Мәзір
21 қаңтар 2021
5 мин
2877
Жариялаған: Айнұр Құлашева

Қазақстандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері Канада АӨК тәжірибесімен танысты

Қазақстандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері Канада АӨК тәжірибесімен танысты

Канаданың Қазақстандағы елшілігінің бастамасымен 20 қаңтарда «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру. Канада тәжірибесі» атты көрме өтті. Бұл виртуалды іс-шара қатысушыларға Канаданың ауылшаруашылық индустриясындағы және агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру саласындағы соңғы жетістіктерімен танысуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды World of NAN.

Көрмеде қатысушылар назарына мал шаруашылығын цифрландыру, өсімдік, жылыжай, құс шаруашылығы және ветеринария саласындағы соңғы канадалық жаңалықтар, енгізілген инновациялық әдістер ұсынылды.

Көрме барысында аталмыш шараның мақсаттары туралы Канаданың Альберта провинциясының өкілі Ааридж Баширмен сұхбаттасқан болатынбыз.

«Көрменің мақсаты – канадалық ауылшаруашылық технологияларын (agtec) Қазақстанда насихаттау. Біз канадалық компаниялармен тығыз жұмыс істейміз және оларға қазақстандық сатып алушылармен, сондай-ақ осы технологияларға қызығушылық танытатын серіктестермен байланыс орнатуға көмектесеміз. Мен Қазақстан өзінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға көп күш жұмсап жатқанын көріп отырмын. Біз көптен бері Қазақстанға келе алмадық. Ал көрме әрбір қатысушыға компания өкілдерімен байланыс орнатуға, ауыл шаруашылығындағы соңғы жаңалықтармен танысуға, компания өкілдеріне тікелей сұрақтар қоюға және кеңес алуға тамаша мүмкіндік туғызады. Бұл виртуалды көрменің мақсаты қазақстандық мемлекеттік органдарға, үкіметке және бизнес өкілдеріне канадалық компанияларды серіктес ретінде қарастыруға мүмкіндік беру», – дейді Аридж Башир.


Көрмеде канадалық жетекші компаниялар виртуалды платформада өздерінің заманауи жабдықтары мен технологияларын таныстырды. Аграрлық саланың көшбасшысы болып саналатын DEVERON компаниясы фермерлерге шығындарды азайтуға және өнімділікті арттыруға көмектесетін мәліметтерді жинауға және талдауға мамандандырылған екен. Компания топырақты сараптамадан өткізу қызметімен қатар пилотсыз ұшу аппараттары – дрондар, фунгицидтер, өсімдіктерді қорғау схемаларын ұсынады.

Тағы бір көрме қатысушысы Bushel Plus компаниясы дақылдардың шығынын анықтауға арналған комбайндарды калибрлеу жүйесін ұсынды.

Livestock Water Recycling мал шаруашылығында пайдаланылған суды және мал көңін өңдеу технологиясымен таныстырды.

EZ enRoute Интернет заттары және жасанды интеллект компаниясы көрмеде мамандар дайындаған жаңа платформаны көпшілік назарына ұсынды. Бұл адамдар мен нысандарды байланыстыруға көмектесетін датчиктер, құрылғылар, шлюздер және басқа жабдықтарды қамтитын деректер желісіне арналған жүйе. Аталмыш жүйеден басқа көрмеге компания автономды дауыстық ботты да шығарды.

Астықты өңдеу және сақтау үшін жоғары сапалы жүйелерді жобалау мен өндіруде әлемдік көшбасшы саналатын Ренн Милл орталығы да іс-шара жұмысына қатысты. Компания әлемнің 25-тен астам елдерінің фермерлерін құрғақ және дымқыл астықты қайта өңдеуге арналған роликті диірмендер, балғалы диірмендер және арнайы араластыру қондырғыларымен қамтамасыз ететін болып шықты.

AGI компаниясы болса тұқымдарды, тыңайтқыштарды, астықты, жем-шөпті өңдеуге арналған арнайы жабдықтар және технологияларымен таныстырды. Мекеме өкілдері AGI технологиялары ауылшаруашылық өнімдерін сақтау, араластыру, ұнтақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және қорғауды жеңілдетуге көмектеседі дейді.

Қатысушыларды мал шаруашылығы саласындағы ең озық мал санын өсіруге бағытталған технологияларды ұсынатын Vytelle презентациясы қатты қызықтырды. Vytelle-дің гормонсыз технологиясы фермерлерге уақытты үнемдеуге және табыс көлемін арттыру үшін малдардың генетикасын жақсартуға, төлдеу коэффициентін арттыруға көмектесетін болып шықты.

Көрмеде бөлек бұрыш Канададағы ең үздік 5 университі және әлемдегі үздік 100 білім беру ұйымы санатына кіретін Альберта университетіне, атап айтқанда, ауылшаруашылық факультетіне арналды. Бұл оқу орны Канадада оқығысы келетін болашақ студенттер үшін, тіпті канадалық ғалымдармен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар жүргізгісі келетін азаматтар үшін қызықты болды.

«Көрме өзара серіктестікті арттыруға арналған алаңға айналды деуге болады. Болашақта шекараларды ашқаннан кейін компаниялар Қазақстанға келе алады және қазақстандық кәсіпкерлер көрмеде онлайн көрсетілген барлық озық технологияларды өз көздерімен көруге мүмкіндік алады», – дейді Аарид Башир.

Виртуалды шара қатысушылар мен бизнес қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Көрмеде ұсынылған инновациялық әзірлемелер мен технологияларды жақында қазақстандық фермерлер де енгізіп, бұл өз кезегінде елдің аграрлық секторының дамуын жаңа деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді деп сенгіміз келеді.

Обсуждение

0 моментарии