Бірақ жағдай жақсарған жоқ. Бұл проблеманы жүйелі шешу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы мақсатты қолдау үшін біздің көптеген бағдарламаларымыздан қаржы бөліңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында, сондай-ақ, Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың қазіргі тетіктерінің тиімділігін бағалау және жаңа әрі тиімді шаралар топтамасын ұсыну тапсырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев нарықты өзіне ыңғайлап алатын, өндірушілер мен тұтынушылардың есебінен үстеме пайда табатын жасырын делдалдардың көбеюіне жол бермеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, өңірлерде осындай делдалдық әрекеттерді тергеп-тексеру жөнінде комиссия құру қажет.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение