Мәзір
08 қаңтар 2021
2 мин
29129
Жариялаған:

Тың жерлерді игерудің экологиялық зардаптары

Тың жерлерді игерудің экологиялық зардаптары

1954-1965 жылдар аралығында жүргізілген тың жерлерді игеру Қазақстан ауыл шаруашылығының даму тарихындағы елеулі оқиғалардың біріне айналды. Бір мезетте салаға білікті мамандар, озық технология мен заманауи жабдықтар тартылғанмен, науқанның асығыс жүргізілуі, әрі толық дайындықтың болмауы отандық экожүйеге орасан зиян келтірді. World of NAN тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында қолданылған ауылшаруашылық тәжірибесі Қазақстанға экология тұрғысынан қалай әсер еткенін, сондай-ақ әйгілі тың игеру науқанынан қандай сабақ алуға болатынын анықтамақ болды.

Тың жерлерді игеру қазақ даласына экологиялық қауіп төндірді

Өздеріңіз білетіндей, 1954 жылдың басында КСРО басшылығы Қазақстан, Сібір, Поволжье, Орал, сондай-ақ елдің кейбір басқа аймақтарында тың жерлерді игеру бойынша үлкен науқан бастау туралы шешім қабылдады. Бұл «астық» мәселесін шешу және алып елдің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. КОКП бірінші хатшысы Никита Хрущев өз кезегінде тіпті асығыс шешім қабылдауға болмайтынын ескерткен сарапшылардың пікірлеріне де құлақ аспады.

ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында да біздің елімізде тың және тыңайған жерлерді игеруге қадамдар жасалды, алайда мамандар ауыл шаруашылығы және астық өндірісі сияқты жұмыстарды күшпен енгізу салдарынан бұл жерлер шөлге айналуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен, жарты ғасырдан кейін Кремль қазақ даласы КСРО-ға қажетті астық көлемін беруге қабілетті деп шешті.

Қалай болса да межеге жету

КОКП Орталық Комитеті мүшелерінің тың игеру идеясына берік болғаны сонша, олар тың жерлерді «көтеруге» еш дайындықсыз, асығыс кірісіп кетті және ұтымды тәсілдерді ескермеді де. Мысалы, қазақ даласында пайдаланылған жұмыс әдістерін алайық. Тың игеру жұмыстарында негізінен соқалар қолданылды және бұл өз кезегінде өңделген жерде жел эрозиясының пайда болуына әкеліп соқтырды. Қарапайым тілмен айтқанда, топырақтың құнарлы қабатын шамалы самал жел ұшырып әкететін жағдайға жетті. Көп күттірмей әр тараптан айтылған жайсыз болжамдар орындала бастады.

Иә, алғашқы жылдары еліміз тың жерлерден көптен күткен астық алды, алайда тиімсіз жұмыс әдістерінің салдарынан бірнеше жылдан кейін жиналған астық көлемі күрт төмендеді. Куәгерлердің естеліктері бойынша, республикада тіпті егіс қоры да жиналмай қалған кездер болған екен. Жел мен химиялық топырақ эрозиясының нәтижесінде пайда болған шаңды дауылдар экологиялық тепе-теңдікті бұзып қана қоймай, нағыз экологиялық апатқа айналды. Тек 1956-1958 жылдары егін алқаптарынан желмен миллион гектардан астам құнарлы топырақ ұшып кеткен, ал бұл Венгрия немесе Португалия территориясына пара-пар көрсеткіш еді.

Көп ұзамай дағдарыс басталды. Ғалымдардың сөзінше, егістіктерді өңдеу тиімділігі 65% -ға төмендеді. Алпысыншы жылдардың ортасына қарай тың игеру науқанының қарқыны мүлдем басылып, жобаға құлшыныс тіпті жоғалып кеткен. Дәл сол уақытта қолданылған әдістердің тиімсіздігі айқын сезілген екен.

1960 жылға қарай тек Солтүстік Қазақстанда жел эрозиясы 9 миллион гектардан астам алқапқа зиян тигізген. Бұл кезде енді көпшілік тіпті кеңестік ауыл шаруашылығында болатын дағдарыс туралы айта бастаған. Әрине, дағдарыс алдымен астық өндірісіне тұсау салды. КСРО соңғы бірнеше жылда алғаш рет шетелден 12 миллион тонна астық сатып алуға мәжбүр болды.

Салдармен күресу

Жағдайды түзету үшін елеулі өзгерістер қажет болды. Топырақты жел эрозиясы проблемасын шешу үшін шұғыл әрекет қажет еді. Себебі бірнеше жылдан кейін-ақ эрозия салдарынан Қазақстан алқаптары кез-келген ауыл шаруашылығы жұмыстарына жарамсыз болып қалуы мүмкін болатын. Мәселені шешу үшін ел басшылығы шұғыл түрде «Топырақты қорғау туралы» заң қабылдады. Фермерлерге алқаптарда жүргізілген ауыл шаруашылық жұмыстарынан кейін сабанды жинамай, алқаптарда қалдыру міндеттелді. Мұның сыртында дәнді-дақылдарды жолақ бойынша егу әдісі енгізілді. Аталмыш өзгерістер аз уақыттан соң нәтиже бере бастады. Кейінірек жұмыс кезінде заманауи топырақты қорғау технологиясы қолданыла бастады. Мұның бәрі біртіндеп мәселелерді шешуге, қазақстандық жерлерді апатты зардаптардан құтқаруға көмектесті.

Тың игеру науқаны бізге не үйретті?

1967 жылдан кейін тың жерлерді игеру ауыл шаруашылығының дамуына белгілі бір оң нәтиже берді деп айта аламыз. Оның үстіне, сол уақытта біздің еліміздің табиғи ресурстарына айтарлықтай зиян келтірілді, науқан салдары тіпті жергілікті экологиялық апатқа әкелуі әбден мүмкін еді. Әрине, біраз уақытқа дейін біз астық проблемасын шешкендей едік, алайда оның құны қандай болды?!

Хрущев 1965 жылы отставкаға кеткеннен кейін және мемлекеттің экономикалық дамуы басқа бағытқа өзгергеннен кейін тың жерлерді игеру бағдарламасы тарих меншігінде қалды. Дегенмен, тың эпопеясынан алған тәжірибе бүгінгі күні де баршамызға сабақ болатындай. Мәселен  тың игеру науқаны ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында табиғатқа зиян тигізбеу керек екенін анық көрсетті. Қазіргі кездегі орын алып жатқан көптеген экологиялық-климаттық мәселелерді ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің болашағы тиімді жұмыс әдістерін, жоғары сапалы органикалық тыңайтқыштар мен инновациялық технологияларды енгізуге тікелей байланысты болатыны сөзсіз. Адамзат қашан да қоршаған ортаға бейімделуі тиіс, ешқашан керісінше емес.

Обсуждение

0 моментарии