Мәзір
10 сәуір 2020
3 мин
6906
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Тұтқыннан босатылғандар тың игеру жұмыстарына жегілді

Тұтқыннан босатылғандар тың игеру жұмыстарына жегілді

Түрме. Түрмеде жылдап жатудан асқан қасірет жоқ шығар. Құдай басқа бермесін, түрме тіршілігі оңай емес. Өткен ғасырдың 1930-40-50 жылдарындағы түрмеге қамалғандар мен қазіргілердің жағдайы тым бөлек. Олар барактарда өмір сүріп, қыстың қақаған суығына шыдады, ыстығына төзді. Сапты етек күзетшілердің қорлығын бастан кешті. Қапастың арғы жағында қорлық көргендер талай мәрте бүлік шығарды, көтеріліс жасады. Бірақ мұздай қаруланған кеңестік әскер оларды тырп еткізбеді. Аяусыз қырды, атты, асты, итке талатты. Миллиондап қырылып та жатты. Тарихтың ақтаңдақ беттері көрсеткендей 1930 жылдардан бастап 1956 жылға дейін КСРО түрмелердің мекеніне айналды. 1953 жылы Сталин өліп, бір миллион екі жүз мың тұтқын темір тордан босап шықты. Бірақ арнайы түрмелерде жатқан саяси тұтқындарға бостандыққа шығу бақыты бұйырмады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан тұралаған халық енді есін жия берген сәтте, 1954 жылдың 23 ақпанында өткен КОКП ОК Пленумында қабылданған тарихи шешімнен соң Орталық комитеттің бірінші хатшысы Никита Хрущев елді нанға тойдырам деген ұранмен тың және тыңайған жерлерді игере бастағанын білеміз. Арада алпыс жылдан артық уақыт өтсе де тарих мұны әр түрлі саралайды. Біреулері кеңес халқының ерлігіне баласа, кейбіреулері – авантюра деген баға береді.

Тың игерудің алғашқы жылында тек ғана Қазақстанда төрт жүзден астам астық совхоздары құрылып, КСРО-дағы астықтың жартысынан астамын беріп жатты. Ал осы тың жерлерді игеруге Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен ағылып жатқан халықтың санында шек болмады.

Тың игеру басталғанда идеологияның «машинасы» тоқтаусыз жұмыс істеді. 1954-1955 жыл аралығында «Правда» газетінде 610 мақала жазылып, тың игерудің жұмысы туралы толассыз ақпараттар шығып жатты. Кеңес халқы осыған дейін «жауынгер» сөзін жиі қолданса, бұдан былайғы халықтың екі сөзінің бірі тың игеру болды. Тың игеру жалпыхалықтық науқанға айналды. Газет-журнал беттерінде тың игерушілердің еңбектері әспеттеліп жазылды. Арнайы айдар тағылып, ақпараттар толассыз шығып жатты. Алайда табиғатқа келген залал мен тұрғылықты халықтың тұрмыс-салты, тілі мен дініне нұсқан келіп жатқандығы туралы ешкімде жақ ашпады.

Кеңес Үкіметінің басшылығы қазақтарды жалқау, жатыпішерге теңеп, бұл жердің иесі өздерің деп айтып, тұрғылықты халықты кемсітті. Тіпті Целинный край аталып кеткен аймақтың партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Соколов қазақтар адам емес, оларды немістермен қосып, жаңа ұлт шығару керек деп ұрандатты. Қостанайда қазақ қызы мен неміс жігітін қосып, оларды Социалистік Еңбек Еріне балап, бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында толығымен насихаттала бастады.

Алайда, алғашқы келушілердің 90 пайызы ГУЛАГ атанып кеткен түрмелерден босап шыққандар екендігі жайында тарих үндемейді. Өкінішке орай бұл тақырып бойынша тарихи дереккөздер тапшы. Сталиндік «коммунизмнің құрылыс жобаларына» адал болған ел басшылары арзан жұмыс күшінің тапшылығына тап болған уақытта тарихи сарапшылардың пікірінше, Сталин қайтыс болғаннан кейін тұтқындарға жаппай рақымшылық жасалғанның арқасында, босатылған бір миллион екі жүз мың адам тың жерлерді көтеруге орасан зор үлесін қосты.

Тың игеруші, әдебиеттанушы Анатолий Стрелянный өз естеліктерінде: «1956 жыл еді. Айналамыздағы адамдардың көбі сотталғандар. Сталиндік лагерлердің не екендігін алғаш сол кезде біле бастадым. Жапан далада олар нөмермен белгіленетін. Кейін оларды совхозға айналдырды. Әйгілі 26 нөмерлі лагерде «Отанын сатқандардың» жұбайлары отырды. Мен тіпті солардың бірі, кезінде ІІ Николайдың балаларын баққан қарт әйелден неміс тілін үйренген едім»,- деп жазды ол кейін естеліктерінде.

Орасан зор мөлшердегі жерді игеру үшін адамдар жетіспегендігі рас. Тіпті халық арасында ГУЛАГ тұтқындарын мәжбүрлі түрде еңбеккке тартты деген сыбыстар өре бастады. Шындығында, Кеңес Одағының басшылығы сотталғандарды пайдалану толығымен болмаса да шектеулі ауқымда қолдана бастаған еді. Тың игеруде шынымен де сотталғандардың еңбегі пайдаланылды. Себебі еңбек күші жетіспеді. Әрі жыртылуы тиісті жерлердің көпшілігі сотталғандардың лагерлері болған аймақ еді. Кейін бұл жерлер астық совхоздарының орталығына айналды. Ал бұрынғы тұтқындар тың игерушілердің қатарын толықтырды.

Тың игерудің басы ГУЛАГ лагерлерінің тоқтатылған тұсымен тұспа-тұс келген уақыт еді. 1954 жылы 1929-1933 жылдарының аралығында Сібір мен Қазақстанға жер аударылғандарды тұтқыннан босату туралы шешім шығып, бостандыққа шыққандардың көпшілігі осы жерлерде қалып, тың игеру кезінде жұмыс істеп совхоздарды көтеруге келісті. Өз шаңырақтарын көтерді, елмен бірге етене араласып өмір атты өзеннің ағысына ілесіп кете барды.

Обсуждение

0 моментарии