Мәзір
23 желтоқсан 2019
3 мин
243182
Жариялаған: Димаш Дүйсен

1867-68 жылдары жүргізілген әкімшілік реформалар және қазақ шаруаларының тағдыры

1867-68 жылдары жүргізілген әкімшілік реформалар және қазақ шаруаларының тағдыры

Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының маңызды бөлігінің бірі. Себебі, ол әкімшілік құрылыс, жер қатынастары, сот құрылысы, халыққа білім беру, дін мәселесі сияқты қазақ қоғамының шешуші салаларының бәрін қамтыған күрделі реформа болған еді.

Қазақстанға әкімшілік басқару жүйесін енгізуді көздеген Патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болған еді. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Реформаның ең басты және негізгі міндеті – "қазақ даласын Ресейдің басқа бөліктерімен бірте-бірте қосып жіберу" еді. Сөйтіп, жергілікті бай-мапатарды биліктен ысырып тастап, ру басшыларын әлсіретіп, ойға алған іс-шараларды оңтайлы жолмен оңай әрі тез жүзеге асырып отыру еді. Жалпы алғанда, реформалар Патшалық үкіметтің қазақ даласының жергілікті тұрғындарын және аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін жасалған еді.

1867-1868 жж. реформа арқылы патша өкіметі қазақ даласын толық отарлауға тырысып бақты. Сондықтан да Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар әкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз жататын әр түрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді.

Мысалы, Торғай мен Орал облыстары – Орынбор; Ақмола және Семей облыстары – Батыс Сібір; Жетісу мен Сырдария – Түркістан генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ әскери округының билігіне өтті.

Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі облыстық басқармалар, уездік басқармалар және жергілікті басқармалар болып үш бөлікке бөлінді. Облыстық әкімшіліктің басқарма басшылығында әскери және азаматтық билік ететін әскери-губернатор тұрды. 1868 ж. Ереженің 22-23-бабында дала облыстарының әскери-губернаторлары облыстардағы әскери қолбасшыларға теңестірілетіні көрсетілген және де олар өз облыстарының аумағындағы орналасқан казак әскерлерінің тағайындалған атамандары болып есептелді.

Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың басшылығына орыс чиновниктерінің ішінен облыстық әскери-губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды. Жаңа әкімшілік жүйе бойынша уездегі барлық билік жүйесі толығымен уезд бастығының қолына шоғырландырылды. Ереженің 42-65 баптары бойынша, уезд бастықтарына жергілікті басқару орындарына жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау, уезде тыныштық пен тәртіпті сақтау, алым-салықтың жиналуын бақылау және халықтың денсаулығын сақтау міндеттері жүктелді. Уезде орналасқан әскери бөлімшелер, мекемелер мен бекіністер уезд бастықтарына бағынышты болды.

1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Әрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Е.Г.Федоров "Қазақстан – патша үкіметінің отары" атты еңбегінде: "Патшалық қазақ тұрғындарының орталықтарын әдейі бөлшектеді, барлық басқару жүйесін бөлшектеу арқылы қазақ халқының мәдени дамуын тежеп, халықты қараңғылықта ұстауды көздеді",- деп жазылған.

Уездер территориялық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 100-ден 200-ге киіз үй кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға бөлінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды. Ру басында ақсақал тұрғанда, оның сөзі мен ісі билік күшке ие жағдайында патша үкіметінің дала тыныштығы үшін қорқуы заңды нәрсе болатын.

1867 ж. Ереженің 85-бабына сәйкес болыстардың басында қазақтардан сайланған болыс басқарушылары, ал ауылдардың басында сол сияқты сайланатын старшиналар болды. Ережеде "болыстық және ауылдық старшиналарды халық сайлайды" деп нақты көрсетілген. Бір қарағанда сайлау демократиялық негізде жолға қойылған болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде патша үкіметі сайлауды өз мақсатына орай жүргізіп отырды. Сайланған болыс басқарушыларын – облыстық әскери губернаторы, ал ауылдық старшиналарды уезд бастығы бекітетін еді. Отаршылар әкімшілігі ұсынылған кандидаттар көңілінен шықпаса бекітпей тастап, жаңа сайлау белгілеуі де мүмкін болатын. Болыс басқарушыларын сайлауға – уезд бастықтары, ал ауылдық старшиналарды сайлауға болыс басқарушылары міндетті түрде қатысатын. Болыс басқарушылары тікелей уезд бастығына бағынышты болды және оның барлық бұйрықтарын орындауға міндетті еді, ал ауыл старшиналары болыс басқарушысына тікелей бағынышты бола отырып, болыс басқарушысына жүктелетіндей міндеттерді орындады.

Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени және рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады. Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді. Осыған сай, 1867-68 жж. реформада халық ағарту ісінде жүргізілетін шаралар жан-жақты қарастырылды. Сол құжаттар бойынша уездік қалаларда бастауыш мектептер ашу көзделген: "Дала тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік басқарма орналасқан жердің бәрінде ұлт айырмашылығына қарамастан ортақ мектеп ашу керек". Осыны негізге ала отырып талай мектептер, гимназиялар ашылды.

Елде орын алып жатқан территориялық-әкімшілік үрдістер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өзгерістер әкеліп, отарлық саясаттың жаңа салық жүйесін енгізді. Қазақстанда отырықшылық пен жер шаруашылығының көлемінің ұлғайғандығына қарамастан салық төлеушілердің басым бөлігін көшпенділер құрады. Мәселен, 1880 жылы 90,5 % құраса, 1897 жылы 82,0 %-ға жетті.

1891 жылғы Ереже

1891 жылғы «Ереже» бойынша Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының орнына орталығы Омбы болған Далалық (Степной) генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Ақмола, Семей, Орал, Торғай және Жетісу облыстары кірді. Жетісу облысы 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығының қарауына берілді.

1891 жылғы 25 наурызда қабылданған «Ережеге» сай Ақмола облысы, Торғай облыстары төрт уезден құралды. Ақмола, Семей және Жетісу облыстары Дала генерал- губернаторлығы құрамына кірді. Үш облыстың негізгі әкімшілік орталығы (облыстардың жеке орталықтарын есептемегенде) Омбы қаласы болды. Бұл өзгерістер патша үкіметінің отаршылдық басқармасының рөлін мейлінше күшейтті, генерал-губернаторларға шексіз билік берілді. Қазақстандағы облыстық басқару сатылары Ресейдің орталығындағы губерниялық басқармаларға теңестірілді. Өлке шеңберінде генерал-губернаторға шексіз билік берілді. Басқару аппараты – кеңсе, әскери губернаторлар өздеріне бағынышты Облыстық басқармаларымен қоса генерал-губернаторға бағынды, ал Облыстық басқармаларға жалпы жиналыс және кеңсе кірді. 1891 жылғы «Ереже» бойынша ірі облыстық орталықтарда (Верный, Орал, Петропавл, Семей) полиция басқармасы құрылды, ал уездік қалаларда полициялық пристав құрылды. Болыстық басқарушылар мен ауыл старшындарын бекіту әскери губернатордың құзырында болды.

Сонымен қатар Қазақстандағы отырықшы қалалық тұрғындар мен қоныс аударушылар құқығы жағынан Ресейдегі селоның және қаланың тұрғындарымен теңестірілді. Бұл, әрине, қазақ жеріне сырттан көшіп келгендердің мәртебесін арттыра түсті.

Жалпы XІX ғасырдың екінші жартысындағы Патша үкіметі Қазақстанға енгізген әкімшілік реформалары қазақтардың саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы әкімшілік басқару жүйесін орнатты деуге болады.

Обсуждение

0 моментарии