Мәзір
04 қараша 2019
5 мин
34919
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Арпа, бидай ас екен...

Арпа, бидай ас екен...

Су – тіршілік көзі деп жатамыз. Ал нан тіршілік нәрі деп айтар едім. Зерттеушілер бидайдың шыққан жерін – алдыңғы Орта Азия жерлері ретінде қазіргі Иран аумағын атайды. Алғашында бидайдың он сегіз түрі болып, одан жұмсақ бидай тараған. Ал Жерорта теңізінің аралығынан қатты бидай шыққан.

Қазақстан жерінде 1834 жылдары алғаш рет Семей өңірінде бидай дәні егілгендігі анықталды. ХІХ ғасырда бидай қазіргі Қостанай, Ақмола жерлерінде  егіле басталған. Ал ХХ ғасырдың басынан бастап бидай егумен айналысу күллі елдің аумағына тарап кетті деуге болады.

Дүние жүзіндегі егіс көлемі жағынан бидай алғашқы орында. Екпе дақылдарының ішінде бірінші орында тұрған бидай әлем бойынша 220 миллион гектар шамасындағы алқапқа егіледі екен.

Дүниежүзі халқының басым бөлігі, тіпті тоқсан пайызы деуге болады негізінен бидаймен – нан макарон, кондитер өнімдерімен қоректенгендіктен өнімдердің қоректілігі жоғары болып, халық мұқтажын қанағаттандыру үшін бидай құрамында бағалы сапа көрсеткіштері мен қасиеттері болған абзал.

Бидай дәнінің сапасын көрсететін маңызды көрсеткіш – белок мөлшері мен дән уызы (клейковинасы). Бұл көрсеткіштер бидайдың сапалық құрамын анықтайды.

Өңдеу өнеркәсібі мен экспортқа жөнелтетін қатты бидай сорттары өтімді тауар болып есептеледі.

Бүгінгі мақалада жұмсақ және қатты бидай түрлеріне тоқталамыз.

Жұмсақ бидай – егіншілікте көп тараған, масағы борпылдақ, қылтықты және қылтықсыз болып келеді. Масақ қабықшасы ұзынша әжімді, оның қыры (киль) жіңішке, негізіне қарай жойылып кетеді. Масақтың бет жағы бүйірінен жалпақ.  Дәндері жеңіл үгітіледі, ұсақ, орташа және ірі болып келеді. Айдары айқын ажыратылады, қылдары ұзын болып келеді.

Жұмсақ бидайдың масағы да жұмсақ, дәні жұмыр әрі жылтыр, сабағы қуыс. Оның ұнынан көбіне нан пісіріледі, ол нәрлі және жоғары сапалы болып саналады, құрамында 16%-дай белок болады, жылтырлығы 70%, дән уызы серпімді әрі созылмалы келеді. Жұмсақ бидай Қазақстанда егіс көлемінің негізгі бөлігін алып жатыр. Табиғаттың әр түрлі жағдайына ыңғайлы, өсу қабілеті жоғары болуына байланысты оны көптеген аймақтарда өсіреді.

Орташа нандық күші бар бидай ешқандай нандық қоспасыз ақ жақсы нан береді. Тек  макарон өнімдерін жасағанда пішінін ұстамай, жұмсақ күйінде қалады. Жұмсақ дәннің уызының жиырымдылығы өте әлсіз болады. Сондықтан нан сапасының көрсеткіштері төмен. Осал бидай нанының сапасын жақсарту үшін міндетті түрде күшті бидай ұнын қосады.

Қатты бидай масағы тығыз, призма пішінді, бүйірі бет жағынан кең, негізінен қылтықты. Қылтықтары ұзын, параллель орналасқан. Масақ қабықшасының қыры (киль) негізіне дейін айқын ажыратылған. Масақ асты сабаны паренхима ұлпасымен толтырылған. Масағы қиын үгітіледі. Дәндері сопақша, ірі жылтыр, кейде әлсіз ұнды. Айдары әлсіз дамыған, қылдары қысқа болып келеді.

Бидайдың пайдасы. Қатты бидайдың дәні ірі, сопақша, жылтыр. Оның дәнінде 24% белок бар, ұнының сапасы жаксы, одан кеспе және макарон жасайды, бірақ жұмсақ бидайға қарағанда наны онша көтерілмейді. Жаздық бидай көктемде, күздік бидай күзде егіледі. Күздік бидай, көбінесе, оңтүстік облыстарда өсіріледі. Егіс көлемі, түсімі, дәнінің сапасы жағынан жаздық бидай бірінші орын алады. Ол, көбінесе, Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық облыстарында өсіріледі.

Бидайдың пайдасы. Жақсы қатты бидай астығы жоғары сапалы макарон өндіруге таптырмайтын шикізат болып табылады. Жұмсақ бидай ұнынан макарон өнімдерін жасауға болады, бірақ олар өзінің пішінін сақтай алмайды, омырылғыш, піскен кезде жабысқақ келеді де түсініксіз түске енеді.

Жұмсақ және қатты бидай түрі кең таралғандықтан адамзат дамуында бірнеше өзгеріске ұшырған. Осының нәтижесінде бірнеше түрге бөлініп, сұрыпталудың нәтижесінде ондаған түрлері пайда болған. Бидайдың бір түрінде жаздық та, күздік те, ерте пісетін және кеш пісетін, т.б. сорттар болуы мүмкін.

Бидай – негізгі азық-түліктік дақыл. Оның дәні, кебегі, сабаны құнарлы мал азығы, құрама жем өнеркәсібінің шикізаты. Сондықтан да болар ел тәуелсіздігін алғаннан бері ауыл шаруашылығына, оның ішінде егін егу саласына аса зор көңіл бөлініп келеді.

Обсуждение

0 моментарии