Әлемдік азық-түлік бағасы соңғы алты жылдағы ең жоғарғы деңгейге жақындады, деп хабарлайды World of NAN БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына сілтеме жасап.
ФАО-ның мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдың қарашасында тіркелген өсім 2012 жылдың шілдесінен бергі жоғарғы көрсеткіш болған көрінеді, нәтижесінде бұл индекс 2014 жылдың желтоқсанынан бастап ең жоғарғы деңгейге жеткен.
ФАО-ның азық-түлік бағаларының индексі ең көп сатылатын азық-түлік тауарларының халықаралық бағаларының өзгеруін бақылау үшін қолданылады. Қараша айында тіркелген өсім осы индекске кіретін барлық тауар топтарына әсер етті, дейді ФАО мамандары.
Қараша айында ФАО-ның азық-түлік бағалары индексінің орташа мәні 105,0 баллды құраған, бұл оның қазан айындағы мәнінен 3,9% -ға және өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 6,5% -ға жоғары болған.
«Өсімдік майының индексі осы айда 14,5% өсті, бұған әлемдік қорлардағы май мөлшерінің күрт төмендеуі және пальма майы бағасының өсуі себеп болды. Дәнді-дақылдардың индексі қазан айынан бастап 2,5% көтеріліп, 2019 жылдың қарашасынан бері 19,9%-дан асып түсті. Бидайдың экспорттық бағасы Аргентинадағы егін мөлшерінің төмендеуіне байланысты өсті, ал жүгері бағасының өсуінене АҚШ пен Украинаның оны өндіруді азайтуы әсер етті», – делінген хабарламада.
ФАО-ның қант бағасы индексі де 3,3% -ға өскен, себебі ауа-райының қолайсыздығына байланысты Еуропалық Одақта, Ресей Федерациясында және Таиландта өнім көлемі күрт төмендеп, көпшілік осыған байланысты әлемдік дефицит тууы мүмкін деп болжап, бағаның өсуіне жол берілген екен.
ФАО-ның сүт бағасының индексі де 0,9% көтеріліп, 18 айдағы ең жоғары деңгейге жақындаған көрінеді. Бұған сары май мен ірімшік бағасының көтерілуі және аймақтағы сүт өндірісінің маусымдық төмендеуі кезінде Еуропадағы бөлшек сауданың қарқын алуы ықпал етті, дейді мамандар.
Күріштің халықаралық бағасы ғана бір ай бойы тұрақты болған екен. ФАО ет бағасы индексінің орташа мәні қазан айынан бастап 0,9% -ға өсті, бірақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,7% -ға төмендеген. Сиыр еті, қой мен шошқа еті қымбаттап, ал құс еті арзандаған.
Сарапшылардың пікірінше, 2021 жылдың маусым айының аяғында әлемдегі жарма қоры 866,4 млн тоннаға дейін төмендейді, яғни дүниежүзілік қордағы азық-түлік көлемі мен оларды тұтынудың айырмасы соңғы бес жылдағы ең төменгі деңгейге жетіп, 30,7% құрайды екен.
Мамандардың сөзінше, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің тиісті деңгейде болмауы COVID-19 пандемиясы әсерінен әлемде табыс көзінің күрт төмендеуімен тығыз байланысты екен. ФАО мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда 45 мемлекет, соның ішінде 34 африкалық ел әлі де сырттан әкелінетін азық-түлік көмегіне мұқтаж көрінеді.
Обсуждение