Темірбек Жүргенов – ұлттың болашағын ойлап, тіліміз бен діліміздің, салт-дәстүріміздің, мәдени құндылықтарымыздың ұлықталуына айрықша іңкәрлікпен атсалысқан бірегей тұлға.
Темірбек Жүргенов есімі қазақ халқына ғана емес, Орта Азия халықтарына ортақ тұлға.
Бала кезінен алғыр, шыншыл, білімқұмар бала ауыл молдасынан дәріс алып, орыс-қазақ бастауыш мектебіне оқуға түсіп, 1913 жылы оны бітіріп шығады. Мектеп бітіріп, сауатын ашқан жас Некрасов, Крылов шығармаларын аудара бастайды. Сол кезде Перовскідегі Суханский атындағы орыс қазақ училищесіне түсіп, 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енді, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1920 жылы БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осында оқып жүріп, ол Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі болып тағайындалады, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының Орталық Атқару комитеттеріне мүше болып сайланады, өлкелік және республикалық партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарына қатысады. Орталық Азияда құрылған республикалар аумағының ұлттық-территориялық межеленуіне ат салысады.
Темірбек Жүргенов есімін 1930 жылдардағы Сталиндік репресиямен байланыстырады.
Себебі оның өмір сүрген уақыты осы қанды қырғын жылдары мен тұспа-тұс келген уақыт еді. 1924 жылы Жүргенов Орта Азия мен Қазақстан арасындағы ұлттық-мемлекеттік шекараны белгілеу мәселесі тақырыбында дипломдық жұмысын бастайды. 1926 жылы дипломын сәтті қорғап, еліміздің территориялық тұтастығының сақталуына зор үлес қосады. Айта кету керек, Темірбектің дипломдық жұмысы шыққанға дейін елдің партиялық элитасы Жетісу мен Сырдария жерлері Өзбекстанға өтуі керек деген пікірде болған, бірақ Жүргенов бұл жерлердің Қазақстанға тиесілі екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген. Университетті тәмамдаған соң Темірбек Жүргенов 1929 жылға дейін Қазақ педагогика институтының ректоры болып жұмыс істеген. 1929 жылы Жүргенов Тәжік АССР-нің қаржы халық комиссары болып тағайындалады. Кейін 1930-1933 жылдар аралығында Өзбек АССР-нің халық ағарту комиссары болып қызмет етеді. Ташкенттегі жұмысы кезінде Жүргенов бірнеше театр ашып, елдің мектептері мен жоғары оқу орындарының дамуымен айналысады. Тәжікстандағы жұмысы кезінде ол тәжік ғалымы, академик Садриддин Айнимен танысып, олар Фирдоусидің Шахнамесін қазақ тіліне аудармақшы болып шешеді. Қазақстанға оралған соң ол өзінің ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуовты Алматыға шақырады, ол он айдың ішінде Фирдоусидің Шахнамесінің қырық мың жолын қазақшаға аударады.
Ол бар ғұмырын бай мен кедейсіз, барлық адам тең құқыққа ие жаңа өмір мен жаңа әлемді құруға арнады
Т.Жүргенов қызмет еткен кезінде біраз білім ошақтары ашылады. Атап айтқанда қазақ кен-металлургия институты (қазіргі Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), ветеринарлық институт және С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ашылады. Ағарту мәселелерімен қатар Темірбек Жүргенов мәдениет мәселелерімен де айналысады, ол Қазақ АССР-і Өнер ісі жөніндегі комитетті басқарады. Комитет төрағасы лауазымында ол дарынды жастарды мейлінше қолдап, кейбір партиялық функционерлердің орынсыз тиісулерінен қорғап жүрген.
Халық жауы атанған Темірбек Жүргенов
1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді.
Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болды,ол кісінің ашқан қаншама білім ошақтарында қаншама түлек білім нәрімен сусындап өмірге қанат қағады.
Ол барлық азап пен қорлыққа төтеп берді, ештеңені мойнына алған жоқ. Тіпті болмағасын НКВД қызметкерлері Қазақ мемлекеттік университетіндегі өрт туралы істі қолдан жасап, сол бойынша Қазақстанның мәдени жастарының көрнекті өкілі Шахзода Шонанованы іске тартады. Жүргеновті көп тергеп, ҚазМУ-дегі өртке кінәлісің деп айыптайды. НКВД қызметкерлері ҚазМу-ді өртеуді маған Т.Жүргенов тапсырды деп айт деп Шахзода Шонанованы мәжбүрлейді. Жүргенов пен Шонанова камерада өздері ғана қалған кезде: «Шахзода, қарындасым, мен бар кінәні өз мойныма аламын»,-дейді. Келесі жолы НКВД қызметкерлері әдеттегідей камераға келген кезде Шахзода атып тұрып: «Ғимиаратты өртеген менмін» дейді. «Шахзода, сен не істеп жатырсың?»,-деп аңырап қалады. Бірақ, Шахзода алған бетінен қайтпайды. Бар кінәні өз мойнына алып, репрессия жылдары атылған алғашқы қазақ қызы болады.
Темірбек Жүргенов 1938 жылдың 25 ақпанында Алматыда атылады.
Обсуждение