Мәзір
13 қараша 2019
6 мин
11437
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Павлодар трактор зауыты

Павлодар трактор зауыты

Тың игеру: Павлодар трактор зауыты

Тың игеру тек азық-түлік мәселесін ғана шешіп қойған жоқ. Тың игеру басталғаннан кейін өнеркәсіп те біртіндеп дами бастады. Атап айтқанда машина жасау ісі қолға алынды. Кеңестер Одағының басшылығы өнеркәсіпті дамытпай тың игеруде ауыз толтырып айтарлық жетістікке жету оңай болмайтындығын жақсы түсінді. Ең алғашқы уақытта тың игеруге Беларуссия, Украина техникалары жұмылдырылса, алдыңғы қатарда Қазақстандық трактор жасау ісін шешу мәселесі де тұрды. Әрине, қазақ даласында Қазақстандық трактордың жүру керектігін бәрі де жақсы түсінді. Міне, алпысыншы жылдардың орта тұсына қарай отандық трактор шығару ісі қолға алынып, алғашқы темір техника егістік алқабына жөнелтілді. 1966 жылдың наурыз айында Одақтағы ең ірі жоба Павлодар трактор зауыты іске кірісті. 1975 жылы конвейерден ДТ-75 тракторының жүзінші данасы шыққанда зауытқа, әлемдік революцияның көшбасшысына айналған Владимир Лениннің аты беріледі. Зауыт құрылысын жүргізу КОКП ең жоғарғы органы ХХІІІ съезінде қабылдануының өзі бағдарламаның ірі жоба екендігін көрсетеді.

Алайда Павлодар трактор зауытының толыққанды техника шығаруға қауқарлы екендігі туралы айтуға әлі ертерек еді. Зауыт 1967 жылы алдымен арнайы құрал-жабдықтар мен технологиялық бұрғылау құрылғыларын шығаратын зауыт ретінде құрылған. Келесі жылдан бастап зауыт ДТ-75 маркалы трактор шығаратын Волгоград трактор зауытына бөлшектер шығарумен айналысты. Алайда трактор зауытының конвейірінен өз техникасы шығу үшін тағы екі жыл қажет болды. Алғаш құрастырылып шыққан ДТ-75М тракторына «Қазақстан» атауы беріледі. Осы модельді Павлодар трактор зауыты құрастырып шығара бастайды. Зауыттың технологиялық қуаттылығы жылына елу мыңнан астам трактор құрастыруға жеткілікті болды. Бұл көрсеткішке тек 1984 жылдары қол жеткізді. Осы уақыт аралығында 500 мыңнан астам машина егістік алқаптарында еңбек етті. Қазақстандық трактор тек қазақ топырағында ғана емес, сондай ақ бұл тракторда Орал, Қиыр шығыс, Сібір мен Орталық Азияның шаруашылықтары да пайдаланды. Алыстан мен мұндалаған тракторды егістік алқабынан жазбай тануға болатын еді. Зауыттан жаңа шыққан тракторларды ашық көгілдір түске бояп, маңдайшасына «Қазақстан» деген жазуды іліп қойған. Павлодар трактор зауыты бульдозерлер мен қатар трактордың 9 түрін шығаруға қауқарлы болды. 1980 жылдардың ортасына қарай трактор зауыты трактордың жаңа түрі «төрт бұрышты кабиналы» трактор құрастырып шығара бастады. Бұл көліктердің кабинасы мен әйнектері үлкен етіп жасалған. Ал 1990 жылдардан бастап ДТ-90 маркалы трактор және ДТ-75Т маркалы тракторлар шығарыла бастады. 1998 ж. Кәсіпорынды Алматыдағы Поршень зауыты сатып алады. 1999 жылдың басынан «Қазақстантрактор» АҚ болып қайта құрылады. Бүгінде акциялар пакетінің 100%-ы жеке тұлғаларға тиесілі. Жалпы, өндіріс жылдарынан 1997 жылға дейін Павлодар зауыты 865 мыңнан астам түрлі модификациялы тракторлар шығарған. Кейінірек Павлодарда Беларуссиялық МТЗ тракторларының өндірісін ұйымдастыру шешімі қабылданады, бірақ келіссөздер оң шешімін таппайды. Ташкент трактор зауытының лицензиясы бойынша зауыт қуаттылығында тракторлар жасау әрекеттері еш нәтиже бермеді. 2002 жылы Павлодар зауытында барлығы 200-ге жуық трактор құрастырылды. 2005 жылы Минск трактор зауытымен бірге тракторлар өндірісін қайта жандандырудың соңғы әрекеті жасалады, сөйтіп «Беларусь» тракторларын құрастыруға келісімшарт жасалды. Бірақ келісім-шарт бұзылып, 2006 жылдың жазында Қазақстан Үкіметі Павлодар трактор зауытын қайта жандандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Осылайша, 40 жылдан кейін КСРО-дағы ең ірі трактор зауыттарының бірі Павлодар трактор зауыты тарих қойнауына кетеді.

Обсуждение

0 моментарии