Мәзір
07 қыркүйек 2021
3 мин
2295
Жариялаған:

Украинадан келген агроном: жақсы өнім алғыңыз келсе – жасанды суаруға көшіңіз

Украинадан келген агроном: жақсы өнім алғыңыз келсе – жасанды суаруға көшіңіз

Ауыл шаруашылығында 10 жылдық жұмыс тәжірибесі бар Украинадан келген агроном Қазақстанда қарқынды суаруға көшуге мүмкіндіктер Украинаға қарағанда көп екенін атап өтті. Андрей Хоменко – KustoFarming агрономы World of NAN журналисіне жасанды суарудың артықшылығын көрсетіп, бітік егінді қалай жинап алу керектігін және өзін не таңғалдырғанын баяндады.

Биылғы құрғақшылық Қазақстан фермерлерінің басым бөлігіне кері әсерін тигізді. Табиғи апат KustoFarming компаниясын да айналып өтпеді. Ұйым Мамай ауылында репродукторды бордақылауға қажет сүрлем үшін жүгері өсіреді. 900 гектар жердің 200-і ғана жасанды суландырылады. Жүгері қай жерде суарылғандығын ешбір құралсыз көруге болады. Суарылған телімде өскен жүгерінің биіктігі 2 метрден асса, суарылмаған жер телімінде өсімдіктер бір метрге жетер-жетпес болып тұр. Қуаңшылық деген рақымсыз құбылыс қой!

«Бұл жерде біз сынақтан өткен KAZSEEDS гибридтерін  өсіреміз. Селекционер Эдвард Баумгартнер оларды Солтүстік Қазақстанның ауа райына лайықты етіп арнайы өсіріп шығарды. Будандар қуаңшылық жағдайына өздерінің төзімділігін танытты. Алайда биыл вегетация кезеңінде жауын-шашын мүлдем аз мөлшерде түсіп, оның салдарын өздеріңіз көріп отырсыздар», - деп түсіндірді Андрей Хоменко.

Оның айтуынша, компания вегетативті массаға ерекше ден қойып, суару сапасын жақсарту арқылы көбірек өнім алуды жоспарлап отыр. Мәселен, осы жылы богарада (тәлімі жерде) әр гектардан 15 тонна сүрлем, ал суарылған жерде 40 тонна сүрлем жинау жоспарланған болатын. Дегенмен қуаңшылық өз түзетулерін жасап, енді богарада (тәлімі жерде) қанша өнім жинап алуға болатынын уақыт көрсетеді.

Биылғы құрғақшылық жасанды суарудың артықшылығын айқын көрсетті. Агрономның пікірінше, Қазақстанда егістікті қарқынды суаруға көшу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған.

«Қазақстанда мемлекет тарапынан мейілінше қолдау көрсетілуде. Жергілікті фермерлер жаңбырлатқыш машиналар мен инфрақұрылым объектілеріне (сорғы станциялары, құбыр желісі, ЭБЖ және тағы басқаға) субсидия ала алады. Оның үстіне суарушы су, мысалы, Украинаға қарағанда бірнеше есе арзан. Осындай басымдықтар барда, оларды пайдаланып қалу абзал. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Су көздерінде проблемалар бар. Мұнда суару каналдары, су қоймалары, су жинауыштары сияқты көп қаражатты талап ететін инфрақұрылым құрылысын мемлекет өз мойнына алуы керек», – деп атап өтті Украина агрономы.

Kustofarming компаниясының Мамай кентіндегі суармалы жер көлемін 700 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғандығы Андрейдің сөздерін растайды. Бұл оларға егіндік жерлерден тұрақты нәтиже алуға және репродукторды жеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Алайда жақсы нәтижеге қол жеткізетін жалғыз амал осы ғана емес. Фермада метеостанциялар, ылғал бергіштері және суаруды қашан бастау және оны қандай нормамен жасау керектігін білуге мүмкіндік беретін бағдарламалық жасақтама қолданылады.

«Суару – бұл құрғақ жылдың өзінде-ақ айтарға тұрарлық нәтиже беретін құрал. Бірақ фермердің ескеретін жалғыз нәрсесі бұл ғана емес екендігін түсіну керек, ең алдымен дұрыс будандарды таңдап, өз өңірінде себудің оңтайлы уақытын анықтап, оның топырағының құрамын білу маңызды. Яғни, онда қанша азот, фосфор, калий және басқа да қоректік заттар бар екенін білу қажет», – деп агроном ойын ортаға салды.

Андрей сүрлемде қандай гибрид жоғары өнім беретінін анықтау үшін, биыл Мамай ауылының егістіктерінде ФАО-сы әр түрлі 260 және 350 екі будан егілгенін сөз етті. Бұған қоса, Ақмола облысындағы Мәлік Ғабдуллин (бұрынғы Пухальское) ауылында эксперименттік егістік құрылып, онда түрлі өндірушілер жүгерісінің 15 буданы егілді, сондай-ақ олардың себу мерзімдері, тұру тығыздығы мен минералдық қоректендіру жүйесі бойынша эксперимент жасалды.

«Біз түрлі будандар гибридтер туралы қажетті ақпаратты жинамақпыз. Егер демотелімнің өзекті ахуалы туралы айтатын болсақ, онда KAZSEEDS будандары жақсы нәтиже көрсетіп, танымал, сынақтан өткен әлемдік брендтермен қатар тұр. Әсіресе «Әлия» буданы таңғалдырады, біз астықтан жақсы өнім алатынымызға сенімдіміз. Өзінің өсіп дамуы бойынша ол басқа будандардан озып, өнімді ертерек беруі керек, біз үшін бұл жәйт өте маңызды, өйткені Ақмола облысында аязсыз кезең өте қысқа. Жауын-шашынның осындай мөлшерінде жағдай әлдеқайда нашар болады деп ойлап едім», – деді Андрей Хоменко эксперимент алқабы туралы.

Компания будандарды гибридтерді «Әлияға» ауыстыруды жоспарлап отыр ма деген сұраққа KAZSEEDS кәсіпорнының басшысы Серік Рамазанов бұл мәселе егін жиналғаннан кейін, келесі жылға арналған технологиялық картаны әзірлеу кезінде шешіледі деп жауап берді. Бірақ кез-келген жағдайда, бұл тек «Әлия» ғана емес, егістік құрылымында басқа гибридтер қолданылатын болады, өйткені будандарды әрқашан әртараптандырып отыру керек деп қорытты.

World of NAN редакциясы эксперимент алқабындағы нәтижелерді бақылап, ақпаратпен бөлісіп отыруға уәде береді.

Обсуждение

0 моментарии