Мәзір
13 қазан 2019
4 мин
1834
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Ғылыми-зерттеу инситуттарының ауылшаруашылығындағы орны

Ғылыми-зерттеу инситуттарының ауылшаруашылығындағы орны

Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері. Әрі бәсекелестікті талап ететін сала. Мұнда өнім алуға мүмкіндік беретін жаңа техникалар мен технологиялар кеңінен пайдаланылмаса, білікті мамандар еңбек етпесе жоғарғы өнім алу да азая бермек.

Жалпы, егін егу, одан жоғары өнім алу үнемі ізденуді талап етеді десек артық болмас. Себебі ғылым мен өндіріс егіз ұғым. Бірінсіз бірі дамымайды. Бұл ретте ауылшаруашылығын дамыту бойынша ғылыми-зерттеу инситуттарының алар орны ерекше. Бүгінгі мақаламызда астықты Солтүстік Қазақстан аймағындағы Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу инситуты жайында кеңірек ақпарат береміз. Құрылғанына 60 жылға жуықтаған институт айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Бүгінде Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау және Қарағанды өңірлерінде мал шаруашылығының, жем-шөп өндірісінің және ветеринарлық медицинаның дамуына ғылыми қолдау көрсету үшін құрылған Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу инситуты еліміздің тағы екі қаласында Алматы мен Шымкентте де жемісті еңбек етіп келеді.

Бәрі неден басталды

Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенінің тірегі болып саналады. Тың жерлерді игеру басталғаннан бері мұнда ауыл шаруашылығы жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Қол жеткен жетістіктерді пайдалану және арттыру үшін елдің солтүстік аймақтарының жағдайларын ескере отырып, қуатты ғылыми база құру және одан әрі дамыту қажет болды.

Сондықтан институттың құрылуы туралы ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1961-62 жылдардағы шешімдеріне байланысты Бескөл совхозының базасында Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Оған Целинный өлкесінде мал шаруашылығын дамытудағы ғылыми мәселелерді шешу, кейін совхоздар мен колхоздарды мал мен егін шаруашылығын дамыту, оны практикаға енгізу жұмыстары тапсырылды.

Институттағы жем-шөп өсіру бөлімі облыста көпжылдық және жылдық жемшөп дақылдарының тұқымын негізгі жеткізушісі болды.

Ел күйреген жылдары ауылшаруашылық жүйесі қайта құрылды: колхоздар мен совхоздар енді ірі масштабта жұмыс істей алмайтын ұсақ ауылшаруашылық кәсіпорындарына ауыстырылды.

Әрине, тоқырау жылдарында қаржыландыру күрт қысқарған кезде институттан ғылыми қолдау аламыз деп сену қиын болды.

Қазір дағдарыс өтті, елдегі ауыл шаруашылығы қайтадан жаңару сатысында. Мемлекет ауылшаруашылық тауар өндірушілерін, әсіресе мал өсірушілерді қолдау бойынша көптеген бағдарламалар ұсынып, оны жүзеге асырып келеді. Агроөнеркәсіптік кешеннің сәтті дамуы, алдымен ғылыми қолдауды қажет етеді. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қазақстанның солтүстігіндегі ауыл шаруашылығының қазіргі дамуына бағытталған көптеген жобаларды әзірлеуде.

Құрылғаннан бері ұйымды әйгілі ғалымдар Иван Кожуховский, Виктор Вернигор, Евдокия Солдатова, Марат Кинеев басқарды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют ауданында шаруашылық басқарып, кейін Бескөлде бас зоотехник болып қызмет атқарып, тәжірибесі толысқан Аймағамбет Сабырұлы да басқарған біраз жылда ішінде 67 пәтер салынып, балабақша мен клуб пайдалануға берілді, 21 шақырым жолға асфальт төселіп, жемазық цехы мен қойма тұрғызылды. Төрт бөлімшесі бар үлкен кеңшардың қорадағы мал басы 4400-ге жеткізілген. Шаруашылықтың көрсеткіштері де жақсы болды, әр сиырдан жылына 3500 литр сүт сауылып, дәнді дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 20 центнерден өнім алынды. Тәуелсіздік алып, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшкен тұста да ол өзінің мықты менеджер екенін көрсетті.

Институт құрылымы

Институт құрамына 4 күрделі бөлім кіреді: мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ветеринария және биотехнологияны енгізу бөлімі. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында 60 маман қызмет етеді. Оның үшеуі ғылым докторы болса, 15-і ғылым кандидаты. Жуық арада институт негізінде топыраққа агрохомиялық зерттеу жүргізетін зертхана ашылмақ. Қазіргі таңда мұнда жемазық және сүт сапасын тексеретін зертханалар жұмыс істейді.

Ғылыми-зерттеу институтының кітапханасында 40 мың данадан астам кітап, ғылыми-инновациялық кешен,  мал азығы, олардың қаны мен сүтін талдайтын заманауи толық компьютерленген зертханалар бар. Соңғы техника адамның  қолы тимей ақ талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдар ішінде 200 миллион теңгеге сатып алынған жабдық қазірдің өзінде нәтиже береді. Жемшөптің химиялық құрамы мен тағамдық құндылығына кешенді зерттеулер жүргізілуде, бұл егістік және табиғи жемшөп алқаптарында жемшөп өндіру жүйесін дамытуға, сонымен қатар жоғары сапалы жемшөп дайындау технологиясын жасауға, жануарларды азықтандыру нормаларын жасауға және олардың көбею жолдарын табуға мүмкіндік берді.

Жұмыстың негізгі бағыттары

Қазіргі басшының айтуынша, институт өзінің қалыптасқан жарты ғасырлық дәстүрлеріне әлі де адал. Оның мамандары малдың жергілікті азық-түлікке және климаттық жағдайға бейімделуін, сонымен қатар Қазақстанның солтүстік аймақтарында жылқы шаруашылығының, қой мен құс шаруашылығының дамуын зерттейді. Институт елу фермерлік шаруашылықтармен, соның ішінде К.Т.Зенченко және К, «Жанбай» ЖШС (Қызылжар ауданы), «Тайынша-Астық» ЖШС (Тайыншы ауданы) және басқалармен асылдандыру  жұмыстарын ғылыми қолдау бойынша жұмыс істейді.

Әртүрлі меншік нысандарындағы мамандармен және фермалармен тығыз ынтымақтастықта. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Сұлукөл меринос қойының зауыттық түрін, қазақтың ақбас сиырларының тұқымдық типін, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан фермаларында қызыл дала ірі қара малының жеті зауыттық желісін құрды.

Институт ұжымы ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу арқылы, атап айтқанда  жаңа тұқым түрлерін, малдың жаңа сортын алу сияқты жаңашылдықтарды енгізу арқылы ел бюджетін айтарлықтай үнемдеді деуге болады.

Ғалымдар деградацияланған жайылымдарды жақсарту және оларды Қазақстанның солтүстік аймағында тиімді пайдалану технологияларын жасады. Жайылым жерлердің шөбін арттыру технологиясы енгізілді.

2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік өрісінде күнбағыс пен венгр селекциясы, жүгерінің жаңа будандарын сынақтан өткізуде.

2018 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары аумақтарына далалық түсірілім жүргізуге келісім шарт орнатылды.

Институт қызметкерлері барлық салалардағы ғылыми өнертабыстар арқылы 50-ден астам патентке ие болды. Сондай-ақ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің биология және ауылшаруашылығы кафедрасының студенттері арасында ветеринария, мал шаруашылығы салаларында кадрларды даярлау және қайта даярлауды қамтитын үш күндік және апталық курстар ұйымдастырып, студенттерге мал және өсімдік шаруашылығы бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар өткізуді дәстүрге айналдырған.

2012 жылы институтта «Қызылжар» білімді кеңейту орталығы ашылып, онда 300-ге жуық адам агроөнеркәсіптік кешеннің түрлі салалары бойынша курстардан өтіп, білімдерін жетілдірген.

Халықаралық ынтымақтастық

Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты алыс және жақын шет елдердің жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен (АҚШ-тың Пенсильвания университеті, Сібір ғылыми-зерттеу және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Алтай ғылыми-зерттеу институты) мал шаруашылығы, жемшөп өндірісі бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруда.

Аталмыш ғылыми-зерттеу институтын дамыту тек фермерлерге ғана емес, сонымен қатар тауар өндірушілерге де қажет. Фармацевтикалық өнім өндірушілердің сұранысына ие. Себебі институт ғылымдары биотехнологиялық негіздерді жетілдіру мәселесін алдыңғы қатарға қойған.

Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының болашағы зор, өйткені біздің елде егіншілік, жалпы ауылшаруашылығы саласы әлі де даму сатысында.

Обсуждение

0 моментарии