Оны «тың жерлердің бас агрономы», «талантты ұйымдастырушы-зерттеуші», «заманауи егіншіліктің негізін қалаушы» деп атайды. Бұл кездейсоқтық емес еді. Себебі академик Александр Бараев топырақты өңдеудің әдіс-тәсілдерін өзгерткен тұлға еді.
Нан... Наннан құдіретті не бар? Нан – асыраушы, ас атасы. Қасиетті нан... Жас Бараев сол кездегі нанның қадірін жете түсінді. 1908 жылы Санкт-Петербургте дүниеге келген ол өзінің бала күні мен жастық шағын солтүстік аймақта – Витерга маңындағы Онга көлінен он бір шақырым жерде орналасқан Верхняя Понизовье ауылында өткізді (қазір ол Ресейдің Вологда облысы). Александр Бараев жеті бала тәрбиелеп отырған шаруа отбасында тәрбиеленді. Жанұясын асырап-бағу үшін олар таңнан кешке дейін егістікте жұмыс істеуге мәжбүр болды. Анасының пісірген ыстық наны оны балалық шағымен байланыстыратын. Сол бала күнгі татқан дәмнен артық еш нәрсе жоқ еді.
1923 жылы Бараевтар отбасы ауылдастарымен бірге Үлкен Ырғыз өзеніндегі Сарма ауылына көшеді. Қазір бұл Саратов облысының Краснопартизан ауданы. Қоныс аударған шаруалар бірігіп ауылшаруашылық коммунасын ұйымдастырды. Сашаның әкесі Иван Бараев төраға болып сайланып, ал Александр оның сенімді көмекшісі болады. Осы кезде ол орта мектепті бітіріп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген еді. Көзге бірден түскен бозбалаға Балаков комсомол комитеті Куйбышев ауылшаруашылық институтына жолдама береді. Өз естеліктерінде Александр Бараев еңбектің қыр-сырына баулыған әкесіне, одан кейін институт қабырғасындағы оқытушыларына, ғылым жолына себепкер болған ұстаздарына деген ризашылығын білдіріп отыратын.
1930 жылы институтты сәтті аяқтаған Александр Бараевқа оқытушылары аспирантурада қалуға ұсыныс білдіреді. Бірақ ол теориялық білімін ары қарай өндірісте жүзеге асыруды қалайды.
Осылайша Бараев Куйбышев облысы (қазіргі Самара) Чапаев ауданындағы Ленин совхозының басқарушы директоры болып тағайындалады. Білімін тәжірбие жүзінде шыңдаған ол ғылыми қызметпен айналысуды ұйғарады. Сөйтіп, Куйбышев қаласына қайта оралып, ауылшаруашылық институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа кіреді.
Ғылыми жұмыспен айналыса жүріп, ол үнемі тәжірибе жүзінде топырақпен айналысуды тастамайды. Осылайша, институтта үш жыл еңбек еткен соң жұбайы мен кішкентай қызын алып құрғақшылыққа қарсы күрес әдістерін жасаған әйгілі ғалым Николай Максимович Тулайков басқаратын Безенчукская тәжірибе станциясына көшіп келеді. Оның құрғақ егіншілік, өсімдіктер физиологиясы туралы еңбектері әлі де бүгінгі күні өз өзектілігін жоғалтқан емес. Максим Тулайковтың басшылығымен жұмыс жасау Бараев үшін теңдесі жоқ тәжірибе болды. Ол Тулайковты өзінің ұлы ұстазы санайды.
1936 жылы Тулайков ізденімпаз шәкірті Бараевқа Орал өңіріне барып қызмет етуге кеңес береді. Бараев ұстазының ақыл-кеңесіне құлақ түріп жұмыс орнын ауыстырады. Көп ұзамай Александр Бараев станция директорының ғылым жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Елдің батысындағы климаттың құрғақ екендігін білген ол, ауылшаруашылығы мәселелерін шешуге бірнеше жылдар керектігін түсініп, қызметіне кірісіп кетеді. Станцияда жұмыс істей жүріп, кандидаттық диссертация жазып, оны сәтті қорғап шығады. Болашағынан зор үміт күттірер маманды Мәскеу де байқайды, бірден КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің сұрыптау бөлімінің меңгерушісі етіп қызметке шақырады. Бірақ кеңседегі жұмыс Бараевқа ұнай қоймайды. Ол өзін ыңғайсыз сезінді. Ол министр Иван Бенедиктовтен өзін өндіріске жіберуін өтінеді.
Бір жылдан кейін Бараев тәжірибе станциясына директор болып оралады. Бұл 1950 жылдың наурыз айы еді. 1953 жылдың тамызында Бараевқа Қазақ егіншілік институтын басқару туралы ұсыныс түседі. Әрине, бұл қызмет өзгеше еді. Себебі ендігі кезекте ол тәжірбие мен білімді ұштастыратын жаңа ғылыми орта құруға мүмкіндік туғанын түсінеді. Және де ол сол идеясын жүзеге асыруға бар күшін салады. Александр Бараевтың естеліктеріне көз жүгіртсек: «Ол кезде Қазақ егіншілік институтының материалдық базасы әлсіз еді. Республиканың солтүстігінде оның бір ғана тәжірибелік станциясы және бірнеше пунктері ғана болды. Олардың санын көбейту және зерттеу аясын кеңейту туралы шешім қабылданды. Өйткені жұмыс көлемі күрт артып, егуге қарағанда жер жыртуға болатын нақты ұсыныстар қажет болды. Біздің бұл ойымызды сол кезде республикалық партия ұйымын басқарған Леонид Ильич Брежнев қолдаған еді» деп жазды.
1954 жылдың басында, астық өндірісін ұлғайту және тың және тыңайған жерлерді игеру туралы тарихи қаулы қабылдаған КОКП ОК-нің ақпан-наурыз Пленумынан кейін бүкіл ел тың игеруге кірісіп кетті. Жастар мінген пойыздар шығысқа, Сібір мен Қазақстанға жөнелді. Шөпті далада ғасырлар бойына күрек тимеген тыңайған жерлерді жаппай жырту басталды. Сонымен бірге Қазақ егіншілік институты жаңадан құрылған совхоздарға ғалымдар бригадасын жіберіп отырды.
Тарихта болмаған науқан барысында құрғақ жерлерді жыртып, астықты қалай өсіруге болатыны де белгісіз еді. Эксперименттер жасалды, зерттеулер жүргізілді.
Тың игерілген жерлер алғашқы жылдары қуантты. Қазақстан 1956 жылы Үкіметке алғашқы миллиард пұт астық тапсырды. Алайда, көп ұзамай нан өнімі жедел түрде төмендей бастады. Сонымен қатар, егістік жерлердің эрозиясы басталды. Соқа, ауыр тырма, сепкіштер, қопсытқыштармен жырту ең құнарлы топырақ қабатын бұзуға әкеп соқтырды.
Алғашқы шаңды дауылдар басталды. Алпысыншы жылдардың басында жел эрозиясы миллион гектар егістік жерлерде байқалды.Тек Қазақстанда ғана емес - Оңтүстік Оралда, Алтайда, Батыс Сібірде, Ставрополь өлкесінде, Украинаның дала аймақтарында, Ростов облысында да жер эрозияға ұшырай бастады.
Топырақ шаңы көтерілді. Онымен арықтар бітеліп, сирек орман белдеулері тұншығып, көлдер мен дала өзендерінің кебуі басталды. 1963 жылы мамырында А.И.Бараев бұрынғы Торғай облысы Державин совхозында бірнеше совхоз директорларын, бастықтары мен аудан агрономдарының басын қосып, жиналыс өткізеді. Жиналыс үстінде қатты жел соғып, Мәдениет үйінің биік терезелерін қара түнек басады.
Бұрын соңды бұндай табиғи құбылыстар болмаған, бұл жерді дұрыс жыртпаудың нәтижесі - дейді Бараев. Ендігі кезекте ғалымды жер жыртудың жаңа әдістері қызықтыра бастайды. Ол Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының құрметті академигі Терентий Мальцевтың еңбектеріне үңіле бастайды. Академиктің Қорған облысы, Шадрин ауданының «Ильич» колхозында егістік дақылдарына жүргізген тәжірибелері ерекше қызықтырады. Бараев Солтүстік Қазақстан өңірін егістік дақылдарының тәжірбие орталығына айналдыруға болатынына көз жеткізеді. Және бұл ойын 1954-ші жылы Шадринскіде болған кездесуде ашық айтады. Тек, жер жырту кезінде техниканы да технологияны да басқаша қолдану керек екендігін ескертеді.
Қазақ егістік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметінде жүріп, 1957 жылы ол КСРО ауылшаруашылық делегациясының мүшесі ретінде іс сапармен Канаданың ең құрғақ аймақтары Саскачеван, Монитоба және Альберт провинцияларына барады. 1935 жылы Канадада, одан кейін Америка Құрама Штаттары мен Австралияда барлық фермерлер үшін міндетті болған топырақты қорғау туралы заңдар қабылданды. Осылайша, олар дақылдардың ауысуын сақтай отырып, жерді кедергісіз өңдеуді қамтамасыз етті. Тәжірибе нәтижесінде, Канада қуатты елге айналды.
Іс-сапар барысында Бараев топырақты қопсытып, бетіне сабан қалдыратын кескіштерін, жел сепкіштерді және басқа да топырақты қорғайтын құралдарға қызығушылықпен қарап шықты. Бараев үшін бұл сапар ғылыми деректер пен тәжірибеге толы болды. Елге оралған соң өзіне міндеттелген тапсырманы орындауға кірісті.
Ақмола маңындағы Шортанды тәжірибе станциясында жаңа ғылыми-зерттеу институтын ашады. Әрине, кез-келген жаңа бастамада қиыншылықтар да болады, бірақ соған қарамастан ғалымдар өздеріне жүктелген жұмыстың маңыздылығын түсініп, жаңа міндеттерге белсене кіріседі.
Алдымен институттың жетекші бөлімдерін ауылшаруашылық топырақтану, агрохимия, жемшөп өндірісі, көкөніс шаруашылығы, механизация, экономика салаларын жабдықтау қажет болды. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен білікті мамандар шақыртылды.
Олардың әрқайсысы ауылшаруашылығының барлық іргелі мәселелері бойынша егістік даласында тәжірибелер, ауқымды зерттеулер жүргізумен айналысты. Ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік алқабында жаңа әдістер сыналып, зерттеулердің тиімділігі немесе тиімсіздігі сараланып отырды.
Өңдеу техникасы ретінде алғашында канадалық көліктер болды. Алайда, жергілікті табиғаттың ерекшелігіне және басқа себептерге байланысты олар жарамсыз болып қалды.
Институтта Сибсельмаш, Красная Звезда, ВИМ ауылшаруашылық инженерлік институттарының мамандары, жаңадан құрылған «Қазақсельмаш» және «Целиноградсельмаш» зауыттарының дизайнерлері мен мамандары жұмыс істеді. Нәтижесінде эрозияға қарсы жабдықтардың төрт буыны жасалды. Мұның бәрінде, әрине ұйымдастырушы ретіндегі талантты ғалым және топырақты қорғаудың жаңа идеяларын табандылықпен насихаттаушысы А. И. Бараевтың қомақты үлесі бар. Бараев және оның ғылыми мамандары жасаған топырақ қорғау жүйесі жерді тозудан сақтап, шаңды дауылдар мен эрозиядан сенімді қорғай алды. Дәлірек айтсақ, ол тың жерлерді сақтап қалды.
Әзірленген ғылыми жаңалықты енгізу Бараев пен оның командасына оңайға соқпады. Бараев институтының ғалымдары бұған он бес жыл уақытын жұмсады.
1972 жылы Сібір, Еділ бойында, Оңтүстік Оралда, Украинаның оңтүстігінде және Солтүстік Кавказдың 61,4 млн гектар жеріне, оның ішінде Қазақстанда 22 миллион га алқапқа топырақты эрозиядан қорғайтын егіншілік жүйесі енгізілді. Дәл сол 1972 жылы А. И. Бараев бастаған бір топ ғалымдар КСРО- дағы ең беделді сыйлық Ленин сыйлығын иеленді.
1971 жылдың күзінде Шортандыға Канаданың ауылшаруашылығы журналының бас редакторы келіп, Бараевпен кездеседі. Канадаға барған кезде Александр Бараев Саскачевандағы редактордың кеңсесінде болып, оның егістіктерін көрген екен. Бұл сапарда канадалық қонақ академикпен ұзақ уақыт сөйлесіп, Бараев оны егін алқабына апарады. Кездесу барысында ол институтта қолданылатын ауылшаруашылық технологиялары туралы айтып берді.
Алтынға боялған бидай алқабының үстінде тұрып, Бараев шетелдік қонаққа институт шығарған «Пилотрик-28» сортын таныстырады. Бұл алқаптан гектарына 20-25 центнерден аламыз деп жоспарлап отырмыз деген сөзіне канадалық қонақ: «Биыл Сіздер рекордтты астық жинайсыздар»,- деп таңданысын жасырмайды.
Александр Бараев 1985 жылдың күзінде, өзінің сүйікті уақыты қыркүйек айында дүние салады. Бар ғұмырын нан мен далаға арнаған Бараевтың дүние салуы дәл егін жинайтын алтын күз уақытына келгендігі нағыз әділетсіздік болғандай көрінеді.
Бүгінде Шортанды ауылындағы Институт ғимаратының жанында және оның қабіріне А.И.Бараевтың мүсіні орнатылған. Елордадағы (Целиноград) ауылшаруашылық институтының студенттері үшін А.И.Бараев атындағы екі стипендия тағайындалды. Бараевтың есімі – Нұр-Сұлтан қаласының орталық көшелерінің біріне берілді.
Институт құрылған уақыттан бері үш академик, үш Лениндік сыйлықтың лауреатын, екі Социалистік Еңбек Ерін, екі Мемлекеттік сыйлықтың лауреатын, жүзден астам кандидат және он бес ғылым докторын, Бейбітшілік пен Келісім сыйлығының бірінші лауреаттарын шығарды. Олар ауылшаруашылық ғылымын жаңа белеске көтерді деп ауыз толтырып айтуға болады.
Обсуждение