Мәзір
06 қыркүйек 2019
6 мин
13417
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Қолдан жасалған қасірет

Қолдан жасалған қасірет

Жылдар өткен сайын өткен өміріміз артта қалып, тарих парақтарына қаттала береді. Кейбір оқиғалар халықтың есінде қалып, аузынан түспей айтылып отырса, кейбірін еске алу да, тіпті айтуға да ауыз бармайды. Көңілің құлазиды, жүрегің сыздайды. Тағдырдың талай тәлкегіне түсіп, қанды оқиғаны, қиындық пен қасіретті өткерген бірден бір халық болса – ол қазақ.

1932 жыл. Бұл қазақтың ұрпағы сағат сайын азайып, шетінен қырылып, аштықтан зардап шеккен кез. Қазақ тірідей көр азабын тартқан кез. Кеңес Үкіметінің сұрқия саясатының кесірінен келген қасіретті жылдар. Бүгінгі ұрпақ ашаршылыққа – «геноцид» деген атау берді. Оның себебі 1932-1933 жылдар аралығында екі жарым миллион қазақтан айрылдық. Әрбір екінші қазақ аштықтан өліп, әрбір төртінші қазақ шет елге қашқан.

ХХ ғасырдың 30-жылдары әкімшіл-әміршіл жүйе қазақ халқының шаруашылық жүргізудегі ежелден қалыптасқан өзіндік ерекшеліктерін ескермей, көшпенді халқымызды еріксіз отырықшылдыққа мәжбүрледі. Бұл Голощекиннің «Кіші қазан» идеясын жүезе асырудан басталды. Алдарындағы малдарын тартып алды. Негізгі күнкөрісі мал болған халқымыз аштыққа ұрынды, шамасы барлар жан сауғалап шекара асып кетті. Сөйтіп тұтастай бір ұлтқа қасақана зұлмат жасалды.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқының бір ғасырда үш бірдей ашаршылықты бастан кешкенін байқаймыз. Оларды 1919-1922 жылдардағы аштық (1,5 млн адамды алып кеткен), 1931-1933 жылдардағы аштық (2,5 млн адам) және 1946 жылдары болған аштық деп қарастыруға болады. Осылайша, қазақтар іс жүзінде 15-20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған.

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының басшылығы 1920 жылдардың екінші жартысында бүкіл ел бойынша индустрияландыру жүргізіп, өнеркәсіптік державаға айналуды мақсат етті. Кеңес мемлекетінің экономикалық жағдайы мәз болмағанмен, шетелден қарыз алу мүмкін болмады: алдыңғы қатарлы державалар – АҚШ, Ұлыбритания, Франция мемлекеттері КСРО-ны экономикалық және саяси блокадада ұстаған еді. Себебі, 1917 жылы Ресей империясының орнына келген жаңа Кеңес мемлекеті өзінің саяси-қоғамдық құрылысы бойынша мүлде басқа мемлекет болатын. Сондықтан шетелдер КСРО-мен байланыс орнатуға шектеулер қойып, Кеңес мемлекетін мойындамады. АҚШ 1917 жылы үзілген Ресеймен ресми дипломатиялық қарым-қатынасын тек 1933 жылдың орта кезінде ғана орнатты. Басқа елдерге де Кеңес мемлекетімен сауда-саттық жасауға тыйым салды. Тек қана астық сатып алынсын деген нұсқау берілді. Бұны Ұлыбритания, Франция, Италия, тіпті Болгарияға дейін қолдады.

Индустрияландыру барысында Кеңес елінің әр жерінде ірі құрылыстар, теміржолдар салу басталды. Алғашқы сталиндік бесжылдықтар бойынша Қиыр Шығыста Амурдегі Комсомольск қаласы, Норильскіде никель комбинаты, Архангельскіде зауыттар салынып жатты.

Әрине, олардың барлығын азық-түлікпен, басқа да керек-жарақпен қамтамасыз ету керек болатын. Бұл үшін алдымен бүкіл елде шаруа қожалықтарын біріктіріп, колхоздар құру қолға алынды. Осылайша, ұжымдастыру жөніндегі шешім 1927 жылы қабылданды.

Қазақстандағы 1929-30 жылдары ұжымдастыру науқаны көшпелі, жартылай көшпелі халықты отырықшылыққа көшіреміз деген сылтаумен өте қатал жүргізілді. Аздаған малы бар орта шаруалардың өзін қудалап, мал-мүлкін тартып алды.

Кеңес мемлекетінің саясатына сәйкес қазақтардың кең байтақ жеріндегі әрбір елді мекенге мектеп, емхана салмау үшін, бәрін жинап орыс поселкесі үлгісіндегі орталықтарға жинап қоныстандыру керек деген мақсатпен «отырықшыландыру» жұмысы басталып кетті.

1930 жылдан бастап халыққа қысым күшейе түсіп, елдің ішін ашаршылық жайлады. Қолындағы малы мен бидайынан айрылған халық жаппай көтеріліске шыға бастады. 1929-1931 жылдардағы 80 мың адамды қамтыған 372 шаруалар көтерiлiсi аяусыз басып-жаншылды.

Көрнектi қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожановтың И.В.Сталин мен Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.И.Голощекинге жолданған хаттарында (Т.Рысқұловтың «Сталинге хаты»), Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышевтің жазған «Бесеудiң хатында» қазақтың қынадай қырылуы мен жаппай көшуiнiң себептерi, ұлттық демографиялық шығын, оны дәлелдейтін сандық мәлiметтер нақты көрсетiлдi. Бiрақ, кеңестiк билiктiң жауабы қатқыл шықты. Қазақ зиялылары «халық жауы» деген желеумен жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбанына айналды. «Халық жауларының» жақындары деп танылған 103 мың адам қудаланып, 25 мың адам ату жазасына кесілді.

Кеңестік жүйенің осы бір ең ауыр қылмысы ұзақ жылдар бойы аса құпия болды, айтылмады, жазылмады. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ашаршылықтың зардаптары жан-жақты зерттеліп, бұл нәубеттің қасіретін бүгінгі өскелең ұрпақтың терең білуіне мүмкіншілік жасалды.

Мұндай ауыр қасіретті бірде-бір халық басынан өткермеген екен. Қазір демограф мамандар қолдан жасалған осы ашаршылық болмаса, осы күндері біздің халқымыз 45 миллионға жетуі мүмкін екенін айтып жүр.

Обсуждение

0 моментарии