Мәзір
12 қыркүйек 2020
2 мин
35628
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Тың игеру жылдарындағы Қазақстанның демографиясы

Тың игеру жылдарындағы Қазақстанның демографиясы

Қазақстан жеріне келген тың игерушілердің легін жастар құрады. Олар иен далаға қазығын қағып, орнықты. Ешқандай елді-мекен болмаған ен далаға келіп қоныстана бастады. Арман –мақсаттары соғыстан кейінгі тұралап қалған халықты астықпен тойдыру еді. Халыққа азық-түлік жетіспеді, адамдар нан алу үшін үлкен кезекте тұруға мәжбүр болды. Азық-түлік жетіспеушілік тапшылығынан арылу үшін, халықты астықпен қамтамасыз ету мақсатында 1954 жылы СОКП ОК елде ары қарай астық өнімін ұлғайтуға, тың және тыңайған жерлерді игеруге шешім қабылдады.

Қазақстанда 1954–1960 жылдары 25,5 млн. га тың және тыңайған жерлер жыртылса, оның 17 млн.  жері Қостанай, Целиноград, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Көкшетау облыстарының аумағында болды. Игеру науқаны басталысымен КСРО-ның түкпір-түкпірінен жастар ағыла бастады.

1954 жылы мәліметтерге сенсек  Қазақстанға 130 мыңнан астам адам, ал 1954– 1955 жылдары барлығы 360 мың механизаторлар, құрылысшылар және т. б. мамандар, инженерлі-техникалық жұмысшылар жіберілді, ал 1954–1960 жылдары 640 мың-нан астам жастар келсе, оның жартысын комсомол жолдамаларымен келген жастар құрады. Сонымен 1954 жылы маусымында тың игеру аудандарында Кеңестік Одақтың республика мен облыстарынан 57 мың комсомолдар мен жастар және Қазақстанның облыстары мен аудандарынан 12 мың жастар жұмыс жасады. Тың игеру жылдары Қазақстан халқының саны 2,9 миллионға немесе 39,2%  ұлғайды. Ал тың игеру аудандарында халық саны 61%-ға өсті. 1954-64 жылдар аралығындағы он жылдықта халық саны  4,4 миллионға өскен. Әсіресе Қостанай мен павлодар облыстарының халқының саны күрт ұлғайған.

Алғашқы тың игерушілерді орналастыруда және мәдени-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз етуде қиындықтар болмай қоймады. Тыңгерлер қаққан қазық толыққанды ауылға айналды. Басында шатырлар мен вагондарда өмір сүрген олар, совхоздарға бірігіп, елді мекендерде мәдени ошақтар, білім беру мекемелері мен тұрғын үйлер салына бастады.

Ақмола облысына – 3705;

Көкшетау облысына – 1363;

Қостанай облысына – 4877;

Павлодар облысына – 1431;

Солтүстік Қазақстан облысына – 2666 адам келген.

Әр елден Қазақстан даласына қарай ағылған адамдардың ағымы шынымен де әсерлі болды. Алғашқы үш аптада тек комсомол еріктілері 25 мың адамды құрады, ал маусымның аяғында келушілер саны 75 мыңнан асып түсті. Сол жылдары бұл көрсеткіш бүкіл Көкшетау тұрғындарынан екі есе жоғары еді, ал  Целинаның астанасы атанған Ақмола тұрғындарының саны екі жылдың ішінде 80 мыңға жетті. 1954 жылдың қыркүйегінде әскери қызметтен босаған әскери қызметшілері де еріктілер қатарына қосыла бастады. Тың игеру басталған алғашқы қыста дейін жыртылған тың жерлердің көлемі  11 мыңға жетті.

Осылайша, 1954-1959 жылдар аралығында Қазақстанның тың аймақтарында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің саны бес еседен астам өсті! Жалпы, Ақмола облысының халқы 41%-ға, Көкшетау – 37%-ға, Қостанай – 56%-ға, Павлодар – 44%-ға өсті. Осы бес жыл ішінде республика тұрғындарының жалпы саны төрт есеге жуықтады.

Тың игеру деген бұл тек жердің жыртылуы ғана емес, бұл сонымен қатар тұрғын үй, мектеп, аурухана, балабақшалар, клуб, жол құрылысы, көпір, аэродромдар, мал шаруашылығының құрлысы, қоймалар, зауыттар мен өнеркәсіп ғимараттарының тұрғызылған уақыты. Республикада әсіресе әлеуметтік нысандар көптен тұрғызылды. Теміржол, елді мекендер арасындағы жолдың құрылысы, электр желілері, телеграф, радио байланыс, ірі элеваторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын ірі кәсіпорындар пайда болды. Осының бәрі де тың игеру жылдары қол жеткен жетістіктер.

Әрине толассыз келіп жатқан осыншама адамды тұрғын үймен азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасы тұрды. Тыңгерлердің естеліктерінде кейбір совхоздар екі-үш күндеп азық-түліксіз қалатындығы жазылған.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы, Черкасск совхозында 26 бала дүниеге келген, ал жұмыс кооперативінде сатып алуға көрпе де, жөргекте, балаларға арналған кереует те, жас нәрестеге арналған киімдер де жоқ, 6 мың жәшік емізік ғана әкелінген. Жұмыспен тұрмыстың қатаң жағдайларына шыдамай мыңдаған тың игерушілер Қазақстан жерлерлерін тастап, өз туған өлкелеріне кері қайтқан. Мәселен, Көкшетау облысына келген 2598 отбасынан 663 отбасы, Ақмола облысында – 412, Павлодар облысында – 416 отбасы өз елдеріне кетіп қалған.

Республика көлемінде ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын бірнеше жоғарғы оқу орны, СПТУ лар мен арнайы техникумдар ашылып, жастарды оқыту мәселесі мен кадр тапшылығы мәселесін шешкен. 1953-54 оқу жылында 9,4 мың жалпы білім беретін мектептерде 1347 мың бала (оның ішінде ауыл мектептерінде 791 мың), балабақшаларда 33 мыңнан астам бала тәрбиеленді. Тың игеру жылдары 44 арнайы білім беретін, 13 жоғарғы білім беретін, олардың 3-еуі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындары ашылды. 196 арнайы білім беретін оқу орындарында 171 мың бала оқыса, 39 – жоғарғы білім беретін оқу орындарында 144 мыңнан астам студенті тәлім тәрбие алды.

Тыңға келгендер ең алдымен партияның тапсырмасын орындап, патриоттық сезімнің желеңімен келгендер еді. Иен далаға қазық қағып, халықты нанмен тойдырамыз деген асқақ арман мен жалаң ұранның жетегінде келген жастардың – тың игеруге келген өзге ұлт өкілдерінің ұрпағы бүгінде Қазақстан жерінде  тамырын тереңге жайып, халықтың басым бөлігін құрауда.

Обсуждение

0 моментарии