Мәзір
03 қаңтар 2020
7 мин
5623
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Тың академигі – Терентий Мальцев

Тың академигі – Терентий Мальцев

Тың игеру алдымен ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына орасан зор үлес қосты. 1955-60 жылдары егін шаруашылығы саласында жаңа есімдер пайда бола бастады. Солардың ішіндегі көрнектісі егістік дақылдарының маманы, Қорған облысына қарасты Шадринское колхозының директоры, В.И.Ленин атындағы бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылымдары Академиясының құрметті академигі Мальцев Терентий Семенович еді.

Қорған облысына қарасты Шадринское ауданындағы Мальцево ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген Терентий есін білгелі егістік даласында еңбек етеді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Герман әскерінің тұтқынынан босап, туған жеріне келіп еңбекке араласады. 1921 жылы бидайды асылдандыру жұмыстарын бастап, жоғарғы сұрыпты бидайдың әр дәнін ұқыптылықпен топыраққа енгізе бастайды. Жоғарғы өнім алу мақсатында Терентий Мальцев тұқымды асылдандыру жұмысын өмір бойы жүргізе білген ғалым болып тарихта қалды. Ол 70 жылдық еңбек жолында тәжірибе мен ғылымға сүйеніп еңбек еткен бірден-бір ғалым.

1925 жылы ол ауылдастарымен бірлесіп ауылшаруашылығы үйірмесін ұйымдастырады. Кейін топырақты өңдеу бойынша серіктестік құрады. 1927 жылы Шадринскийдағы тәжірибелік егістік алқабынан «Альбидум 604» және «Китчинер» сорттарын әкеліп, отырғызады. Сол жылы Ленинградтан арнайы «Цезиум ІІІ» сортының 200 граммын алғызып, одан бірнеше центнер өнім алады.

1930 жылы колхоз құрылған кезде ол бірауыздан егістік басқарушысы болып тағайындалады. Өз тәжірибесінде тұқымдық дән ұғымын қалыптастырып, тұқымдық дән өсіруді қолға алып, оны тәжірибе жүзінде енгізген ғалым. Мальцев басқарған колхоз Одақ көлемінде егін егуден, әрі мол өнім алудан атағы шыққан өңірге айналды. Колхоз құрылған алғашқы жылы бір жарым гектар егін сеуіп бастаған ол, 1933 жылы «Цезиум ІІІ» сортын 400 гектардан астам жерге екті. Көршілес жатқан елді-мекендер мол өнім алудың құпиясын іздеп, жас ғалымнан тұқымдық дән ала бастайды. Т.Мальцевтің есімі Одаққа таныла бастап, ол пошта арқылы әр түкпірден дән салынған дорбалар алып жатады. 1934 жылы қолына пинцет алып, түрлі дәндерді будандастыруды қолға алады. Нәтижесінде гибдридті дән пайда болады. 1935 жылы тәжірибелік егістік алқабындағы 10 гектар жерге 30-дан астам бидайдың сорты егілді. Оның ішінде арпа, бұршақ, жасымық, жүгері бар.

1930 жылы егістік жетекшісі Т.Мальцев бірнеше ғалымдары бар ғылыми өндірістік институтының жасайтын жұмысын жалғыз өзі атқарады.

Атағы шыға бастаған жас ғалым Одақ көлеміндегі бірнеше ауылшаруашылығы көрмелерінің, съездерінің делегаты болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы бұл жұмысты сәл бәсеңдетіп тастады. Тәжірибелік алқаптағы барлық тәжірибелік материал Челябинск тәжірибелік станциясына көшіріледі. 1942 жылы қуаңшылық болған уақытта Мальцевтің колхозы жақсы өнім алып, қырман басы бидайға толады. ВАСХНИЛ Терентий Мальцевті шақырып алып, мол өнім алудың сыр-құпиясымен бөлісуді сұрайды. 1943 жыл тағы да қуаңшылық жылы болып, ал Мальцевтің колхозы тағы да мол өнім алады. 1946 жылы оған Сталиндік премия беріледі. Атағы жер жарған ғалымға колхозшылардың Үшінші бүкілодақтық съезін ашу бақыты бұйырады.

Т.Мальцевтің жермен айналысу жұмысы байқаусыз қалмады. 1950 жылы И.Сталиннің тапсырмасымен колхоз жанынан тәжірибелік станциясы құрылады. Т.Мальцев оның төрағасы болып тағайындалады. 1951 жылы ол Орал даласының топырағының ерекшеліктерін ескере отырып, топырақты өңдеу жүйсінің тиімді әдісін ойлап табады. 1954 жылы оның осы еңбегі үшін оған И.В.Мичурин атындағы Алтын медаль табысталады.1954 жылдың 7 тамызында Мальцево ауылында бүкіл одақтан келушілер үшін Терентий Мальцевтің еңбегін, мол өнім алудың қыр сырын үйренуге арналған жиналыс өтеді. Жиналыс үш күнге созылып, оған 1000-нан астам адам қатысады. Араға екі жылдан астам уақыт салып, атақты ғалымның ауылына тағы 3,5 мың адам келеді. Жиынның ғылыми жағына Т.Д.Лысенко жауапты болып, жиын елдегі ғылыми тәжірибелік жұмыстарға зор серпін береді.

1955 жылдың 9 қарашасында жерді өңдеу, мол өнім алу, бидайдың жаңа сорттарын шығару ісіне ерекше ат салысқаны үшін Мальцев Терентий Семеновичке Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, кеудесіне Ленин Ордені тағылады.

Қорған облысында Т.Мальцевтің енгізген тәжірибесі 1,5 миллион гектар жерде қолданылуда. Жыл сайынғы өнім гектарынан 1,7-3,5 есе көбейіп отырған. Мальцев В.И.Ленин атындағы бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылымдарының құрметті академигі атанады.

1975 жылдың 6 қарашасында оған екінші мәрте Ленин Ордені табысталады.

Терентий Мальцев топырақтың қалыптасу процесінің диалектикасын философиялық тұрғыдан түсіне алған ғалым. Оның тәжірибесі ауылшаруашылық жерлерінің құнарлылығын сақтау мен жинақтау арқылы өнімділіктің шешуші факторы ретінде негізгі жер қойнауын өңдеу болып табылатындығын дәлелдеді.

Ғалым көпжылдық емес, сонымен қатар жылдық дақылдардың топырақ құнарлылығын арттырудағы маңыздылығын дәлелдеді.

Ол бидайдың ерте пісетін және орташа пісетін сорттарын біріктіру туралы ережелер жасап шығарды.

Бұл идеялар Одақтың отандық агрономиядағы шығармашылық ойға серпін берді, ғылыми ауыл шаруашылығының дамуындағы тоқырауды еңсеруге көмектесті. Жер қойнауын өңдеуде маңызды аумақтағы топырақты эрозиядан қорғауға, қосымша өнім алуға және ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды техникалық әдіс болды.

Жергілікті табиғи және өндірістік жағдайларды ескере отырып, өңдеуге сараланған тәсіл бүгінде посткеңестік мемлекеттерде кеңінен қолданылуда.

Обсуждение

0 моментарии