Ауылшаруашылығын қолдау мақсатында әлемнің бірқатар елдерінде аграрлық банктер жұмыс істейді. Ал біздің елде фермерлер «ҚазАгро» ұлттық холдингі арқылы несиеге қол жеткізе алады. Егін егу, не күзгі жиын-терін барысында шаруа қожалықтары осы мекеменің есігін тоздырады.
Бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында несие арзандатылып отыр. Бұл әрине, фермерлер үшін үлкен көмек. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі және оның еншілес ұйымдары тұрақты түрде кредит мөлшерлемесін оңтайландыру бағытында жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарына берілетін пайыздық мөлшерлеме айтарлықтай төмендетілген.
Мәселен 2019 жылы ауылшаруашылық өнеркәсіп субъектілерін несиелеуге мемлекет 60 миллиард теңге қаражат бөлген. Қарыз алушылар үшін жылдық пайызы 7%. Екі мыңнан астам фермерлер аталмыш қаражатты пайдаланып, 3,13 миллион гектар жерге егін еккен.
60 миллиард теңге кредиттік серіктестіктер арқылы, 33 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы, ал 14 миллиард теңге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдары арқылы таратылған.
Мәселен, «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаражаттың 80 пайызы астық егуші өңірлерге берілді. Соның ішінде Ақмола облысы – 19,3 млрд.теңге, Қостанай облысы – 12,4 млрд.теңге және Солтүстік Қазақстан облысы -16,3 млрд.теңгеге ие болды. Қалған өңірлерге несие өтініштер бойынша бөлінген.
Агронесие корпорациясына ұсақ, орта шаруа қожалықтары өтініш бере ала ма?
Әрине, әрбір қарыз алушыға жеке өтінім жасалады. Сондай-ақ несие алушы адамға бөліп төлеу жоспары мен несие мерзімін ұзарту сынды арнайы шарттар ұсынылады.
Ақмола облысы Шортанды ауданына қарасты «Барыс-2011» шаруақожалығының директоры Болат Таңатаров бізге мемлекеттік бағдарламаның жергілікті шаруаларға тиімділігін айтып берді. Мәселен,Шортанды ауданына қарасты Бозайғыр ауылындағы шаруа қожалығы 3 мың гектар жерге егін егеді. Биылғы жылы егін шығымы орташа болды. Өткен жылмен салыстыруға келмейді. Бидай гектарынан 6-7 центнерден айналса, арпа 10 центнерден шыққан. Шілденің аптап ыстығы мен тамыздағы жауын-шашын егін шығымын төмендедіп жіберді - дейді, ол.
Үнемі Үкіметтің қолдауына зәру шаруалар алдымен екінші деңгейлі банктерді жағалайды. Болат Таңатаров мырза да несие алу мақсатымен 2011 жылы екінші деңгейлі банке барып, ол жерден несие ала алмаған соң Агрокредиттік корпорацияға келген. Енді міне 4-5 жылдың айналасында жылдық пайыз мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын ауыл шаруашылығын қолдау несиесін тұтынуда. «Жылына 40 миллон теңгеге жуық несие аламын. Бұл тұқым, жанар-жағармай, техникаға қосалқы бөлшектер алуға , материалдық базаны толықтыруға жетеді. Төрт жыл бұрынғы жағдайға қарағанда қазір құжат жинау мәселесі де оңтайлы шешілген. Egov порталы арқылы барлық құжаттарымызды электронды түрде тапсырып, қаражатымызды уақытында аламыз. Мысалы ақпан айынан бастап құжат жинап, тапсырсақ, сәуір айында қолға ақшамызды аламыз»,- дейді Болат Таңатаров. Әсіресе, биылғыдай қуаңшылықта диқандар мемлекеттік қолдауға үміт артады.
Егін егумен қоса мал шаруашылығын қатар алып жүрген шаруашылық «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мал басын, әсіресе қой басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Астық қолхаттарының тиімділігі
2016 жылдың шілдесінен бастап астық қолхаттары электронды жүйеге көшірілді. Елімізде астық қолхаттары мен қойма қызметін ұсынатын 196 астық қабылдау кәсіпорны бар. Бұл ретте электронды жүйеге жалпы сыйымдылығы 13,5 млн тонна болатын 151 элеватор тіркелген.
Бұл астық айналымының ашықтығын көрсетеді. Ал қағаз күйіндегі қолданыста жүрген астық қолхаттары Заң бойынша 2020 жылға дейін жарамды.
Жалпы астық қолхаты дегеніміз не?
Мәселен, бұрын фермерлер әкелген астықтарының қолхатын алу үшін элеваторға барып, сол жерде тапжылмай күтіп отыратын. Астық түсірген әрбір көлікті есептеп, күн сайын элеваторға баруға мәжбүр болатын. Қазіргі электронды астық қолхатын үйде отырып-ақ алуға болады. Ол үшін керегі интернет пен компьютер, смартфон да жарайды. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жұмыс барынша ашық жүргізіледі. Бұрын астық қолхатын қыркүйектен бастап өткізетінбіз. Сосын, оны сату үшін қараша, желтоқсан айына дейін күтетінбіз. Қазір қанша астық тапсырдық, ол қалай сақталып жатыр деген мәліметтің бәрін үш күн сайын біліп отырамыз. Яғни, электронды астық қолхатының арқасында астық өсірушілердің қаншалықты еңбек етсе, соншалықты зейнетін көретін жағдайға жеткен. Тағы бір айта кетерлігі, астық қолхаттарының «құнды қағаз» деген мәртебесі бар, ол астық иесі қаншалықты астық тапсырса, соншалықты мүліктік құқығын растайды. Ал ол фермерлер банктен несие алғысы келген жағдайда кепілдік ретінде қолдануға да жарамды.
"Кеткен шығынды жапсақ соғанда тәубе"- дейтін шаруаларға, шын мәнінде Үкіметтен қаржылық қолдау қажет. Осы орайда, пайызы төмен несиелер мен субсидиялар қолжетімді болса екен деген тілек бар.
Обсуждение