Мәзір
17 қыркүйек 2019
5 мин
25124
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Ауыл шаруашылығындағы еңбек құралдары

Ауыл шаруашылығындағы еңбек құралдары

ХІХ ғасырдың орта тұсы қазақ даласында егіншіліктің дамуы қарқын алып, жаппай отырықшылыққа көшкен кез.  Қарапайым шаруа негізінен соқа, мала, кетпен, орақ, тырма, қолдиірмен, судиірмен, елеуіш, ағаш күрек, сыпыртқы егіншілік құралдарын кеңінен пайдаланып, кейбіреуін көшіп келіп қатар қоныстанып жатқан орыстардан сатып алған болса, кейбіреуін өз ыңғайларына қарай қолдан жасап алған.

Жер өңдейтін құралдың негізгісі ол – соқа. Соқаның "жерағаш" деген атауы да кеңінен қолданылады. Маңғышлақ жақта – шоқағаш, Орталық Қазақстанда – имекағаш, Жетісу жерінде – тісағаш, Шығыс Қазақстанда – қолтіс, Шымкент жақта – омаш деген атаулары да кездеседі. Өркениет дамыған сайын еңбек құралдары жетіліп,заманауи техника түріне айналды.

Диқандар соқаны негізінен жер жыртуға пайдаланған.  Егіс алқаптары тегіс жерлерді соқамен жыртатын. Топырағы жеңіл өлкелерде соқаның көбіне жеңілдеу түрін қолданса, ал жері қатты Арқа өңірінде соқаның ауыр түрін пайдаланған. Диқандар ХІХ ғасырдың екінші жартысына қарай қолданған атсабан соқа осындай ауыр түріне жатады. Өндірістік қатынастар жедел дамыған ХІХ ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қазақ тұрмысында “плуг” соқасы кеңінен тарай бастады. Соқаның жетілдірілген әрі қымбат бұл түрін ауқатты қазақтар Ресей кәсіпкерлерінен сатып алатын. Бұл кезеңде диқандардың негізгі бөлігі қай өлкеде болмасын дәстүрлі жерағаш, омаш, атсабан соқаларын пайдаланды. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап соқалардың кейінгі түрлері шыға бастады оларды осы күнге дейін пайдаланады .

Жыртылған жерді игеру және тұқым себу үшін тырма қолданылды. Тарихи деректерде Спасо-Прилутск монастырының ауылшаруашылық құралдарының тізімінде «соқа тырмалар» жайлы дерек бар. ХХ ғасырдың басында солтүстікте шаруалар ілгектер мен тырмаларды қолдана бастайды. Егін орағы кезінде тырма таптырмас құрал бола отырып, орақпен орылған масақтарды жинап алуға арналған тиімді құрал болған.

Г. Тайжанованың «Қазақтар. Тарихи-этнографиялық зерттеу» кітабында қазақтардың ХІХ ғасырдағы егістік жерлерді игерудегі құрал-саймандары туралы мол мағлұмат жазылған. Мәселен, көбімізге беймәлім болып келген мала, кетпен, орақ құрал-жабдықтарына мынадай сипаттама берген:

Жыртылған жерді мала деп аталатын тақтаймен тегістеген. Тақтай ауытқып кетпесін деген оймен үстіне ауыр қап немесе адамды тұрғызған. Ал мала болмаған жағдайда соқаны теріс аударып, тістерін алып тастап топырақтың үстімен маланы жүргізіп, тегістеп отырған. Суармалы жерлерде диқандар темір тістері бар ағаш бораналарды да пайдаланды. ХІХ ғасырдың соңында темір бораналар қолданысқа енді.

 Диқандардың негізгі құрал жабдықтарының бірі – орақ. Ол металдан жасалып, сабы сүйектен немесе ағаштан қашалған. Оның сәл ғана басы иіліп, жүзі өткір болып келеді. Уақыт өте келе орақтың көлемі үлкейіп, жетілдірілді. Орақтың шалғы орағы, қол орағы, қазақы орақ сияқты бірнеше түрлері кеңінен таралған. ХІХ ғасырдың соңында орыс орақтары кеңінен пайдаланып, шалғы орақтары қолданыстан шығады.

Кетпен – суармалы егістікте еңбек ететін диқандардың негізгі құралы. Кетпенмен егін егетін жердің топырағын қопсытып, арық қазып, суару кезінде әрі бөгеттер тұрғызу кезінде де диқанның сенімді серігі болды.

Орақпен орылып, тырмамен жиналған масақтарды үгітіп, басындағы бидайын алған соң, диқан оны қолдиірменге тартып дайын ұн жасаған.

Қолдиірмен. Күні кешеге дейін қолданып келген қол диірмендердің де мұражай қорында бірнеше түрлері бар. Қолдиірменді қазақ ХІХ–ХХ ғғ пайдаланған.

Жалпы қол диірмен тастардың көбінің диаметрі 30-50 см шамасында болады, астыңғы және үстіңгі тастардың қалыңдығы 5-6 см-ден аспайды. Астыңғы төсек тасының асты-үсті бірдей теп-тегіс етіледі де, бет жағының дәл ортасынан темір кіндік орнатылатын тесік қашалады. Ол тесікке әуелі ағаш орнатылады, ал ағашқа үшкірленген темір кіндік кағылады.Үстіңгі тастың ортасынан диаметрі 4-5 сантиметрдей дөңгелек тесік жасалады. Оның негізгі қызметі –біріншіден, айналдырған уақытта үстінгі тастың ауытқып кетпеуін қамтамасыз етсе; екіншіден, сол тесіктен тартылатын дән салынып тұрады. Үстінгі тастың жоғарғы жақ шетінен тереңдігі 2-3 см. ойық қашалады, содан кейін оған ағаш сап орнатылады, сол ағаш саптан ұстап қол диірменді қозғалысқа келтіріп, дән тартады.

Бертін келе әр түрлі дақылдар мен дәндерді майдалауға арналған қол диірмендер пайда болды. Алғашқыда қолмен не жануарлар күшімен айналдырылды. Кейіннен су және жел күші пайдаланылды. Жел диірмендерді алғаш рет біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдерде Персияда астық тарту үшін пайдаланған. Ислам әлемінде кең тараған диірмендерді ХІІІ ғасырда крест жорықшылары Еуропаға алып келеді. Жел өндіретін алғашқы диірмен XIX ғасырда Даниядан шыққан.  

Сумен айналдырылатын диірменнің бірі «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайындағы «Жұма мешіт» экспозицияда орын алған. Оны 1986 жылы бұрынғы «Победа» колхозының тұрғыны Момынов Жаппар деген азамат мұражайға тапсырған екен. Мұндай су диірмендері судың ағысы арқылы қозғалысқа келіп ұн тартқан. ХІХ ғасырдың басында ұн тарту үшін су диірмендерімен қатар бу қозғалтқышы пайдаланыла бастады.

Диірменнен тартылған ұнды әйелдер елеуіштен  өткізіп, артық заттардан тазалап отырған. Елеуіш – ұн елейтін арнайы ыдыс. Елеуіштің түбі қылдан немесе жіңішке жез талшықтарынан тоқылған тордан салынады да, айнала жиегі жұқа тақтайшадан дөңгелектеп иіліп жасалады. Ертедегі шеберлер арнайы тапсырыспен үй заттарын жасаған уақытта жылқының қылын пайдаланған. Ең алғашқы елеуіштердің түбі де осы жылқының қылынан тор болып тоқылған.

Егісті суару үшін суды көтеріп шығаратын әртүрлі аспаптар – атпа, шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері істеді.

Егін шаруашылығында ежелден күрек пен сыпыртқының да алар орны ерекше. Қай дәуірде болмасын еңбек құралдары өңделіп, қазіргі заманға сай етіліп жасалып келеді. Алайда бүгінгі ауыл шаруашылығы құралдарының негізі ерте заманда қалыптасқанын естен шығармайық.

Обсуждение

0 моментарии