Қазақстан экономикасы шикізат ресурстарына әлі де болса тәуелді болып қалуда. Мемлекет басшысының әрбір Жолдауында «мұнай инесінен» түсуге мүмкіндік беретін салаларды дамыту туралы айтылған. Дегенмен Қазақстанның даму мүмкіншілігі неде? Бұл сұраққа World of NAN редакциясының тілшісі жауап беруге тырысты.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ТАБЫСТЫ ІС
Соңғы 8 жылда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісі еліміздің жалпы ішкі өнімінің 4,7%-дық ең жоғары көрсеткішінен аспай, тұрақты позициясын сақтап келеді.
Егер мысал ретінде ауыл шаруашылығы мен азық-түлік экспорты неғұрлым дамыған Америка Құрама Штаттарын алатын болсақ, онда ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі бар болғаны 0,9%-ды ғана құрайды. Алайда асығыс қорытынды жасамайық.
Ресми деректер бойынша АҚШ-тың ЖІӨ көрсеткіші 2020 жылы 20 триллион 800 млрд долларды құрады. Егер осы сомадан ауыл шаруашылығының үлесін бөліп алса, шамамен 187 миллиард доллар болады. Ал Қазақстанда өткен жылы барлық ЖІӨ небәрі 163 млрд долларды құрады. Сонымен АҚШ-тағы ауыл шаруашылығы Қазақстанның барлық өндірісімен салыстырғанда көп ақша әкелді.
Ауыл шаруашылығы экономикасының дамуы жалпы алғанда бұл ел экономикасына оң әсер ететіндігінің дәлелі емес пе?
Мәжіліс депутаты және Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі Сергей Звольский осындай тұжырыммен толық келіседі: «Ауыл шаруашылығы біздің экономикамыздың тірегі болуы тиіс. Бүгінгі күні Президент те, Үкімет те алдымызға осындай міндеттер қойып отыр».
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Қазақстанданың ауыл шаруашылығын жоғары дамыған деп айтуға болмайды. Мәселен, Мәжіліс депутатының бағалауы бойынша, Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетінің 20%-ын ғана жүзеге асыруда.
«Біз 20-22 млн тонна астық өндіреміз. Қытайлықтар біз сіздердің жерлеріңізде 220 млн тонна астық өндіре алар едік дейді. Біздің әлеуетіміздің қаншалықты жоғары екенін байқаған шығарсыздар? Олар мұны жай ғана айтып отырған жоқ қой, олар біздің кәсіпшілігімізді көріп отыр», – деп сөзін айқындай түсті Сергей Звольский.
Расында, біздің еліміздің ауыл шаруашылығын дамытудағы әлеуеті зор. Ресми деректер бойынша Қазақстанда суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы 1,5 млн га құрайды. Сондай-ақ ағымдағы 2021 жылы экология министрлігінің жоспарында оны 600 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жайылымдық жерлер бойынша біз әлемде 5-орынды иеленеміз, бұл да бізге белгілі бір басымдылық береді. Оған қоса, Қазақстанның айналасында ауыл шаруашылығы тауарларын өткізетін орасан зор нарық көп.
БӘРІ ДЕ ФЕРМЕРЛЕРДІҢ ҚОЛЫНДА
Marketingcenter.kz деректері бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметімен (орман және балық шаруашылықтарын есепке алмағанда) айналысатын 17 669 ұйым тіркелген. Олардың саны жыл сайын артып келеді.
Бизнесмендер, соның ішінде ауыл шаруашылығы да кез келген прогрестің қозғаушы күші болып табылатыны жасырын емес. Ел билігі осы саланың кәсіпкерлерін қолдау үшін барлық жағдай жасауда. Көптеген бағдарламалар мен стратегиялар бар. Мәселен, АӨК-ті дамыту аясында мемлекет ағымдағы 2021 жылы 779,5 млрд теңге бөлмек.
«Жеке өзім шынымен жұмыс істейтін және дұрыс бағыттағы фермерлер үшін жылыжайлық жағдайлар жасалған деп санаймын. Яғни, фермер өз ісін дамыта алатындай барлық жағдай жасалуда. Әрине, кез-келген мемлекеттің даму басымдықтары бар екенін түсіну керек. Яғни, егер олар отандық нарықтың қандай өнімге тапшы екенін байқаса, олар сол саланы дамытуға тырысады», – деп ескертті мәжілісмен.
Бүгінгі таңда кез-келген мемлекет азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Сондықтан басым бағыттарды дамыту өте қисынды әрі түсінікті. Егер кәсіпкер мемлекет басымдық беретін бағытпен айналысатын болса, әрине, оның басқаларға қарағанда дамып, өріс алуы жеңіл болмақ.
Депутаттың пікірінше, егер сіз ауыл шаруашылығында өз ісіңізді бастайтын болсаңыз, онда мемлекеттің көмегіне үміт артпай, өзіңіз еңбек етуіңіз керек.
«Көбінесе адамдар ауыл шаруашылығымен айналысу оңай және бәрі де ойдағыдай болады деп жаңсақ ойлайды. Бірақ бұл бизнеске шынымен кіру үшін, адам өз идеясын жүзеге асыруға мүдделі болуы керек, тек сонда ғана ол дамып жетіледі, ал олай болмаған жағдайда, ешқандай табысқа жете алмайды. Ауыл шаруашылығында көл-көсір ақшаны ешкім ешқашан алған емес. Әрбір кәсіпорынның кем дегенде 10-15 жылға арналған даму стратегиясы болуы керек», - деді Сергей Звольский.
Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту үшін бәрі бар. Мемлекет бұған бар жағынан ықпал етуде, дегенмен көп жағдайда бәрі агробизнесмендерге байланысты болып отыр. Еліміздің ауыл шаруашылығы экономикасының болашағы толығымен фермерлердің қолында.
Обсуждение