Мәзір
10 шілде 2021
3 мин
6948
Жариялаған:

Ауыл шаруашылығын дамыту неліктен маңызды?

Ауыл шаруашылығын дамыту неліктен маңызды?

Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту неліктен маңызды? Бұл сұрақтың жауабы біреуге белгілі болса, ал енді біреу анығын айта алмасы анық. World of NAN редакциясының тілшісі аталмыш сауалға мейілінше толық жауап тауып, саланың маңыздылығы қаншалықты жоғары екенін түсінуге тырысты.

Жауап өте қарапайым

Ауыл шаруашылығы адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етеді, ал оның тапшылығы аштыққа әкеледі. БҰҰ мәліметтері бойынша, 2020 жылға қарай әлем халқының шамамен 9% аштыққа ұшырауы мүмкін. Аштық адамдардың денсаулығына, әсіресе балаларға ауыр тиеді. Оның салдары бүлдіршіндердің дамуы мен өсуін едәуір тежейді. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту әрдайым мемлекеттік деңгейде бақыланады. Алайда егер елімізде аштық айтарлықтай сезілмесе, бұл біздің елде бәрі жақсы дегенді білдірмейді екен. БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мамандары аштықтың сыртында тағы бір проблема – дұрыс тамақтанбау мәселесі де өткір тұрғанын мәлімдейді. Мамандардың мәліметтері бойынша, Орталық Азия елдерінде халық көкөністерді, бұршақты дақылдар мен балықты әлемдік орташа көрсеткіштен едәуір төмен тұтынатын болып шықты.

ФАО-ның Орта Азия елдері бойынша есебіне сәйкес, салауатты тамақтану рационы аталмыш өңірде тек астың энергетикалық қуатын өтейтін рационға қарағанда орташа есеппен бес есе қымбат болып табылады екен. Бұл, ғалымдардың пікірінше, өз кезегінде жалпы қоғамның денсаулығына кері әсер етеді.

«Дұрыс тамақтанудың артықшылығы тек жеке адамдарға ғана емес, жалпы қоғамға да әсер етеді, ал толық тамақтану шығындарын бүкіл қоғам көтереді», – дейді ФАО-ның ауылшаруашылық сауда саясаты жөніндегі өкілі Чен Фан.

Жоғарыда аталған мәселелердің бірқатарын шешу үшін халықтың тамақтануын жақсартуға бағытталған ауыл шаруашылығына көбірек көңіл бөлу керек. Сондықтан бүгінде ауыл шаруашылығын түрлі бағыттарда дамыту маңызды.

Экономика ғылымдарының докторы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков ауыл шаруашылығы өңдеуші өнеркәсіптің көптеген салалары – жеңіл өнеркәсіп, тамақ, химия, фармацевтика және т.б. үшін шикізатты жеткізуші болып табылатынын да қоса айтты. Осыған байланысты аталмыш саланы дамыту тек қоғамның денсаулығы үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де өте маңызды.

Қазақстандағы жағдай

Төлеутай Рахымбековтың айтуынша, қазақстандықтардың азық-түлік қоржыны 50%-ға импорттық өнімнен тұрады. Бүгінде еліміз көкөніс, жеміс және ет өндіруден артта қалып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстан әлі де азық-түлікке тәуелді екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Егер әлдебір себептерге байланысты барлық сауда жолдары жабылса, қазақстандықтар бұрыннан тұтынып келе жатқан өнімдерінің жартысына қол жеткізе алмайтын болады. Бұл азаматтардың денсаулығына, ал кейіннен қоғамдық тәртіпке де әсер етуі мүмкін.

«Коронавирусқа байланысты пандемия бізге ауыл шаруашылығын шұғыл түрде дамыту қажеттілігін көрсетті. Әлемде күн сайын азық-түлікке деген сұраныс артып келеді. Сондықтан Қазақстан экономикасын пайдалы қазбалар экспортынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, қайта өңдеуге және экспорттауға бейімдеу маңызды деп санаймын», – дейді экономика ғылымдарының докторы. Оның бағалауынша, Қазақстан бірнеше жүз миллион адамды қамтамасыз етуге жеткілікті азық-түлік өндіре алады.

«Қазақстанның өз азаматтарының азық-түлік тауарларына қажеттілігін толық көлемде өтеуге барлық мүмкіндігі бар. Әрине, бізде өндірілмейтін цитрус жемістерін, тропикалық көкөністер мен жемістерді, зәйтүн майы және т.б. айтпағанда», – деп түсіндіреді өз ойын сарапшы.

Неліктен біз өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқарсызбыз?

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда әлеуеті зор екені сөзсіз. Бұл – ауылшаруашылық жерлерінің үлкен аумағы (200 миллион гектардан астам), ауылшаруашылық өнімдерінің үлкен нарықтары, ол аз десеңіз іргемізде – Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдері, Иран, Араб әлемі елдері. Алайда, біздің елімізде ауыл шаруашылығының дамуы әлі де қарқын алмай отыр.

Төлеутай Рахымбековтың пікірінше, Қазақстандағы аграрлық саясаттың тұрақсыздығы ауыл шаруашылығы дамуының басты кедергісі болып табылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та айтып, жаңа команданың келуімен мемлекеттік органдардың саланы дамытуға деген көзқарастары түбегейлі өзгеретінін айтты.

«Ауыл шаруашылығымен айналысуға арналған жерлердің жекеменшікке берілмеуінен емес, дәл жоғарыда аталған себепке байланысты қазақстандықтар ғана емес, шетелдік инвесторлар да ауыл шаруашылығына қаржы салуға асықпайды», – деп атап өтті Төлеутай Рахымбеков.

«Ауыл» партиясының мүшесі екінші кедергі ретінде ауыл шаруашылығы құрылымының тиісті деңгейде дамымауын да атап өтеді. Дәлірек айтқанда, қызмет көрсету саласының, өнімді сатып алу, сақтау, бастапқы өңдеу инфрақұрылымының, агроөндіріс үшін қажетті тауарлық-материалдық заттарды жеткізудің, білім алмасу жүйесінің, жаңа сұрыптар, тұқымдар, технологиялар, заңнамадағы жаңалықтар туралы ақпараттың дұрыс жеткізілмеуі.

Саланың дамуын тежейтін үшінші кедергі ретінде маман ауыл шаруашылығы өндірушілерінің басым көпшілігінің мемлекеттік қолдау шараларына қолдары жетпеуін атайды.

«Шаруалардың тек 3-5%-ы ғана субсидия, несие, арзандатылған жанар-жағар май және т.б. алу мүмкіндігіне ие», – дейді сарапшы.

Төлеутай Рахымбековтің сөзінше, Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысу оңай емес. Тіпті біреу ойлағандай табысты да емес. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, елімізде өз өмірін осындай қиын салаға арнаған мықты тұлғалар баршылық. Ендеше салада тағы да жаңа қаһармандар легі пайда болып, өз кезегінде мемлекет те ауыл шаруашылығын дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасайды деп үміттенеміз.

Обсуждение

0 моментарии