Мәзір
29 қазан 2019
4 мин
2032
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Тау тұлға – Ташенов!

Тау тұлға – Ташенов!

Ел ішінде «Егер қазақ біреуге борыштар болса, ол алдымен Жұмабек Тәшеновтің алдында борыштар»  деген сөз кеңінен таралып кеткен. Негізі бұл сөзді алғаш айтқан Қазақ КСР КОКП бұрынғы бірінші хатшысы И.Юсупов еді. Шынымен де бүгінгі Қазақстан, Алтай мен Атырау арасына созылып жатқан ұлан ғайыр территорияның негізгі егін егетін орталық, жалпы солтүстіктің бес облысын Ресейдің құрамына қосылатын кезінде қарсы тұрып алып қалған Тәшенов екені бәрімізге мәлім. Бүгінгі еліміздің ұн экспорттаудан бірінші, ал астық экспорттаудан алдыңғы бестіктің қатарына кіруіне негіз болған, жарты ғасырдан артық тарихы бар «Тың және тыңайған жерлерді игеру» жобасының 1954-ші жылы басталғаны белгілі. Қазақ жерінің құнарлы топырағынан астық өндіру патша өқіметінің кезінде-ақ жоспарланған. Осы мәселеге қызыл үкіметті құрушы В.И.Ленин де қатты қызығушылық танытқандықтан, біздің жерімізден тың игеру II дүние жүзілік соғыстан бұрын да күн тәртібіне қойыл деген деректер бар.

Тәшенов қызметке келген кез нағыз қызыл империяның қылышынан қан ағып, халықты әбден билеп төстеген кездер еді. Сол уақыттың нағыз көрінісі жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесінде терең сипатталған. Қалтырауық заманның бел ортасында еңбек еткен Жұмабек Тәшенов бейнесі нағыз ұлтжанды азамат ретінде қазақ халқының жадында сақталып қалған. Ол қазақты қынадай қырған ашаршылық, қуғын сүргін мен соғысты көрді. Ауданнан облысқа қызмет барысымен ауысып келген уақыты екінші дүниежүзілік соғыс уақытымен тұспа-тұс келді. Таң атқаннан кеш батқанға дейінгі ауыр еңбекті халықпен бірге бөлісті. Еш халықты алаламады. Тек қазақ болған соң қазақ үшін шығар жаны бөлек болды деп жазады естеліктерде оның замандастары.

Сондықтан ең әуелі ел байлығы мен ұлттық құндылықтарды отаршылдардың қанды шеңгелінен қорғаштап бақты. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанынан басталған жер мәселесіндегі қитұрқы саясатқа қасқая қарсы тұрып, азуы кереқарыс КСРО басшыларымен айқасты. Биік мансаптан ұлттық мүддені жоғары қойғаны үшін елдің бірінші басшысы болуына бір-ақ қадам қалғанда қызметінен алынып, Шымкент облысына қуылды. Бұдан кейін де кеңестік жүйе тарапынан жасалған қиянаттар аз болған жоқ. Бірақ мұның бір де бірі туа бітті қайсар жанды мұқата да, мойыта да қоймады…

Жұмабек Тәшенов «Тарих деген – шежіре. Уақыт деген алып бар. Сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады»,- деген екен. Шынмен, Кеңес Үкіметі бағаламаған Тәшеновты бүгінгі Қазақстан қадірін түсініп отыр. Тәшеновтың қайсарлығының арқасында тұтас бірнеше облыстың жері аман қалғандығында бүгінгі ұрпақ тәуелсіздік алған соң түсініп отырған сыңайлы.

Біздіңше, Жұмабек Ахметұлы – Кеңес империясы тұсындағы барша ұлтты жойып, біртұтас кеңес халқын қалыптастыруға ұмтылған КСРО идеологтары мен жекелеген ұлт мүддесін қорғаушы жанкештілердің арасындағы мылтықсыз майданның қаһарманы. Бұған қандай дәлел бар? Мұндай дәлелдер шаш етектен. Бір-ақ мысал. Егер ол ұлттық мүддені емес, өсуді ғана ойласа, 1960–1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып тұрып, елдің бірінші басшысы болуына бір-ақ қадам қалғанда Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С.Хрущев бастаған Мәскеудің ұсынысына қарсы шықпас еді. Хрущев деген – Сталин өлген соң Л.П.Берия, Н.А.Булганин, В.М.Молотов, Л.М.Каганович және Г.М.Маленков сияқты әрқайсысы бір-бір мемлекетті басқаруға даяр тұрған өте азулы қаншама қарсыласын жолынан ысырып, билік басына келген әккі саясаткер еді.

Тарих Жұмабек Тәшенов тұлғасын ана тіліне, қазақ баспасөзіне жанашыр тұлға ретінде таниды.

Тың игеру жылдары Солтүстік Қазақстандағы бес облыста облыстық газеттер жабылып, қазақ журналистердің жұмыссыз қалған уақытта, республикалық қазақтілді басылымдардың да басына қауіп төнді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Тәшеновтің қарсылығының нәтижесінде «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және басқа да қазақ газеттерін жабылу қаупінен алып қалды.

Жұмекең қолында билік болғанда қазақтың барлық шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына пайдалы іс жасауға белсене кіріскен. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін жоғары деңгейде өткізуге үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпазына (Қ.Қуанышбаев, Р.Жаманова, Е.Серкебаев, Ш.Айманов, М.Төлебаев) ең жоғарғы атақ – КСРО Халық артисі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенов үлкен қажырлылық көрсеткен.

Осыдан кейін мұндай көлемде жоғары атақ алу қазақ топырағында бұрын-соңды болған емес. Тәшенов Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда қазіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлік үлкен заманауи үлгімен салынған үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізеді.

Бауыржан Момышұлын үш рет, Рақымжан Қошқарбаевты бір рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Екеуін де өткізе алмады. Дейтұрғанмен, Б.Момышұлының алғашқы кітаптарының жарыққа шығуына Жұмабек Ахметұлы себепкер болғаны баршаға мәлім.

Халықтың сүйсінгеннен аузынан тастамай айтып, түрлі аңыздарға айналдырып жүрген Ж.Тәшенов ерліктерінің бір парасы осындай. Халық пен туған жер үшін осындай ерліктер жасаған Жұмекең жоғарғы қызметтен 1961 жылы қантар айында босатылған соң, бес ай жұмыссыз отырып, кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары қызметіне дейін төмендетілді. Содан алпыс жасқа жеткенін күткендей, ол 1975 жылы наурыз айында мемлекеттік қызметтен шұғыл еңбегі сіңген дербес зейнеткерлікке босатылды. Жоғарыдан келген шешімге сәйкес заң бойынша берілетін 500 сом зейнетақы орнына оған тек 180 сом беретін болды. Кейін 60 жастағы Тәшенов Қаракөл ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ғылыми-техникалық орталық директоры қызметтерін атқарды. Ол бәрібір де ел ағасы болып танылып, халық құрметіне бөленді. Жанқиярлық еңбегі үшін Хрущев кезінде ¬Ленин, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Соқтықпалы-соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген аяулы азамат 1986 жылы қарашаның 18 күні 71 жасында дүниеден өтті.

Әр халықтың тарихы оның тұлғаларымен жазылады. Батырлық – алдымен туған халқы мен бір тұтам жерін сүйетін махаббаттан туатын ұғым. Қазақ халқы қаншама ғасырлар өтсе де, аруағын әрдайым ардақтап жүретін кемеңгерлерден ешқашан кенде емес. Әсіресе, аумалы-төкпелі, алмағайып аласапыран кезеңдерде туған еліне ес болып, бағыт-бағдар көрсеткен ұлы тұлғалардың жөні бөлек.

Обсуждение

0 моментарии