Мәзір
29 қазан 2020
5 мин
23612
Жариялаған:

Қазақстанның ауыл шаруашылығы егін алқаптарында қаңырап бос тұрған заманауи комбайн секілді

Қазақстанның ауыл шаруашылығы  егін алқаптарында қаңырап бос тұрған заманауи комбайн секілді

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының іргетасы, әуелбастан оның негізін қалайды және әлемдік нарықтағы дағдарыстың кеселімен күресуге септігін тигізеді.

Мұнай нарығындағы жағдайға тәуелсіз, доллардың бағамы қанша өзгерсе де, жыл соңында ЖІӨ көрсеткішіне қарамастан, біздің ел міндетті түрде бидай егіп ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп, артылғанын экспортқа жібереді.

Импортқа тәуелді болмасақ, дәл осындай механизм ауылшаруашылық өнімінің барлық саласында жұмыс істейді. Бірақ импортсыз біздің экономикамыз құрдымға кетпек.

Қазақстан әзірге жоғары технологияларымен, шет елге шығаратын инновацияларымен, IT саласындағы қызметтерімен сондай-ақ автомобиль немесе компьютер сияқты өнімдерімен мақтана алмайды. Жасыл технологияларға көшу жағынан жаһандық трендті ескерсек, мұнайға да үміттене берудің қажеті жоқ, ол 50 жылдан кейін ел экономикасын дағдарыстан алып шығуы екіталай.

Бұдан шығатын қорытынды: қалыс қалмай, Қазақстан экономикасын дамыту үшін таяудағы онжылдықта ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару қажет. Тек АӨК ғана ел экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізе алады.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыта отырып, біз әлеуметтік саланы дамытамыз. Азық-түлік мәселесімен қатар жұмыспен қамту, заманауи инфрақұрылым мен коммуникация сияқты маңызды мәселелер шешімін таппақ.

Біз агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін қандай қадамдар жасау керектігі жайлы сараптама жасадық. 

Қаражатпен қамтамасыз ету

Мемлекет АӨК-ді қолдау үшін жыл сайын қомақты қаражат бөледі, дегенмен қазақстандық фермерлер үнемі айналым қаражаты жетіспейтіндігін айтады.

Бұл парадокстың басты себебі банктің жұмыс істеу жүйесінде, дәлірек айтсақ, "банк - фермер" немесе "даму бағдарламасының операторы мен фермердің" ара қатынасында. Яғни, бүгінде қаржыға қол жеткізу үшін әрбір шаруа қожалығы лайықты кепілдік ұсына алмайды.

Әдетте шаруа қожалығында техника бар, жер бар, тәжірибе жеткілікті, бірақ сапалы тұқым мен тыңайтқыш сатып алуға, ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізуге қаражат тапшы. Осыған байланысты фермерлер әрдайым үнемдеуге мәжбүр, ал бұл өз кезегінде бір гектардан 9-10 центнер астық алуға әкеледі. Жылдар бойы түсімділік көрсеткіші бір межеден аспайды.

Дамытуға арналған несиелер бойынша да жағдай мәз емес. Бүгінде банктерге экономиканың нақты секторына кредит берудің орнына өзіне тұрақты кірісті қамтамасыз ететін үкіметтік облигацияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алу тиімдірек.

Сондай-ақ, бұл бағытта белгілі бір оң қадамдар бар екендігін де айта кеткен жөн. Мәселен, биылғы жылы көптен бері қол жеткізе алмай жүрген ерікті сақтандыру жүйесі енгізілді. Ең бастысы, болашақта сақтандыру полисі несие алу кезінде кепілдік бола алса жақсы.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылық секторын қаржыландыру мәселесін қолға алып, бұл саланы «табыс көзіне» айналдыру мүмкіндіктерін қарастыру үшін банктерге бағыт беруді ойластыру қажет.

Ойымызды түйіндесек, ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесі бірінші орында болуы керек. Әуелгі кезекте қаржылық жағдайды шешкен соң ғана бұл саланың басқа да түйткілді мәселелеріне мән берсек болады.

Ғылыми әдістемелер мен озық технологияларды енгізу

Цифрландыру - жалпы әлемдік тренд. Бүгінгі таңда ол адам өмірінің барлық саласына қатысты. Ауыл шаруашылығында технологиялық әдістемелерді қолдану мынандай нақты нәтижелер береді: шаруа қожалықтарының өнімділігін арттырады, өнім сапасы өседі, фермерлердің табысы артады.

Бұл тұрғыда Үкімет кейінгі уақытта белсенділік таныта бастады. ҚР Президентінің тапсырмасы аясында өңірлерде білім беру ұйымдары құрылып, тұрақты консультациялық орталықтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, аграрлық ғылымды қаржыландыру соңғы жылдары айтарлықтай артты.

Әрине, бұл оң қадамдар, бірақ біздің ойымызша, АӨК-тегі озық ғылыми әдістемелер мен технологияларды енгізу одан да мұқият әрі жүйелі тәсілді талап етеді.

Осы бағыттағы ҰАҒБО жұмысы белсендірек болуы керек. Бүгінгі таңда бұл саланың жұмысы баяу жүріп жатқандығы байқалады. Қандай да бір құрылым мен дәйектіліктің жоқтығы сезіледі. ҰАҒБО жаңа тағайындалған басшысы бұл бағытты дамытуға ат салысар, бірақ бұл алдағы уақыттың еншісінде.

Сонымен қатар, бұл салада бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы өте маңызды, ол технологиялық шешімдерді халыққа жеткізуі қажет. СҚО-дан Жамбыл облысына дейінгі фермерлер бүгінгі таңда әлемдік ауыл шаруашылығында қандай трендтер қарқын алып жатқанын, ең жоғары өнім алу үшін қандай дақылдарды және қалай таңдау керектігін, отандық ғалымдардың қандай әдістемелері ең жоғары өнімділікке қол жеткізуге көмектесе алатынын және т. б. білуі тиіс.

Техникалық жабдықтау

Ауыл шаруашылығы қажырлы еңбекті қажет ететін сала екенін ескерсек, бұл жерде заманауи машиналар мен техникалық жабдықтарды қолдану саланы дамытудың басты шарты болып келеді.  

Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы машиналарының отандық паркін жаңарту қажет. Бұл саланың құлдырауына тұрақсыздық та әсер етеді. Мәселен, теңгенің құлдырауы техниканың қымбаттауына әкеп соқтырды, ал техниканы есептен шығару тіпті қоғамда қызу пікір талас туғызды. Бұл орайда ескі жараны қайта тырнаудың қажеті жоқ деп ойлаймыз.

Техникалық жабдықтау ғылыми әдістемелерді енгізумен қатар жеткілікті қаржыландыру ауыл шаруашылығын қарқынды әрі түбегейлі өзгертуге қабілетті. Сондықтан осы салаға ерекше назар аударған жөн. Заманауи техникамен жабдықтауда фермерлерге қолдау көрсетуіміз қажет. Қолдан жасалған бөгеттерге жол бермеуіміз керек. Сондай-ақ қызмет көрсету аясын кеңейту көзделген.

Тұрақты сату

Ауыл шаруашылық саласын қаржылай қамтамасыз етіп, фермерлерді заманауи техникамен жабдықтай отырып, заманауи білім алуына мүмкіндік берсе нақты нәтижелерге жылдам қол жеткізуге болады. Бірақ өзіміз шығаратын өнімді тұрақты сататын алаң болмаса бұл әрекеттердің бәрі бекер болуы мүмкін. Себебі нарықтық заңға сәйкес ұсыныс болған жерде тауарға деген сұраныс болмаса баға күрт төмендейді.  

Бүгінгі таңда Қазақстан импортқа тәуелді елдердің қатарында. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы жылдары бұл жағдайдың өзгеретіндігін айтады. Сондықтан ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар экспортты қолға алатын кез келді.

Біздің еліміз мұхитқа шыға алмайтынын ескерсек, Қазақстанның сату нарығы шектеулі. Экспортта жаңа елдердің есігін ашу үшін алдымен тауарды тасымалдау проблемасы туындайтыны сөзсіз, бұл өз кезегінде тауардың бағасына тікелей әсер етеді. Бірақ соған қарамастан біз экспорттың әлеуетін кеңейте аламыз.  

Бұған қол жеткізу үшін өнімнің сапасын арттырып, өндірістік шығындарды төмендету керек. Бұл осы мақаланың алдыңғы тармақтарынан туындайтын түбегейлі шешім.

Сонымен қатар, егіс алқаптарын әртараптандыру, сұранысқа ие экологиялық өнімдер өндірісін дамыту және де ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуден сапасы жоғары өнім алу да маңызды.

Әкімшілік қызметтерді жеңілдету

Уақыт - фермерлер үшін су мен жер сияқты құнды ресурс. Өндірісте бұл фактор кейде шешуші рөл атқаруы мүмкін, сондықтан ауыл шаруашылығындағы қызметтер (несиелер, лизинг, субсидиялар, форвардтық келісім-шарттар) неғұрлым қолжетімді болса, соғұрлым жақсы болады.

Біздің еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру бағытында біршама табысты жұмыстар жүргізуде. Бұл тұрғыда АӨК саласы да жіті назар аударуды талап етеді. Егер құжаттарға қатысты операциялар жылдам жүргізілсе, онда барлық қызметтер қолжетімді болады. Жалпы, бұл бағытты әрдайым жетілдіру қажет.

Қазақстандық АӨК-іне баса назар аудару қажет

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылық саласының әлеуеті зор. Бірақ бұл бағытта мүмкіндікті пайдаланып жатқанымыз шамалы. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын уақытының көп бөлігін қаңырап бос тұрған заманауи комбайнға ұқсатуға болады, өйткені мүміндіктер бар бірақ қаражат пен білім жеткіліксіз, соның салдарынан болашақ та бұлыңғыр.

Біздің ойымызша, соңғы уақытта АӨК саласында нақты қадамдар жасалып жатыр, бірақ саланың жылдам әрі тұрақты дамуы үшін бұл қадамдар жеткіліксіз.

Кейде қандай да бір шараларды жүзеге асыру үшін жүйелілік пен үйлесімділік жетіспейді, соның салдарынан саланың дамуына кедергі келтіретін мәселелер сол күйі шешімін таппай жатады.  

Сонымен қатар, отандық АӨК дамыту бағытында алдағы бес жылға арналған жаңа жоба әзірленуде. Жоба саланың дамуына елеулі серпін беруі мүмкін, ең бастысы – бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын қолдау қажет.

Обсуждение

0 моментарии