Мәзір
13 қаңтар 2021
3 мин
181931
Жариялаған:

Тың және тыңайған жерлерді игеру оң және теріс жақтары

Тың және тыңайған жерлерді игеру оң және теріс жақтары

Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім қабылданды. 1954-1965 жылдар аралығында өткен Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқанын біржақты қарау мүмкін емес: дегенмен бұл жағымды немесе жағымсыз оқиға болды ма? Аталмыш сұраққа біржақты жауап жоқ деуге болады, себебі тыңайған жерлерді игеру біздің елімізге дамумен қатар белгілі бір тоқырау да әкелгені сөзсіз. World of NAN порталы тың игеру науқанына шолу жасап, оң және теріс жақтарын анықтап көрген еді.

Тың жерлерді игерудің оң жақтары

Сараптауды тың жерлерді игеру науқанының артықшылықтарынан бастағанды жөн санадық. Себебі аталмыш науқан Қазақстанның ауылшаруашылығы саласына едәуір ықпал еткеніне ешкім күмәнданбайды. Бұған бірнеше факторларды келтіруге болады.

Мамандардың үлкен ағымы

Тек алғашқы үш жылдың ішінде Қазақстанға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен тың жерлерді игеру үшін 640 мыңнан астам адам келді. Олар әр түрлі жастағы және түрлі мамандық иелері болды: механизаторлар, агрономдар, құрылысшылар, инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, тіпті мәдениет және өнер қызметкерлері де бар еді.

Бастапқы кезеңде Қазақстанға 640 мыңнан астам еріктілер келгенімен, мұнда шын мәнінде ең алдымен қажет болған механизаторлар, тракторшылар және құрылысшылардың саны 130 мыңға жуық болды. Сондықтан қызметкерлердің алғашқы легінен соң тың игеру жұмысына тікелей қатысатын мамандардың кәсіби деңгейін көтеру жұмыстарын күшейту туралы шешім қабылданды. 1954 жылдың аяғында-ақ тың игеруге өзге мамандармен қатар совхоздар мен колхоздардың директорлары, агрономдар тартыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, науқанға ауыл шаруашылығы мамандарын жұмылдыруға көңіл бөлінді.

Білікті жұмысшылардың осындай ауқымды көші-қоны қысқа мерзімде ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.

Механизация

Қазақстанда тың жерлерді игеру жылдарында ауыл шаруашылығының техникалық жабдықталу деңгейі күрт өзгерді. Технология – өндірістің негізгі құралы және жалпы ауыл шаруашылығын дамытудың шешуші факторы екені белгілі. Дәл осыған байланысты тың егістігінде 50-жылдардың басынан бастап бес есе көп трактор жұмыс істеді, ал комбайндар мен жүк машиналары – 6 есе көп еді.

Кейінірек академик Александр Бараевтың басшылығымен елімізде эрозияға қарсы технологияның төрт буыны да сәтті енгізілді.

Ауылшаруашылық өнімділігін арттыру

Тың жерлерді игерудің бірінші бесжылдығында ауылшаруашылық өндірісінің көрсеткіштері күрт өсті. 1954 жылы КСРО 85,5 миллион тонна астық жинады, оның 27,1 миллион тоннасы тыңайған жерлерден алынды. Ал 1960 жылы астық көлемі 125 миллион тонна болса, оның 59 миллионы тың игерудің жемісі еді. Жалпы алты жыл ішінде республикада бұрын тыңайтылмаған 20 миллион гектарға жуық жер игерілді.

Ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым

Әрине, тың жерлерді игерудің жетістігі туралы айта отырып, бұл науқанның инфрақұрылымның дамуына ықпалын айтпай кетуге болмайды. Қыруар жұмыстың нәтижесінде ондаған жаңа қоныстар мен қалалар пайда болды. 750-ге жуық мектеп, 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Және ең бастысы, жаңа баспана ауылдық жерлерде бой көтерді.

Тың жерлерді игерудің кемшіліктері

Енді тың игеру науқанының кемшіліктеріне тоқталсақ. Сарапшылар мен тарихшылардың көпшілігі тың жерлер асығыс игерілді, кейде ұтымды тәсілдер де ескерілмеді деген пікірді ұстанады. Бұл орынды пікірлер еді. Себебі аталмыш асығыстық пен маман кеңестеріне құлақ аспағандық салдарынан көптеген келеңсіздіктер орын алды.

Қоршаған ортаға зиян

Тың игеру жұмыстарының басында қолданылған топырақты өңдеу әдістері (оның ішінде соқа пайдалану) жел эрозиясының пайда болуына әкелді. Қарапайым тілмен айтқанда, топырақтың құнарлы қабатын сәл көтерілген желдің өзі ұшырып әкетіп тұрды. Жел мен химиялық топырақ эрозиясының нәтижесінде пайда болған шаңды дауылдар экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына себепкер ғана болмай, нағыз экологиялық апаттың көрінісіне айналды.

Мәселен тек 1956-1958 жылдары егістіктерден 10 миллион гектардан астам құнарлы топырақ желмен ұшып кеткен. Тек ғалымдардың, соның ішінде академик Александр Бараевтың тікелей араласып, топырақты қорғау және жерді тиімді пайдалану тәсілдерін шұғыл енгізуінің арқасында ғана жағдай қалыпқа келген. Мұндай шұғыл әрекеттер қолға алынбағанда Қазақстанның жерлері кез-келген ауыл шаруашылығы жұмысына жарамсыз болып қалуы мүмкін еді.

Өнімділіктің біртіндеп төмендеуі

Иә, алғашқы жылдары еліміз көптен күткен тың игерудің жемісіндей болған нанға қол жеткізді, бірақ тиімсіз жұмыс әдістерінің салдарынан  бірнеше жылдан кейін жиналған астық көлемі күрт азайып кетті. Ғалымдардың пікірінше, егістіктерді өңдеу тиімділігі 65% -ға төмендеген. Кейіннен тың жерлерді игеруге бағытталған орасан көп техникалық құралдарға, жұмыс күші мен ақша көлеміне қарамастан, алғашқы жылдардағыдай табысқа жету мүмкін болмаған екен. Куәгерлердің естеліктері бойынша, тың игеру науқанының соңғы жылдары елде тіпті егіс қоры да жиналмай қалған.

Қазақстан Республикасында қалыптасқан ауыл шаруашылығының құрылымына соққы

Тың игеру науқанының дұрыс ойластырылмауы табиғат пен өнімділікке ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей көшпелі шаруашылыққа да кері әсерін тигізді. Еліміздегі мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жайылымдардың басым бөлігі жойылып кетті.

Экономикалық шығындар

Тың жерлерді игеруге орасан зор адам саны ғана емес, сонымен бірге адам сенгісіз қаражат тартылды. Тек бірінші бесжылдықтың өзінде КСРО-да ауыл шаруашылығына бөлінген барлық қаражаттың 20% жұмсалды және бұл сома көлемі 20 миллиард рубльді құрады. Алайда, алпысыншы жылдардың ортасына қарай тың игеруге деген құлшыныс жоғалып кетті. Көбісі тіпті кеңестік ауыл шаруашылығында орын алуы мүмкін дағдарыс туралы айта бастады. Әрине, дағдарыс ең алдымен астық өндірісіне қатысты болды. Сол жылдары КСРО алғаш рет шетелден 12 миллион тонна астық сатып алуға мәжбүр болды.

Тың игеру – сәтсіздікке ұшыраған мегажоба

Кеңес Одағының басшылығы қазақ даласында тың игеру туралы шешім қабылдаған сәттен бастап 67 жыл өтті. Билік ол кезде елді нанмен қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіл ауыл шаруашылығының дамуына серпін беруді көздеді. Бұл бірегей мегажоба дұрыс тәсілдер пайдаланылып, тиімді жоспарланғанда  тарихта ғажайып еңбексүгіштік пен адамның шексіз мүмкіндіктерінің мысалы ретінде қалатын еді. Алайда қолданылған жұмыс әдістерінің мақсатқа сай келмеуі, жан-жақты дайындықтың болмауы, кешірілмес асығыстық тың игеру науқанына деген оң пікірдің қалыптасуына кері әсерін тигізді. Әлі күнге дейін бұл науқанды жақтаушылар да, сол кездегі билік саясатын даттаушылар да ортақ пікірге келе алмауда.

Обсуждение

0 моментарии