Мәзір
07 маусым 2021
3 мин
4221
Жариялаған:

Органикалық тыңайтқыш өндіретін бизнес ашқан студент

Органикалық тыңайтқыш өндіретін бизнес ашқан студент

Бизнесте қалай жетістікке жетсем деген сұрақ барлық кәсіпкерлерді толғандыратыны анық. Бұл сұраққа жауап табу үшін сіз арнайы әдебиет оқып немесе ынталандыратын деректі фильмдерді көре аласыз. Ал біз болсақ, сізге World of NAN тілшісі дайындаған жас кәсіпкердің табысқа жету жолы жайлы материалын ұсынамыз.

Шерхан Молдабай 24 жастағы жас жігіт. Оның отбасы Солтүстік Қазақстан облысы Тапшыл ауылында ауыл шаруашылығымен айналысады. Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Шерхан өзінің органикалық тыңайтқыш – биогумус өндіретін кәсіпорнын ашқан екен.

«Мұндай істі бастау идеясы маған студенттік кезімде келді, ол кезде мен 19 жаста едім», – дейді Шерхан өз әңгімесінде. – «Әлеуметтік желілерде бизнеске арналған түрлі идеялар туралы оқып жүріп органикалық тыңайтқыштар өндіру тақырыбына тап болдым. Содан ойлана бастадым. Біздің отбасылық шағын қожалығымызда шикізат та, техника да бар болатын және мұндай цехтың ашылуы өнімділікке жақсы әсер етуі тиіс еді. Оның үстіне мал шаруашылығынан басқа, біз өсімдік шаруашылығымен де айналыстық. Алайда өнім алу үшін көп көлемде тыңайтқыштар мен химияны қолдану қажет болуына байланысты ұзақ жылдар бойы жақсы егін өсіре алмадық. Сондықтан мен биогумус өндіру арқылы отбасылық шаруашылығымыздың өнімділігін арттыруды өзімнің миссиям деп қабылдадым десем де болады».

Мақаланың басында атап өткеніміздей, кәсіпкерлік саласы Шерханды университет қабырғасынан қызықтырған екен. Соның әсері болар, ол студент кезінің өзінде өз қалауымен «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша оқыту курстарынан өткен болып шықты. Ал 3 курста іскер студент университет ұйымдастырған республикалық бизнес-конкурста өзінің алғашқы қаржылық грантын жеңіп алған.

«Жеңістен кейін бізді Алматы облысындағы бизнес мектебіне оқуға жіберді. Ол жерде мен комиссия алдында органикалық тыңайтқыштар жөніндегі идеяның өзекті екенін дәлелдеп, екінші орын мен 700 мың теңгелік грантты жеңіп алдым. Бұл қаражат маған алғашқы калифорниялық құрттар мен жылыту жабдықтарын сатып алуға жеткілікті болды», – дейді Шерхан.

Жаңа бизнесті бастау әрқашан қиын. Шерханды да қиындықтар айналып өтпеген. Бірде келісім шарттағы 100 мың құрттың орнына 10 мың құрт қана салып жіберген алаяқтарға ұрынып қалған. Алғашқы кезде құрттарды өсіру, күту және жалпы вермикомпост жасау тәжірибесінің болмауы да жас кәсіпкерге оңайға тимесе керек.

«Бұл істе көптеген техникалық нюанстар бар – азық беру, кептіру, құрттарды шығару деген сияқты. Бұны маған ешкім үйреткен жоқ, ешкім құрт өсіру технологиясы туралы айтпады. Барлық қосымша ақпаратты интернеттен іздедім. Ал одан ары қарай іс жүзінде тәжірибе жинауға тура келді. Барлығы біртіндеп жасалды. Бір жылдан астам уақытымды қыстайтын, құрттарды өсіретін орын салуға, құрал-жабдықтарға арналған қондырғылар орнатуға жұмсадым», – деп еске алады Шерхан.

Кез-келген жаңа кәсіп қаржылық қорды талап ететіні белгілі. Мұны жақсы түсінген Шерхан алғашында қолдағы бар қаражатын жұмсайды. Алайда, істі одан әрі жүргізу үшін ақша үнемі жеткіліксіз болады.

Дәл осы бизнестің қызығынан гөрі шыжығын көріп жүрген кезде Шерхан өзі тұратын ауданда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы конкурс өткізіп жатқанын және үздік бизнес-идея үшін 3 млн теңге көлемінде грант берілетінін естиді.

«Байқауға мен тиянақты дайындалдым, жобамды жетілдірдім және тек жеңіске жетуді мақсат еттім. Тыңайтқыштарымды пайдалана отырып шалғам, қызанақ және қияр өсірдім. Осының арқасында мен тыңайтқыштарды қолданудың тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алдым. Мұның үстіне вермикомпост химиядан таза және кез-келген фермерлерге пайдалануға жарамды. Сондықтан комиссия маған жүлдені берген кезде таңдаудың дұрыстығына еш күмәнданбады», – деп жалғастырды әңгімесін Шерхан.

Расымен де биогумустың артықшылықтарын сала мамандары бірауыздан қолдайды. Біріншіден, шаруашылықтардағы көңді шығару мәселесі шешіледі, екіншіден, одан таза, органикалық тыңайтқыштар алынады. Сондай-ақ, олар өнімділікті арттырып қана қоймай, сонымен қатар жеміс-жидек, көкөністердің дәміне де оң әсер етеді.

Шерханды көптеген ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің тұтынушылардың денсаулығына немқұрайлы қарайтыны қынжылтады.

«Қазір жейтін тамақтың бәрі таза экологиялық тыңайтқыштарда өсірілмеген. Күнделікті тұтынатын нанды пісіруге пайдаланатын бидай, жылыжай қияры немесе қызанақ минералды тыңайтқыштардың, химияның және пестицидтердің көмегімен өсіріледі. Бірақ мұның артында денсаулық мәселесі тұр ғой! Мен органикалық тыңайтқыштар болашақта ауыл шаруашылығын оң жағына өзгертетініне сенемін. Жалпы, кез-келген фермер вермикомпост өндірумен айналыса алады. Бірақ мұның бәрі уақытты, қаржыны және табанды еңбекті талап етеді. Сондықтан әзірге біздің фермерлерге химиялық тыңайтқыштар сатып алып, соларды себе салу немесе бәрін гербицидтермен зақымдау оңайырақ болып тұр», – деп күйзеледі жас болса да мәселенің мәнісін жете түсініп тұрған Шерхан.

Жалпы вермикомпост жасау процесінің күрделілігін, ұзақтығын және жұмсалатын қыруар шығын көлемін барлық өндірушілер мойындайды. Алайда оның тиімділігі шетелде әлдеқайда дәлелденген және бүгінде Қазақстанда да органикалық тыңайтқыштарды қолданатын кәсіпорындар бар. Бірақ олардың саны әлі де саусақпаен санарлық.

«Ия, биогумус жасау оңай емес. Құрттардың субстратты азығы ретінде жылқы немесе сиыр көңі пайдаланылады. Ол кемінде жарты жыл компостталады. Содан кейін бірақ құрттарға түседі. Олар оны қайта өңдеген соң ұсақ түйіршіктер түрінде шыққан тыңайтқыш аламыз. Содан соң құрттар да алынып, тыңайтқыш сепаратор арқылы өңделеді. Бұл кезеңде гумус қоқыс пен қалған құрттарттардан тазартылады. Аталмыш процестер аяқталған соң ғана тыңайтқыш топырақты құнарландыруға жарамды болады», – дейді Шерхан биогумус жасау процесі жайлы әсерлі әңгімелеп отырып.

Бүгінгі таңда Шерханның 30 тоннадан астам дайын өнім қоры бар, құрттардың саны миллионнан асқан. Алғашында тек екі қап өнім ала алған жас кәсіпкер биылғы жазда 80 тонна тыңайтқыш өндіруді жоспарлап отыр.

Біздің кейіпкеріміз кәспкерліктегі алғашқы қадамдары өте қиын болғанын мойындайды және өзінің табысқа жетемін деген нық сенімінің арқасында ғана алған бетінен қайтпағанын жасырмайды.

«Өте қиын болды, бірақ мен идеямнан бас тартқым келмеді, себебі қолға алған ісімнен мол мүмкіндіктер көрдім. Тура екі жыл бойы табыссыз өмір сүрдім десем өтірік емес. Төленуі тиіс шоттар толассыз келіп жатты, адам жалдауға қаражат болмай цехта күн-түн демей бір өзім ғана жұмыс істедім. Қазіргі уақытта жұмыс жолға қойылды, өнім, құрттардың қажетті көлемі, арнайы жабдықтар, бөлек ғимарат, бәрі бар. Жақында ғана Атыраудағы жылыжай кешеніне 1,5 тоннадан астам өнім жібердім. Құрттарды балық аулау кешендері де сатып алады, оларды өсірумен айналысқысы келетіндер де бар».

Шерханның ерік-жігеріне сүйсінбеске болмайды. Жас кәсіпкер керемет мотиватор.

«Жалпы, егер аграрлық салада бизнес бастағың келсе, онда өз ісіңді жақсы көруің керек деп ойлаймын. Мен ауыл шаруашылығын шынайы жақсы көремін. Бизнеске қадам жасағысы келетіндердің барлығына өз тарапымнан кішкентай нәрселерден бастауды, істі орта жолда тастамай, өзіне сеніп, соңына дейін баруға кеңес беремін. Бизнесте оңай және жылдам ақша табу мүмкін емес екенін түсіну керек. Өте көп жұмыс істеуге дайын болған абзал. Еңбектене білсе ғана бизнес дамиды», – деп аяқтады әңгімесін Шерхан Молдабай.

Біздің кейіпкеріміздің табысқа жету жолы таңдаған іске деген сүйіспеншіліктің, адал және қажырлы еңбектің қашан да өтелетінін тағы бір дәлелдей түскендей.

Обсуждение

0 моментарии