Мәзір
20 желтоқсан 2020
3 мин
35225
Жариялаған: Айнұр Құлашева

Қазақстанның ауыл шаруашылығы түрлері: бүгіні мен болашағы

Қазақстанның ауыл шаруашылығы түрлері: бүгіні мен болашағы

Жаһандық дағдарыс біздің елдің ауылшаруашылығы саласына қалай әсер етуде? Мемлекет осы саланы қалай қолдап отыр? Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға агроғылымның жәрдемі тиіп жатыр ма? Міне осындай және басқа да өзекті сұрақтар АӨК экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ҚазҒЗИ бас директорының м.а. Ғалия Әкімбекованың World of NAN порталына берген сұхбатының негізгі арқауына айналды.

Ғалия Үйсімбекқызы, еліміздің ауыл шаруашылығын жалпы сипаттап берсеңіз және бұл саланың ел экономикасындағы салмағы туралы айтсаңыз.

– Еліміздің ауылшаруашылығы екі саланы – өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын қамтиды. Бұлар да бірнеше тармаққа бөлінеді. Мысалы, мал шаруашылығын айтар болсақ, ет және сүт өндіруге немесе асыл тұқым өсіруге бағытталуы мүмкін. Айырмашылық өнім түрлеріне, пайдаланылатын техника мен өндіріс құралдарына қатысты болуы мүмкін.

Қазір елдің ауыл шаруашылығы дамудың қандай кезеңін бастан өткеруде? Саланың өсуі немесе құлдырауы не нәрсеге байланысты болады?

– Әрине, ең алдымен бұл сала – ұлттық экономиканың негізгі құрамдас бөлігі. Бұл бірқатар ерекшеліктерге, артықшылықтарға байланысты. Олар – еліміздің ұлан-байтақ жер көлемі (жан басына шаққанда егістік жерлердің ауданы бойынша Қазақстан әлемде жетекші орын алады), мемлекеттің астық пен ұн бойынша әлемдегі ірі экспорттаушылардың қатарында болуы, көрші елдердің (Қытай, Орталық Азия, ЕАЭО және ТМД) тарапынан Қазақстан өндіретін азық-түлік өнімдеріне өсіп келе жатқан сұраныс болып табылады.

Ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Егер нақты цифрлармен айтар болсақ, 2010-2019 жылдары жалпы өнім 3,2 есе өсті, өндірілген азық-түлік құны 2,3 есе өсті. Елдің ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 2019 жылы 4,4%-ды құрады. 2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 5,2 трлн теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері – 2,8 трлн теңге (54,7%), мал шаруашылығы – 2,3 трлн теңге (45,3%) құрады.

2020 жылдың он айының қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылықтары өнімдерінің жалпы шығарылымы 5,4 трлн теңгені құрады, бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,2% жоғары. Өсімдік шаруашылығы өнімдері 7,1%-ға, тірі салмақта мал мен құс сою көлемінің 3,7%-ға, сиырдың шикі сүтін сауудың 3,1%-ға ұлғаю бұл саладағы жалпы өсімнің негізін қалады.

Өндірістің айтарлықтай өсуіне сондай-ақ, пайдаланылатын ресурстардың, яғни, жердің, малдың, кәсіпорындардың қуаттарының артуы, сондай-ақ оларды тиімді пайдаланудың тікелей әсері бар. Мысалы, соңғы бес жылда (2015-2019 жж) егіс алқаптары 5%-ға ұлғайды. Елімізде дәнді дақылдар егісінің әртараптандырылуы жүріп жатыр. Айталық, бидайдың үлесі 85,4%-дан 74%-ға дейін төмендеп кетті, есесіне арпа (8-ден 12,4%-ға дейін), жүгері (0,6-дан 1,1%-ға дейін), бұршақ дақылдары (0,5-тен 1,4%-ға дейін) өсті. Майлы дақылдар, негізінен күнбағыс өсіру азайды, бірақ, майлы зығыр өндірісі керісінше, өсуде.

Жалпылай алғанда, өсімдік шаруашылығында өнім өндірісі қарқын алып келеді. Мәселен, бұршақ, қант қызылшасы, күріш, мақта, рапс, мақсары, жүзім, жеміс-жидек көлемі артты.

Мал шаруашылығы да (шошқа өсіруден басқа) қарқынды дамып келеді. Негізгі өсім 2015-2019 жылдары байқалды, онда орташа жылдық өсу қарқыны 0,7-ден 3,2%-ға дейін құрады. Әсіресе, сиыр, жылқы және құс саны артты. Сауынды сиыр санының көбеюі өз кезегінде сүт өнімдерінің молаюына игі ықпалын тигізуде.

Ауылшаруашылығын дамытуға географиялық ерекшеліктердің әсері туралы айта кетсеңіз?

– Әрине, өнімділікке жергілікті геогрфиялық жағдайлар сөзсіз әсер етеді. Сондықтан да, аймақтардың ерекшелігін ескеру өте маңызды. Қай жерде не өсірген абзал? Бұған ғылыми негіздеме бар ма? Осының бәрі ескерілуі керек. Аймақтың ерекшелігін ескермесе болмайды. Қазіргі уақытта аймақтық ерекшеліктеріне сай ауылшаруашылық өндірісінің белгілі бір түріне маманданған бірнеше аймақтар бар. Маңғыстау облысындағы бір (шөлейт) аймақтан Түркістан облысындағы бес аймаққа дейін және Шығыс Қазақстан облысындағы жеті (дала, құрғақ дала, шөлейт, тау бөктеріндегі шөлді-дала, Орта Азия және оңтүстік Сібір таулы) аймаққа дейін екі-үш мамандандырылған аймақ бар. Қазақстандағы орманды дала аймағы ең өнімді және тұрақты аграрлық өндірісі бар шағын аумақты алып жатыр. Бұл жерлер астық және сүт өндірісін, картоп, майлы дақылдар өндірісін дамытуға бағытталған. Егер Ақмола облысы егін шаруашылығына маманданса, Ақтөбе облысында егін және мал шаруашылығы, ал Шығыс Қазақстан облысы дәнді-майлы дақылдар өсіруге бейімделген. Алайда әр аймақ белгілі шаруашылыққа ыңғайланған болса да, жалпы ауыл шаруашылығының негізін егін шаруашылығы құрайды.

Ауа-райы құрғақ аймақтарда мал және егін дамыған. Бұл аймақтың ерекшеліктері мал, оның ішінде етті мал шаруашылығына да қолайлы. Мәселен, Ақмола облысында егін және мал, Шығыс Қазақстан облысында жылқы, ал Батыс Қазақстан облысында қой шаруашылығы өркендеп тұр.

Мал шаруашылығы шөлейтті аймақтарда да қанатын кеңге жаюда. Мұнда әр түрлі ауылшаруашылық жануарлары өсіріледі. Қызылорда облысында сондай-ақ, күріш пен бақша дақылдарын өсіру жақсы жолға қойылған.

Шөлді аймақтарда көбіне қой шаруашылығымен айналысады. Қарағанды облысында қоймен қатар етті ірі мал өсірілсе, Маңғыстау облысында негізінен қой мен түйе шаруашылығы дамыған.

Қызылорда облысы негізінен күріштің Отаны саналады. Бірақ, мұндағы табиғат қой, түйе және жылқы өсіруге де өте қолайлы. Бұл өңірде белгілі технологиялар (мысалы, тамшылатып суару) енгізілсе, кейбір дақылдарды да (жемшөп, көкөніс және т.б.) өсіруге болады.

Алматы облысы қызылша, көкөніс, сүтті мал және құс шаруашылығына, Жамбыл облысы егін және картоп өсіруге ыңғайланған. Түркістан облысында ірі қара және қой шаруашылығы, Шығыс Қазақстан облысында жылқы шаруашылығы мен майлы дақылдар өсіру дамыған.

Мұның сыртында, Түркістан облысындағы субтропикалық тау бөктеріндегі шөлді аймақ мақта өсіруге қолайлы (мұнда оның жалпы өндірісінің 95,7%-ы орналасқан). Сондай-ақ, көкөніс-бақша дақылдары, жүзім өсіріледі. Сонымен қатар, тек еліміздің осы аймағында ғана темекі өсіріледі.

Жалпы ауыл шаруашылығының белгілі бір саласына бейімделу ауылдағы еңбек ресурсын тиімді пайдалануды одан әрі арттыру үшін кең мүмкіндіктер ашады. Сондықтан болашақта агроөнеркәсіптік өндірісті мамандандыру схемасын негіз ретінде қолданып, соның негізінде ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіретін аймақтар құру қажет деп ойлаймын.

Ғалия Үйсімбекқызы, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету қандай деңгейде?

– Ауыл шаруашылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай дәрежеде қамтамасыз етеді. Алайда, халықтың қажеттіліктерін өтеумен қатар, тауарлардың жекелеген түрлері: ұн, жұмыртқа, жарманың жекелеген түрлері, картоп, өсімдік майы бойынша өнімді артық өндіру де байқалады. Демек, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, бізде өнімнің бір бөлігін экспорттауға тамаша мүмкіндік бар.

Елімізде жер және еңбек ресурстары жеткілікті. Оңтайлы ұйымдастыру және қолдау болса, халықты азық-түліктің негізгі түрлерімен толық көлемде қамтамасыз етуге және мемлекетаралық саудаға белсенді түрде араласуға мүмкіндігіміз мол.

Сіздің ойыңызша, қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешеннің негізінен қай салаларын дамытуға күш салған жөн?

– Астық экспортындағы көшбасшылыққа ұн-жарма өнеркәсібі өнімдері мен майлы дақылдар тұқымдарын өндірудің жақсы көрсеткіштеріне қарамастан, ішкі нарықта белгілі бір өнімдер бойынша тапшылық әлі де бар. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің арасында жеміс-жидек пен құс етіне сұранысты қамтамасыз ете алмай отырмыз.

Бидай мен ұн өндіру бойынша зор мүмкіндіктерге ие бола отырып, макарон өнімдерінің импортына әлі де тәуелдіміз. Импорттың өсімі шұжық, сүт өнімдері, өсімдік майы, қант бойынша да байқалады, әсіресе, балық өнімдері мен жеміс-көкөніс консервілері бойынша да бұл көрсеткіш жоғары.

Өсімдік шаруашылығындағы басты бағыт егін шаруашылығы болып табылады. Елімізде өндірілетін 18-20 млн тонна көлемінде астық халқымыз тұтыну үшін жеткілікті. Жыл сайынғы экспорт 5,5-7,5 млн тоннаны құрайды, алайда егін шаруашылығының көрсеткіштері бұдан да жоғары болуы үшін елімізде барлық мүмкіндік бар десек, артық айтқандық емес.

Біздің сөз етіп отырған саламыз қайткенде әлемдік нарықта бәсекеге қабылетті бола алады? Бұл өте күрделі мәселе. Бұл үшін негізгі ауылшарауашылық аудандарындағы өнімділікті, оның сапасын 28-32 пайызға дейін көтеру керек. Бұл астық, дәнді дақылдар, жем-шөпке, т.б. қатысты.

Аталған міндетті шешу үшін не істеу керек? Әрине, ең алдымен егін, т.б. ауылшаруашылық дақылдарын өсіру қайтсе тиімді саналады, міне, осының жолын білу маңызды. Яғни, инновациялық жобаларға басымдық берілуі қажет. Жергілікті жердің ерекшелігін ескеру туралы жоғарыда бекер айтқанымыз жоқ. Соған бейімделген дәнді дақылдардың жаңа тұқымдарын сұрыптап, өндіріске енгізу керек. Тәжірибе көрсеткендей, жаңа сұрыптар мен жоғары санатты тұқымдардың есебінен дәнді дақылдардың шығымдылығын арттыру 20-25% және одан да көпке жетуі мүмкін.

Ғалия Үйсімбекқызы, аграрлық секторда тағы қандай мәселелерді өзекті деп айтар едіңіз?

– Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің негізгі міндеттерінің бірі ұлттық экономиканың негізгі алға сүйреуші күші ретінде АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, оның аясында қарапайым шаруаларды қолдауға көп көңіл бөлінеді.

Бүгінгі жағдайды сараптай отырып, ерекше назар аударылуы тиіс бағыттарды анықтауға болады. Мәселен, ауыл шаруашылығын одан әрі сапалы дамыту үшін ескірген техника мен жабдықтарды ауыстыру, қазіргі заманғы ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу арқылы өнімділік деңгейін арттыру қажет. Бұдан басқа, аграрлық салада жұмыс істеу үшін жас мамандарды тарту мақсатында ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту (инфрақұрылым, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жеңілдіктер және т.б.) жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Сондай-ақ, өзара тиімді экономикалық қатынастарды қалыптастыруға және өндірілген өнімді тасымалдауға жұмсалатын шығындарды қысқарту мақсатында АӨК-нің ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, қызмет көрсету және сауда-өткізу кәсіпорындары арасындағы интеграциялық процестерді қалыптастыруға ерекше назар аударған жөн.

Саланың күрмеуі шешілуі тиіс ірі проблемаларының бірі – АӨК құрылымында жеке қосалқы шаруашылықтардың көп болуына байланысты нарықта ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақ тауарлар үлесінің көп болуы. Мысалы, сүт пен еттің негізгі өндірушілері – тұқым, тыңайтқыш, жем, техника және басқа да өнімділікті арттыратын құралдарды сатып алуға қаражаты жетпейтін жеке шағын шаруалар. Бұл өз кезегінде тауар сапасының төмендеуіне және отандық өнімнің импортпен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі.

Бұл проблеманы шағын шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сақтау, қайта өңдеу бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру арқылы шешуге болады. Қалай? Біріншіден, олардың тауарларын сатып алатын коперативтер ұйымдастырсақ.

Екіншіден, өндірістік кооперативтер құру, шағын шаруаларды соған біріктіру. Мұның заңды негізін қалау керек. Мысалы, кооперативтерге шағын кәсіпкерлік мәртебесін берген дұрыс. Олар құқықтық жағынан өздерінің неге құқығы және қандай міндеттемелері бар екенін білуі керек. Заң аясында сондай мәртебе берілсе, оларды қаржыландыру, несиелендіру мәселелері де оңтайлы шешімін табар еді.

Жерді тиімді пайдалану – өте өзекті мәселе. Оны суару қазіргі заманғы технология жетістіктері негізінде жүргізілсе нұр үстіне нұр. Қараусыздықтан күтімсіздікке ұшыраған жерлеріміз бар. Оларды қалыпқа келтіру керек. Бос жатқан жердерді пайдалануға көңіл бөлу қажет. Мұның бәрі салаға жақсы серпіліс әкелетіні даусыз. Әрине, дағдарыс жағдайында оларды дамыту мемлекеттік қолдаусыз мүмкін емес. Сондықтан қазір 2030 жылға дейін – 20 млн га, 2031-2040 жылдары – 30 млн га, 2041-2050 жылдары – 40 млн га жерлерді иегеруге бағытталған жаңа бағдарлама әзірленуде. Мұнда көп нәрсе қамтылатын болады.

Еліміздегі шаруаларды қолдау құралдары туралы айтып берсеңіз?

– Бүгінде АӨК субъектілерін мемлекеттік реттеу және қолдау шаралары белгілі бір мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері жеңілдікпен несие алуды неғұрлым тиімді шара деп атайды. Өйткені көбінесе қаражаттың жетіспеушілігі, несиелер бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер кәсіпкерлерге қолбайлау болады. Ал ауыл шаруашылығының әр бөлек саласы белгілі мөлшерде жеңілдікпен қаржыландыруды қажет ететіні даусыз.

Өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары АӨК нысандары үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды және салық төлеудің оңтайлы режимін ұсынуға бағытталған. Аталмыш жоспар аясында мемлекеттік қолдаудың басқа түрлерін айтпағанда, АӨК-де бес жыл ішінде жалпы сомасы 1,71 трлн теңге құрайтын 20 субсидия түрі қарастырылған. Оның ішінде нақты жылдар бойынша айтсақ: 2017 жылы – 246,6 млрд теңге, 2018 жылы – 262,9 млрд теңге, 2019 жылы – 279,3 млрд теңге, 2020 жылы – 385,6 млрд теңге, 2021 жылы – 534,1 млрд теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланған. Субсидиялау көлемінің ұлғайғанын сандарды салыстыра отырып айқын байқауға болады.

АӨК-де субсидиялау көбінесе қаржылай жүзеге асырылады. Тағы да нақты сандарға тоқталсақ, мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың алғашқы үш жылында өсімдік шаруашылығына бағытталған субсидиялардың үлесі АӨК-дегі субсидиялардың барлық көлемінің 23,7%-ын құрады. Мал шаруашылығында бұл көрсеткіш 31,6%-ға, балық шаруашылығында – 0,1%-ға, қайта өңдеу саласында – 1,6%-ға тең болды.

Мемлекеттік қолдаудың 43%-ы қаржы құралдары бойынша субсидияларға тиесілі. Мал шаруашылығы секторындағы субсидиялар үлесінің жоғары болуы етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру, сүт саласындағы импортты отандық өнім көлемін ұлғайту арқылы шешу, сондай-ақ мал басының сапасын арттыру сияқты маңызды мәселелерді оңтайлы шешуге деген ұмтылыспен түсіндіріледі.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына жеңілдікпен несие беруді «ҚазАгро» АҚ еншілес ұйымдары жүзеге асырады. Өткен жылдың үшінші тоқсанының соңында «ҚазАгро»-ның еншілес ұйымдары берген қарыздардың жалпы көлемі 701,4 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,5%-ға артық. Бұл ретте Холдингтен қарыз алушылар арасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 87%-дан астам болды. Ауыл шаруашылығындағы несие алушылардың басым бөлігі шағын кәсіпорындар екенін ескерсек, холдинг агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруда және сектордағы шағын және орта бизнесті қолдауда маңызды рөл атқарады деп айтуға болады.

Сіз ғылыми орталықтың жетекшісісіз. Сіздің ойыңызша, агроғылым ауылшаруашылық түрлерін дамытуға қалай көмектесе алады? АӨК-дегі инновациялық бағыттағы жұмыс неге негізделуі тиіс? Ауыл шаруашылығында енгізілген ғылыми тәжірибелерден нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігіне де, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де әсер ететін маңызды мәселенің бірі – агроғылым мен бизнес-қоғамдастықтың өзара тығыз қарым-қатынасы. Қазіргі кезеңде аграрлық өндірісті тиімді дамытудың маңызды факторы инновациялық модельге көшу болып табылады, ал оның негізі – саланы техникалық және технологиялық қайта жабдықтау болып табылады. АӨК-нің барлық салаларында инновациялар енгізу тиімділікті, бәсекеге қабілеттілікті, еңбек өнімділігін, өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Осыған байланысты ғылыми жаңалықтар қазірдің өзінде ауыл шаруашылығындағы белгілі бір мәселелерді шешуге септігін тигізеді деп сенімді түрде айтуға болады.

Инновациялардың техникалық-технологиялық және өндірістік моделі бүгінде неғұрлым кең таралған. Цифрландыру және өндіріс технологиясының жаңа элементтері өсімдік, мал шаруашылығында, өнімді қайта өңдеу және т. б. бағыттарда кеңінен қолданылады.

Қазақстанда ауыл шаруашылығын автоматтандыру мен цифрлық жүйеге көшудің жарқын көрінісі – АӨК-де ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйін және пайдаланылуын бақылау үшін пилотсыз ұшу аппараттарын енгізу болып табылады. Бұл аппараттар еліміздің көптеген аудандарында, әсіресе солтүстік өңірде, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің карталарын уақытылы жасауға және NDVI вегетациялық индексін талдауға, егістіктердің арамшөбіне мониторинг жүргізуге, топырақтың біртектілігіне және аурулардың дамуын алдын алатын талдау жүргізуге, егістікке бақылау жасауға және картаға түсіруге мүмкіндік береді.

Етті мал шаруашылығында жайылымдарды және қоршауларды чиптеу кеңінен қолданылады, бүгінде «электронды бақташы» жүйесі сәтті енгізілді деуге әбден болады. Сонымен қатар, қыста жылытылатын автоматты астаулар, электронды таразылар және т. б. кеңінен қолданылады.

Сүт өндіру кешендерінде арнайы басқару бағдарламалары бар, сауу қондырғылары пайдаланылуда. Бұл әр сиырдың сүт беру көлемін және осыған байланысты малдарға қажетті жемнің мөлшерін дұрыс анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен Алматы облысының сүт-тауар фермаларында роботтандырылған сауу станциялары енгізілді. Сүт сауу бойынша барлық деректер электрондық жүйеге топтастырылады.

Өсімдіктердің жаңа сұрыптарын, жануарлардың жаңа тұқымдарын, аурулар мен зиянкестермен күресу құралдарын шығаруға бағытталған және күннен-күнге дамып келе жатқан селекциялық-генетикалық инновациялық модельді де атап өткен жөн.

Алдағы 5-10 жыл көлеміндегі ауыл шаруашылығының даму әлеуетіне қатысты қандай болжам жасай аласыз?

– Әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, ауыл шаруашылығы айтарлықтай жоғары қарқынмен дамуда. Алайда даму әлеуетіне қатысты жүргізілген сараптамалар бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы әлі де ақсап тұрғанын көрсетті. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешендегі дайын өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және оның салаларының экспорттық әлеуетін тежейді.

Мал азығы болатын жем, тазартылмаған және тазартылған өсімдік майын өндіретін өндіріс орындарын қоспағанда, азық-түлік тауарларын шығаратын мамандандырылған кәсіпорындар өз қуаттарын әлі де арттыра алмай отыр.

Өкінішке орай, өңдеу өнеркәсібінің деңгейі де Қазақстанның азық-түлік тауарларын шығару бойынша мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді. Бұл бағытта қаржылық тұрғыдан үлкен көлемде пайда әкелуі мүмкін өндірістерді барынша кеңейту керек, бірақ, жүйелі тәуекелшілдікті барынша төмендететуге баса назар аудару қажет.

Біздің болжамымызға келсек, болашақта егіс алқабы көлемінің аздаған өсімі күтілуде (+3,5%), алайда дәнді-дақылдардың үлесі 67%-ға дейін, бидайдың үлесі 49%-ға дейін төмендейді. Ал жем, жарма және бұршақ дақылдарының үлесі керісінше, 29%-ға дейін өседі. Қант қызылшасы егістігінің 30 мың гектарға дейін өсуі және зығыр егістігінің 1,1 млн гектарға дейін төмендеуі есебінен майлы дақыл алқаптары көлемінің тұрақтануы болжануда.

Өнім өндірудің көлемі қазіргі таңда сұраныстан едәуір артық болуына байланысты картоп пен көкөніс-бақша дақылдарын егу 1% дейін өседі деп күтілуде. Мамандар жемді дақылдардың егістігі көлемін де 22%-ға дейін кеңейтуді ұсынады.

Мал шаруашылығы өніміне сұраныс артып, мал басы мен құс санының өсу қарқыны жоғары деңгейде болады, нәтижесінде 2030 жылға қарай мал және құс басы 15,3 млн-ға дейін өседі деген болжам бар. Дәнді-дақылдардың және мал шаруашылығының өнімділігі артады деп күтілуде.

Арнайы есептеулер соңғы он жыл ішінде қалыптасқан саланың даму үдерісіне түзетулер қажет екенін көрсетті. Мысалы, халықтың нан өнімдерін тұтынуы көрсеткіші күннен күнге артып, бұл ҚР Ұлттық экономика министрлігі белгілеген нормадан 25%-ға асып түскен. Ал, дәнді дақылдар егістігі 16,6 млн гектардан 15,4 млн гектарға дейін қысқарған. Яғни, бір-біріне қайшы келетін тенденциялар байқалады. Егер жағдай осы қалпында қалатын болса, астыққа деген ішкі қажеттілікті толық қанағаттандыру тек экспорт көлемін азайту есебінен ғана мүмкін болмақ.

Сондықтан орын алған жағдайға байланысты дамудың кейбір тенденцияларын бәсеңдету, ал басқаларын тиісінше жеделдету ұсынылады. Мысалы, нан өнімдері мен қантты тұтынуды азайту, өсімдік майларына сұранысты төмендете отырып, көкөніс-бақша өнімдерін, картопты, ет пен сүтті тұтынуды арттырған дұрыс деп саналады.

Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуын белгілі бір арнаға келтіру қарапайым халықтың өнімді неғұрлым тиімді тұтынуына ықпал етер еді. Қазірдің өзінде тұтыну нормаларының артуы, халық санының өсуі (22 млн адамға дейін) және өндірістік тұтынудың, соның ішінде азық-түлікке сұраныстың өзгеруін ескерсек, ішкі және сыртқы нарықтарда да едәуір өзгеріс орын алатыны сөзсіз. Бұл ретте импорт бойынша түсімдердің айтарлықтай қысқаруы болжануда. Мысалы, дәнді дақылдар импорты 416-дан (2019 жыл) 2030 жылға қарай 150 мың тоннаға дейін, көкөніс-бақша дақылдары – 371-ден 150 мың тоннаға дейін, ет – 205-тен 100 мың тоннаға дейін, сүт – 456-дан 120 мың тоннаға дейін төмендеуі мүмкін. Өйткені, отандық өнімнің үлесі арта түседі деп күтілуде.

Обсуждение

0 моментарии