Мәзір
23 қыркүйек 2019
5 мин
4864
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Ленин аңсаған 100 мың трактор!

Ленин аңсаған 100 мың трактор!

Патшалық Ресейдің трактор өндірісінде тәжірбиесі де өндіріске деген құлшынысы да болмаған кезеңде «Большевик» зауытынан шыққан 5 тонналық тракторлар халықтың қажеттілігін толық орындай алмады. Оның негізінде тіпті американдық Holt-75 тракторлары жатыр еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде сатып алынған  американдық тракторлардың қалдықтарынан құралған 8 трактор үкіметтің көсегесін көгертпейтінін сезіп, тығырықтан шығар жол іздей бастайды. 

Ленин 1919 жылы Коммунистік Партияның VIII съезінде: «Егер біз ертең халықты соңғы үлгідегі 100 мың трактормен қамтамасыз етіп, оған жанар-жағармай құйып, әлгі тракторларға мамандарды отырғызсақ, қарапайым шаруаның барлығы да «Коммунизм үшін» деп бізді қолдап кетер еді. Бірақ мұны істеу үшін алдымен халықаралық буржуазияны жеңуіміз керек! Біз оларды осы тракторларды беруге мәжбүрлеуіміз керек немесе өнімділікті арттыра отырып, өзіміз алатындай жағдай жасауымыз керек» дейді.

Коммунистердің көсеміне айналған Ленин неге бұлай деді? Себебі ол кез-келген өндірісті алға сүйрейтін, ғылыми-техникалық прогресті ілгерілетіп, елдің экономикалық дамуын арттыруда машина жасау саласы маңызды рөл атқаратындығына сенді. Ленин бұқара халықты өндірістік құрал-жабдықпен қамтамасыз етпей, коммунистер қатарына тарту мүмкін еместігін түсінді. Шет елдік техникаға кіріптар болмау жағын ойлаған Кеңес Үкіметі 1920-жылдардағы елді жедел индустриаландыру жоспары шеңберінде трактор шығару мәселесіне көңіл бөле бастады. Соғыс пен ашаршылықтан тұралаған Кеңестік Үкіметке Батыс мемлекеттері де трактор сатуға аса бір құлшыныс білдірмесе керекті. Әрі оны сатып ала қоятын қаражат жоқ кезде, Кеңес Үкіметі өз бетінше трактор шығара бастауды қолға алады. Сөйтіп, елде «Гном», «Карлик», «Русский трактор», үш дөңгелекті «Запарожец» тракторлары шығарыла бастады. Алайда бұл аласармас арман болып Ленин аңсаған елді 100 мың трактормен қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз еді.

Амалы таусылған Кеңес үкіметі басқа жол іздей бастады. 1923 жылы Үкімет арнайы несие беріп, 10 000 трактор құрастырудың бесжылдық жоспарын бекітті. Жоспарды «Красный Путиловец» пен Ленинградтағы Обухов зауыты, Харьков паровоз зауыты және Ростов-на-Донудегі Ақсай зауыты жүзеге асыруы керек еді. Кейінірек Коломна зауыты американдық «Могул» тракторының көшірмелерін шығара бастады. Бірақ бұл Кеңес Үкіметінің ауылшаруашылығының қажеттілігін қанағаттандыра қоймады. 1927 жылға қарай жағдай біршама жақсарды: егістіктерде 28 мың трактор жұмыс істеді. Ал олардың тек 10 пайызы ғана Кеңестік өндірістен шыққандар еді. Алдағы мақсат: Ленин аңсаған 100 мың тракторға жету жоспары ойдан кетпеді. Сөйтіп Кеңес Үкіметі трактор шығаратын гигант-зауыттар салуды ойластыра бастады.

1926 жылы Кеңес инженерлерінің бір тобы АҚШ-қа аттанып, олар жылына 50 000 трактор шығаруға арналған трактор зауыты жоспарының жобасын жасауға қатысты. Бұл жоба Харьков трактор зауыты мен Сталинград трактор зауыты үшін негіз болды.

Тыңға түрен салған –трактор!

1930-шы жылдардың басында Сталинград трактор зауытының инженерлері Автомобильдер және трактор ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, өз дизайны бойынша трактор жасауға кірісіп кетті. Трактор жасау жұмысына Харьков трактор зауытының мамандары да қатысып, алғашқы трактор моделіне «СХТХ-НАТИ» (СХТХ-Сталинград-Харьков трактор зауыты; НАТИ-Автомобильдер және трактор ғылыми-зерттеу институты) деген атау беріліп, бұл елдегі ірі жобаға айналды.

Жаңа трактордың алғашқы нұсқасын Сталинград және Харьков трактор зауыттары 1935 жылдың жазына қарай дайындап көпшілікке ұсынды. Далада сынақтан өткізу барысында Сталинград трактор зауытының көлігі сәтті шыққандығын көрсетті. Алайда трактор толығымен аяқталмаған нұсқада еді. Оның кем-кетігін дұрыстау үшін тағы біршама уақыт кетті.

Арада бір жыл өткен соң, 1936 жылдың жазында Сталинград трактор зауытының 25 тракторы ауқымды дала сынақтарына дайын болды.

Бір жыл бұрынғы қателіктерді жөндеу жұмысы сәтті жүргізіліп, сынақ нәтижелеріне сәйкес, шынжыр табанды ауылшаруашылық тракторы доңғалақты тракторларға қарағанда далада барлық жағынан ыңғайлы әрі 25 пайызға үнемді болды.

Ф. Джерзинский атындағы Сталинград трактор зауыты (1961 жылдан кейін Волгоград трактор зауыты) 1930 жылы ашылған. Бұл КСРО-дағы ең алғашқы трактор зауыты. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын техникаларды шығару саласында тез дамып, екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Кеңес Одағында өндірілген тракторлардың жартысынан астамын осы зауыт құрастырып шықты. 1932 жылдың 20 сәуірінен бастап зауыт конвейірінен тәулігіне 144 көлік шығып жатты. 1937 жылдың ортасынан зауыт НАТИ тракторларын шығара бастады. 1940 жылдың орта шебіне қарай 25 мың трактор егістік алқаптарына жөнелді. 1938 жылы Парижде өткен дүниежүзілік өндірістік көрмеде НАТИ тракторы үздік деп танылып, «Гран При» жүлдесін алды.

Соғыс уақытында зауыт толықтай танк және олардың бөлшектерін шығарып, сынған танкілерді жөндеу орнына айналды.  Айта кету керек, екінші дүниежүзілік соғысы кезінде жеңісті жақындатуға үлес қосқан әлемдегі ең үздік танк деп танылған Т-34 танкілері ең алғаш Сталинград трактор зауытында құрастырылып шығарылған еді. Соғыс даласында танктің мүмкіндіктерін байқаған неміс әскері Сталинградты алу барысында ең алдымен осы трактор зауытын қолға түсіруді көздеді деген ақпарат бар.

НАТИ тракторларын шығаруда Харьков трактор зауытының да рөлі ерекше. Серго Орджоникидзе есімін иеленген зауыт Кеңес Одағы тұсында ең ірі кәсіпорынға айналды. Зауыт 1930 жылы салынып, 1931 жылдан бастап үш дөңгелекті СХТЗ-30-15 тракторларын шығара бастайды. 1937 жылдан бастап зауыт НАТИ тракторларының өндірісіне көшеді. Ұлы Отан соғысы тұсында зауытты сақтап қалу үшін алдымен Сталинградқа, кейін Рубцовск қаласына көшіреді. 1943 жылы жаудан азат етілген Харьков қаласы қайтадан зауытты қалпына келтіру жұмыстарына көшіп, 1949 жылы өндірісті жолға қойып, дизельді тракторларды шығара бастайды. 1967 жылы алғашқы миллоныншы тракторды тапсырады.

Алғаш тыңға түрен салған осы ДТ-54 және НАТИ тракторлары еді. 1950-1960 жылдардың аралығында НАТИ тракторлары егістік даласының көркіне айналды. Бүгінде тың техникасы тыңайған жерлерді басып өтетін тас жол бойына экспонат ретінде қойылған. Теңіздей толқыған егіс алқаптарындағы алтын бидайды, қасиетті де киелі нанның ел ырысына айналуының бастауында тұрған алғашқы тың техникасы бүгінгі күні көненің көзіндей мұраға айналды.

Обсуждение

0 моментарии