Мәзір
07 желтоқсан 2019
3 мин
16124
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Смағұл Сәдуақасұлының қазақ жерің сақтап қалуға қосқан үлесі

Смағұл Сәдуақасұлының қазақ жерің сақтап қалуға қосқан үлесі

Елі үшін туған ер

Халқымыздың сан жылғы тарихында тар жол, тайғақ кешулерден елін аман-сау алып шығуға, тағдырдың тізінен, тозақтың көзінен сақтап қалуға ұмтылған дара тарихи тұлғалар болғаны белгілі.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ағартушы, Қазақ автономиясы ағарту саласының министрі, қазақтың ұлтжанды азаматы, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Мәскеуде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Смағұл Сәдуақасұлы есімі қай қазаққа болсын жақсы таныс. Алаш қайраткерінің Мәскеуде денесі өртеліп, оның туғандары мен туыстары «халық жауының» жақындары ретінде қуғын-сүргінге көп ұшырайды.

Жас Смағұл

Смағұлдың бала кезінен бастап білім алуға деген құштарлығы жоғары болған. Алғашқы сауатын ашқан жергілікті ауыл молдасы. 1915 жылы халықтың сүйікті ұлы Омбы облысындағы Полтава орыс-қазақ училищесін үздік бағамен тәмамдайды. 1916-1918 жылдары Омбы ауылшаруашылық училищесі мен Омбы ауылшаруашылық институтының кооперативтік факультетінде білім алады. 1915-1916 жылдары туған ауылында халық мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал 1931 жылы жаңа білім алуға деген талаппен, сол кездегі беделді оқу орны Мәскеу инженерлік транспорт институтына түседі. 1917-1918 жылдары Смағұл Омбыдағы «Қазақ» жастар ұйымының оң қанатының жетекшісі бола отырып, Алаш қозғалысы ұстанымындағы «Жас азамат» («Молодой гражданин») жастар ұйымы басқармасының хатшысы болып сайланады.

Қайнаған қоғамдық жұмыс

1918-1920 жылдары Ақмола облысы аумағындағы земство басқармасының қызметкері және мұғалімдер курсының оқытушысы қызметін атқарған. 20 жасында Ресей коммунистік жастар одағының Сібір бөлімшесі бюросы, қазақ-татар бөлімінде, Орталық Комитеттің Шығыс жастары Одағының мүшесі, Ресей коммунистік жастар одағының облыстық комиссариат хатшысы болып қызмет атқарады. Өзінің жастығына қарамастан «Кедей сөзі» («Голос бедняка») Омбы облыстық газетінің редакторы болып сайланады. Қоғамдық жұмыстарға айырықша белсене араласа жүріп, «Ұшқын», «Еңбек туы» газеттерінің редколлегия мүшесі болады. 1920 жылғы Қазақ автономиялық құрылтайшылық съезінде ОАК КАКСР Кеңесінің мүшесі, Қаз ОАК саяси хатшысы болып сайланды.

Смағұл өмірінің соңына дейін қазақ мемлекеті мен оның аумақтық тұтастығын қорғады. Ол Қазақстанның ішкі шекарасындағы барлық даулы мәселелердің толықтай зерттеліп, шешілуін, қазақтар мен қоныс аударушы шаруалардың аралас орналасқан жер бойынша туындаған шиеленісті жағдайлары туралы жиі сөз қозғап отырды: «Бәрімізге белгілі болғандай, қазақ жерінде орыс казактар отарлау саясатын жүргізген уақыттан бері қоныс аударушы шаруалар бұл аумақты толығымен жайламай, жердің құнарлысына, өзен-көлдер мен орман шетіне қоныстанды. Патша өкіметі тұсында орыс поселкелері қазақтар орналасқан болыстардан шалғай орналасқан еді. Ол әкімшілік бірліктер бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Егерде біз экономикалық қағидаға сүйенетін болсақ, қазақ болыстарының басым бөлігін орыстар отырған қоныстарға қосуға мәжбүрміз. Бірақ олардың біріккен жұмысы қандай болмақ, осыдан шығатын нәтиже қандай болады, одан көзіміз анық жетіп отырған жоқ. Өкінішке орай, бүгінгі таңда біз халқы аралас орналасқан бірде бір болысты көрмей отырмыз. Біз осындай тәжірибе жасап көруіміз керек, сонда ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басамыз. Бұл мәселе өте маңызды және ойланып барып шешім қабылдауды қажет етеді» деген пікір айтады.

Оның бір дәлелі: Смағұл Сәдуақасұлының ой-пікірі Ақмола облысының Омбы уезі мысалында толығымен дәлелденді. Қоныс аударушы шаруалар қазақ болыстары орналасқан аймақтарға поселкелерін кіргізе орналастырғандықтан, кеңес өкіметі тұсында жүз мыңдаған қазақ ауылының орталығы болмағандықтан, совхоз бен колхоздан тыс жерлерге ығыстырылған болатын. Сондықтан, 1917 жылы қазақ ауылдарының саны күрт кеміп кеткен. Ал 1892 жылы ол көрсеткіш жүз пайыз қазақ ауылдарын көрсетіп тұрған. А. Кузнецов бастаған статистикалық экспедицияның мәліметі бойынша Омбы уезінде 800-ге жуық қазақ ауылы болған.

С. Сәдуақасов Ресей империясының отарлау саясатын қатты сынайды: «Қазақ жері революцияға дейін отар болды. Патша үкіметі Қазақстанның шикізатын, табиғи байлығын пайдаланып «бос жерлерді» қоныс аударушы келімсектерге беріп, өздерінің мәдени, діни, ағартушылық ықпалын жүргізді»,- деп жазады. Смағұл 1921 жылғы әкімшілік-аумақтық межелеу кезінде Сібір ревкомының құрамындағы Семей облысын Қазақ автономиясына енгізу шараларына белсене араласқан. Қазақ жерлерін Ресей Федерациясына қарайтын Батыс Сібірге қосып қайтарып алғысы келген Сібір большевиктері табанды қарсылық көрсеткен. Міне, осындай жағдайда Смағұл Қостанай облысының жерін Қазақстанның құрамында қалдыруға бар күш-жігерін салды.

Мұндай мысалдар өте көп. Қазақтың байырғы жерін сақтап қалудағы Шамадан тыс ұлтжандылық қасиеті мен ниеті үшін ол коммунистік партия тарапынан қатаң сөгіс алады. Ал, Ақмола және Семей облыстарының мәселесіне келгенде, ол ашық түрде оларды Сібір ревкомының құрамында қалдыруға қарсылық білдіріп, экономикалық жағынан қолайсыз, тарихи жағынан қисынсыз екенін айтып Үкіметке қарсы шыққан.

Смағұл өз елінің шынайы ұлтжанды азаматы болды, оның өз халқына деген ыстық махаббаты мен құрметінің шексіз екендігін: «Қазақтар рухани жағынан өте дарынға бай халық болып келеді. Тілінің үні көркем. Халық әдебиеті жоғары деңгейде және көзқарастарының кеңділігімен, әрі әрқилылығымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдері дәл тауып айтылған қысқа ғана ойды білдіреді. Ән-күйі ерекше… Қазақтар намысқой, ақылды, мысқылшыл, жігерлі, сөйлеген сөздері сыпайы әрі қисынды, көркем болып келеді. Олар көңілді, шат-шадыман, жұрт арасында жүруді, әңгіме-дүкен құрғанды ұнатады» – деген сөздері айқын дәлелдейді. Ол өз халқын шексіз сүйіп өтті. Ол үнемі жер мәселесін, қазақтың жерін отарлауды тоқтату мәселесін көтерген бірден-бір тұлға болды. Ақырындап билік Смағұлды саясаттан алыстата бастады. Ал Голощекин қызметке келгенде ол қажетсіз тұлғаға айналды.

1933 жылы Мәскеудегі ауруханада жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Оның туыстары мен туғандары «халық жауының» жақындары ретінде көп уақытқа дейін қуғын-сүргінге ұшырайды.

Ел егемендігін алғаннан кейін ғана Смағұл Садуақасов есімі ұлықтала бастады. Бүгінде оған ескерткіш орнатылып, оның есімі көшелер мен алаңдарға берілді. Оның аты ұрпақтар жадында мәңгі сақталары анық Ел мен жер тағдырына бей-жай қарай алмаған тұлға халық жадында мәңгілікке сақталды.

Обсуждение

0 моментарии