Мәзір
26 желтоқсан 2020
4 мин
4663
Жариялаған: Айнұр Құлашева

Сарапшылар цифрландыру қазақстандық фермерлерге қандай мүмкіндіктер беретінін талқылады

Сарапшылар цифрландыру қазақстандық фермерлерге қандай мүмкіндіктер беретінін талқылады

Жақында Қазақстандағы Неміс Аграрлық Орталығы мен Қазақстандағы заманауи ауыл шаруашылығы әдістері мен технологияларын тұрақты дамыту қауымдастығы (AMTK) ұйымдастырған тақырыптық вебинарда салалық сарапшылар өсімдік шаруашылығындағы цифрландыру технологиялары мен трендтерін, сондай-ақ оларды Қазақстанда қолдану ерекшеліктерін талқылады, деп хабарлайды World of NAN.

100-ден астам адам қатысқан Zoom-конференция форматында өткен іс-шара аясында John Deere, BHK Agro AG, Navistar Asia және Claas компанияларының өкілдері цифрландыру саласындағы өз жобаларымен таныстырды.

Вебинардың басты спикерлерінің бірі Dlg E.V Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директоры Ольга Хунгер болды.

Ольга Хунгер ТМД аумағында цифрландыруды енгізуге алғашқы әрекеттер 1960 жылдардың аяғынан бастап жасалғанын айтты. Атап айтқанда, КСРО-да ақпаратты есепке алу мен өңдеудің жалпы мемлекеттік автоматтандырылған жүйесі (Ogas) әзірленді, ол өндіріс, тасымалдау, қойма және тұтыну көлемдері туралы деректерді жедел жинауға мүмкіндіктер берді. Бұл ресурстарды пайдаланудың жоғары тиімділігіне қол жеткізе отырып, автоматты түрде қайта жоспарлау үшін қажет болды деп атап өтті баяндамашы.

О.Хунгердің сөзінше, аталмыш жоба КСРО экономикасын нығайтуға бағытталған болатын, алайда ол орта бюрократиялық буынның қатаң бақылауда және компьютерлердің көмегімен жиналған және өңделетін объективті ақпарат негізінде жұмыс істегісі келмеуіне, сондай-ақ қоғамның тұтастай дайын болмауына және сол кездегі техникалық құралдардың толық жетілмегендігіне байланысты жүзеге асырылмады.

«Менің ойымша, процестердің ашықтығы мен сырттан қадағалануы көпшілікке жақпады, сол себепті ойластырылған технологияны дамытуға жол берілмеді. Себебі аталмыш екі параметр тиімділікті арттыруды ғана емес, бақылауды да білдіреді, ал бақылау бәріне бірдей ұнай бермейді.

Дегенмен, цифрландыру біздің экономикамызда өз орнын тапты. Бүгінде ол үздіксіз даму үстінде, соның ішінде ауыл шаруашылығына да кеңінен енгізілуде. Әрине, біз әзір үлкен жолдың басында тұрғандаймыз, ал әрбір жаңа бағыт тек мүмкіндіктер ғана әкелмейді, сонымен қатар тәуекелді де қажет етеді. Мұның сыртында барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері бірдей мемлекеттік органдардың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын бақылағанын қаламайды, тіпті кәсіпорындардың ішіндегі барлық қызметкерлер де жұмыстың орындалуын сырттан біреу қадағалағанын қолдамауы мүмкін», – деді Ольга Хунгер.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жаңа технологияларды енгізу өндірістік процестер мен қосылған құнды құру тізбегіндегі айтарлықтай өзгерістерге ғана емес, сондай-ақ адамдардың өміріне және олардың бір-бірімен өзара әрекеттесуіне де әсер етеді.

«Ауылшаруашылық кәсіпорындарында электронды компоненттерді қарқынды пайдалану өндірістің әртүрлі сатыларында көптеген қажетті мәліметтер жинауға септігін тигізеді. Деректерді талдау және пайдалану мол мүмкіндіктер береді, мысалы, өндірісте ресурстарды үнемдеуге қол жеткізуге, құжаттаманы жеңілдетуге және оңтайлы шешім қабылдауға жақсы әсер етпек. Цифрландырудың маңызды тұсы Ауыл шаруашылығын бүкіл құн тізбегінің басқа қатысушыларымен байланыстыруда десе болады. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жұмыс барысында техникалармен және өндіріс құралдарымен қамтамасыз ету бөлігінде де, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және өткізу саласында да әртүрлі серіктестермен байланыста болады . Сондықтан екі тараптың да ақпарат алмасу мүмкіндігі сәтті серіктестікке жол ашады және кәсіпорынның қарқынды жұмыс істеуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде нарыққа қатысушылар арасындағы тауарлар мен материалдар ағынын оңтайландыруға мүмкіндік береді», – деді Ольга Хунгер.

Ол атап өткендей, цифрлық құралдардың артықшылығы – оларды ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де пайдалана алу  мүмкіндігінде. Мысалы, смартфондарға арналған қосымшалар мол инвестициялық шығындарды қажет етпейді, дегенмен бүгінде оларды қолдану аясы өте кең, мысалы сандық технологиялар арқасында өсімдіктерді қорғау, навигация, тыңайтқыш, кәсіпорынды басқару сияқты мәселелерді оңай шешуге болады.

«Ауыл шаруашылығын цифрландыру бүгінде өндірістік процестерде пайдаланылатын қолданыстағы цифрлық компоненттерге негізделген. Оларға нақты егіншілік, соның ішінде дәл егіншілік және нақты мал шаруашылығы, «Ақылды ауыл шаруашылығы» жатады. Бұларды цифрлық ауыл шаруашылығының маңызды компоненттері ретінде қарастырған жөн», – деп атап өтті Ольга Хунгер.

Атап айтқанда, негізі өрістерді картаға түсіру болып табылатын «дәлме-дәл егіншілік» термині 15-20 см дейінгі дәлдікпен карта бойынша тиісті мөлшерлеумен тыңайтқыштарды дәл енгізу және ӨҚҚ технологияларын пайдалануға негізделген сараланған егіншілікті пайдалануды білдіреді.

«Оларға егін жинау машиналарының күрделі функцияларын жұмыс жағдайларының өзгеруіне байланысты автоматты түрде бейімдеу, сондай -ақ тасымалдау мен логистиканы оңтайландыру да жатады», – дейді Ольга Хунгер.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгінде әрбір технология өндірушісі өзінің жеке деректер жүйесін ұсынады. Сондықтан, әртүрлі ауылшаруашылық өндірушілерінің машиналарын пайдалану кезінде кәсіпорындар осы деректер жүйелерін бір-бірімен байланыстыру проблемасына тап болып, нәтижесінде жеке жасалған бағдарламалық жасақтаманы қолдана отырып, деректерді біріктіруге мәжбүр болады.

Цифрландырудың тағы бір перспективалы бағыты ретінде Ольга Хунгер автономды басқару жүйелерін атап өтті.

Мәселен, Agco компаниясы agritechnica 2019 көрмесінде алғашқы өздігінен жүретін ауылшаруашылық машинасын көпшілік назарына ұсынған, онда рульдің барлық функциялары толығымен джойстиктің көмегімен басқару жүйесіне ауысытырлған екен.

«Джойстик механизатор креслосының сол жағына қосылған. Оған руль дөңгелегінен бастап, бұрылыстарды көрсететін құрылғыға дейінгі рульдің функциялары біріктірілген», – деп атап өтті О.Хунгер.

Оның айтуынша, бүгінде мұндай технологияларды John Deere компаниясы белсенді дамытуда.

Ольга Хунгердің сөзінше, бүгінгі таңда цифрландырудың қызықты бағыттарының біріне – сенсорлар мен арнайы құрылғылардың көмегімен нақты уақыт режимінде топырақты талдау, жасыл өсімдіктерді топырақтан ажыратуға және гербицидтерді барынша дәлдікпен енгізуге мүмкіндік беретін SZR шығынын азайтуға арналған сенсорлық саптамалардың ақылды жүйесі, сондай-ақ бейнекамералар немесе дрондар көмегімен дақылдардағы арамшөптерді анықтау жатады.

Бұдан басқа, бүгінде ауыл шаруашылығын цифрландыруда Заттар интернеті (машинааралық өзара іс-қимыл/телеметрия), бұлтты технологиялар, үлкен деректерді талдау (Big Data), жасанды интеллект (AI), сондай-ақ мобильді және стационарлық қондырғылары бар робототехника сияқты озық технологиялардың алар үлесі зор.

Жалпы, Ольга Хунгердің айтуынша, ауыл шаруашылығын цифрландыру бүгінде фермерлерге өндіріс шығындарын азайтуға, табыстарын  арттыруға, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтауға және ұтымды пайдалануға көмектеседі.

Вебинар аясында саланың басқа да сарапшылары өз баяндамаларын ұсынды. John Deere Agricultural Holdings компаниясының клиенттерді қолдау жөніндегі аумақтық менеджері Владлен Валуев өсімдік шаруашылығындағы жұмыстарды орындау үшін интеграцияланған цифрлық шешімдер туралы, BHK Agro компаниясының даму жөніндегі менеджері Руслан Черкушев – тракторлардың жаңа буыны, Navistar Asia компаниясының цифрландыру бөлімінің басшысы Абай Құрманғожин – өсімдік шаруашылығындағы карталарды жасау және оларды пайдалану жайлы, CLAAS компаниясының Ресей мен Шығыс Еуропа елдеріндегі өнімдер жөніндегі менеджері Леонид Яковлев – ауыл шаруашылығы машиналарын желіге біріктіру туралы айтып берді.

Обсуждение

0 моментарии