1917-37 жылдардағы Қазақстан ахуалы
Бүгін барша әлем мойындап, үлкен беделге ие болып отырған тәуелсіз Қазақстанның тарихы күрделі кезеңдерден тұратыны белгілі. Қазақ халқы аса ауыр саяси, әлеуметтік-экономикалық процестерді басынан кешірді. Ең ауыр кезеңнің бірі – ХХ ғасырдың алғашқы жартысы болғаны күмәнсіз. Ресей империясының отарлық саясатының кесірінен қазақ халқының құнарлы да шұрайлы жерлерінен айырылуы, көшпелі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы, 1917 жылғы орыс революциялары, азамат соғысы, ашаршылық халыққа ауыр тиді. Екінші жағынан, социалистік қайта құрулар нәтижесінде қазақ халқы өз тарихында тұңғыш ұлттық республикасына ие болып, отырықшы өмір салтына өтті.
Қазақстан аумағының тең жартысы, яғни бүгінгі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Маңғыстау облысының бір бөлігі 1917-1924 жылдары әкімшілік жағынан Түркістан Республикасының құрамында болды. Революция мен азамат соғысы жылдарында Түркістанның басқа да мұсылман халықтары сынды қазақтар да үлкен әлеуметтік-экономикалық апатқа ұшырап, сұрапыл ашаршылықты басынан өткізді.
Азамат соғысы – адамзат соғысы
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды. Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды. Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 жылдары бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты көрсетті. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920–1921 жылдар аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді. Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы, мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Қазақ даласын «оттай лаулаған» ашаршылық бірнеше тақырыпқа арқау болатын мәселе. Ашарлышылық әлі де болса қазақ санасынан кете қойған жоқ. Себебі аштықты көргендердің көзі тірі, әлі де ортамызда. Ашаршылық жаңғырығы қазақ даласында әлі де талай тұратыны белгілі.
Обсуждение