Мәзір
13 қыркүйек 2019
4 мин
4031
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Алғашқы миллиард пұт астық

Алғашқы миллиард пұт астық

Миллиард пұт астық қалай жиналды?

Кеңес үкіметі тұсында тыңның орталығына айналған Қазақстан Одақ көлеміндегі тың және тыңайған жерлерді игерудің жалпы 42 миллион гектар жерінің, 26 миллионын қамтыды. Яғни, жерді игерудің алпыс пайызы Қазақстанда болды. Тың игерудің нәтижесінде Қазақстан ірі астықты республика атанып, экспортқа өз бидайын шығара бастады. Жаңадан көптеген колхоз-совхоздар бой көтерді. Тек қана тың игеру уақытында Қазақстанда 300 мың адам қоныстанған 337 совхоз құрылып, тың игеруге 1 миллион 700 мың адам қатысты. 21,1 миллиард кеңестік рублі жұмсалды. Олар толықтай техникамен жабдықталды. Халықтың жағдайы мен тұрмысын көтеру үшін мектептер мен ауруханалар, мәдениет үйлері, теміржол және тас жолдар салына бастады. Колхоз-совхоздарды құрғанда топ болып жасақтады. Яғни, бір жерге үш совхозды жақын орналастырды. Олардың біреуінде – аурухана, екіншісінде – наубайхана, үшіншісінде астық сақтау қоймасы салынды. Ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғыстан шаршап-шалдыққан халықтың тұрмыс жағдайын көтеріп, рухын асқақтату үшін Кеңес Одағы 1954 жылы Коммунистік партияның кезекті бір Пленумында «Тың және тығайған жерлерді жаппай игеру» туралы Қаулы қабылдап, Қазақстан, Сібір, Орал, Еділ мен Солтүстік Кавказдың тың жерлерін игеру басталып кетті.

Брежневтің естеліктерінен...

Осы шаруаның басы-қасында жүрген Леонид Брежнев өз естеліктерінде «Қазақтардың басым көпшілігі» партияның тың жерлерді игеру туралы шешімін үлкен ықыласпен қабылдап, қолдады.Тың жерлерді игеру қазақтар үшін оңай шаруа емес еді, өйткені ғасырлар бойы қазақ халқы мал шаруашылығымен байланысты болған, ал мұнда көптеген адамдар даладағы ескі өмір салтын бұзып, астық өсіруге айналды... Бірақ жергілікті тұрғындар батылдық пен даналықтың үлгісін көрсетіп, тарихтың биігінен көрінді», - деп жазған болатын.

Сандар сөйлейді

Жалпыхалықтық ұранға айналған науқанда Қазақстан жеріне Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген 14 мыңнан астам комсомолдықтар белсене жұмысқа кірісіп кетті. Сонымен 1956 жылы Қазақстан тың және тыңайған жерлерді игеруден алғашқы милиард пұт астық беріп, рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

1956-1968 жылдар аралығында республикада тағы 4,8 миллион гектар жаңа жер игерілді. Республика мақта, қант қызылшасы, күнбағыс, темекі, жеміс-жидектер мен жем-шөп дақылдарының өндірісін кеңейтті.

Тың жерлерді игеру кезінде (1954-1960 жж.) Қазақстанда жалпы астық өндірісі шамамен 106 млн. тоннаны құрады. Бұл жылдары орташа жылдық астық өндірісі 1949-1953 жылдарға қарағанда 3,8 есе жоғары болды. Қазақстан мемлекетке 63,4 миллион тоннадан астам нан тапсырды. Бұл сандар да рекордтық көрсеткішке пара-пар еді. Қысқа уақыт ішінде Қазақ КСР Кеңес Одағының ең ірі астық қоймаларының біріне айналды.

1958 жылы тың жерлері қайта рекордтық өнім беріп, жалпы 140 миллион тонна астық жиналды. Никита Хрущев естеліктерінде: «Бұл табиғи құбылыс еді. Себебі климаттық жағдайларға байланысты тыңайған жерлер әр бес жылдың екі жылында ғана жақсы өнім бере алады. Себебі топырақтың құрамындағы минералдар сарқылып, оның қайта қалпына келтіру үшін тыңаюға қалдыру керек» деп жазды.

Жыл сайын егістік алқаптарын көлемі ұлғайғанымен тыңгерлер 1956 жылғы рекордтық көрсеткішті қайталай алмады. 1958-1965 жылдар аралығындағы жетіжылдықта тек бір рет ғана бидай дайындаудағы мемлекеттік жоспар орындалды. Алайда, гектарынан алған өнімділік төмен болып, ол тың игеруден алынған бидайдың бағасының өсуіне алып келді.

Тыңнан көрген жақсылық

Жалпы тың игеру қазаққа жаман болды деп айта алмас едім. Дәстүрлі егін шаруашылығы қалыптасып, колхоз совхоздар құрылды. Кеңес Одағының үздік техникалары, білікті мамандары тыңгерлерге қызмет етті. 1956 жылғы рекордтық астық шаруа еңбегінің еш кетпегендігін дәлелдейді. Миллиард пұт астық төккен тер мен есіл еңбектің ақталғаны. Қарлы боран мен ызғырық желге қарамастан, жастық жалынмен жапан далаға келіп, жұмысқа кірісіп кеткен Кеңестік комсомол жастарының жеңісі дер едім. Тың игерудің сәтсіз шыққан реформа деп баға бергенде, Кеңестік техника мен технология, тың игерудің тәжірибесі Қазақстанды тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта да астық экспорттаудан алдыңғы қатарға шығарып отырды. Тың кезеңінде құрылған колхоз, совхоздар әлі күнге дейін егін шаруашылығын дамытып, елді асырап, астықпен қамтамасыз етіп отыр деуге болады. Қазақстан әлемдегі астықты елдің бірі атануының өзі осы тың игерудегі тәжірибемен келді десек артық болмас.

Кеңес Одағы 1954-1960 жылдар аралығында, яғни 6 жылдың ішінде 106 миллион тонна астық алынғандығы тарихи деректерде тіркелінген. Орта есеппен алғанда осы мерзім ішіндегі әр жыл сайын 17 миллион тоннадан астық алынған екен. Әрине, мұндай астықты сол кезде еліміз бүкіл Кеңес одағының күш біріктіріп, көптеген техникаларды Қазақстан егіс алқаптарына шұғыл түрде жеткізгеннің нәтижесінде алғаны анық. Мәселен, 1956 жылғы егіс орағына 2 миллионнан астам адам, 64 мың комбайн, 100 мыңнан астам автокөліктер мен басқа да техникалар қатысқан екен. Қыруар шығын мен тынымсыз еңбектің арқасында мол астық алынды. Ал мұндай миллиардтың экономикалық тиімділігі қандай болатындығы айтпаса да түсінікті болса керек. Оның үстіне сол жылдары әрбір гектардан алынған астық көлемі 7-8 центнерден ғана айналғандығын тарихи деректер дәлелдейді. Осы көрсеткіш сол кезде, яғни тың игеру жылдары Қазақстан астық өндірісінің экстенсивті жолымен дамығандығын көрсетеді.

Тың игерудің әсерін саралай отырып, бұл Қазақстанға оң не кері әсерін тигізді деу артық болар. Әр заманның өз міндеті, ұрпаққа қояр талабы бар демекші тарих бәрін де өз орнына қояды. Қазір Қазақстан әлемдегі ең ірі астық өндірушілердің бірі болып табылады. Оған тікелей себепші болған тың игеру жылдары.

Обсуждение

0 моментарии