Мәзір
27 қаңтар 2020
3 мин
9016
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Сүдігер жыртудың тиімділігі

Сүдігер жыртудың тиімділігі

Баптай білсең жер жомарт!

Егін егетін жерді, егін алқабының топырағын өңдеу егіншілік мәдениетін көтерудің бірден бір негізгі шарты болып саналады. Сапалы өңделген топырақта дақылдардың өсіп, дамуына қажетті жағдайлардың бәрі жасалады. Дұрыс бапталған топырақта ылғал мол жиналып, ұзақ сақталады. Сонымен қатар, қар мен жауын суы тез сіңеді. Күзгі жиын-теріннен кейін топырақты өңдеудің мақсаты – келер көктемде егілетін дақылға қолайлы жағдай туғызу екендігін шаруалар қауымы жақсы біледі. Сондықтан топырақты парға жырту, былайша айтқанда сүдігер жырту жұмысына ерекше назар аударады.

Ылғалды сақтап қалу, топырақтың ластануымен, зиянкестермен және түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары ауруларының қоздырғыштарымен күресу үшін сүдігер жыртылады.

Сүдігер жырту деп келер жылы көктемде себілетін немесе отырғызылатын жаздық дақылдар үшін осы жылғы жаздың екінші жартысында немесе күзде жүргізілетін топырақты негізгі өңдеуді айтады. Топырақтың құнарлылығын және ауылшаруашылық дақылдарының өнімін артыруда сүдігер жыртудың үлкен өндірісітік маңызы бар.

Қазақстанда атмосфералық жауын-шашын мөлшері тапшы, сондықтан сүдігер жырту топыраққа күзгі, қысқы және көктемгі жауын-шашын мен қар суларының жақсы сіңуін, қамтамасыз етуге керек. Сонымен қатар сүдігер жырту топырақта микробиологиялық процестің жақсы жүруіне, жырту алдында топыраққа берілген органикалық, минералдық тыңайтқыштар мен топыраққа сіңірілетін өсімдік қалдықтарының және жасыл тыңайтқыштардың тез ыдырауына, сөйтіп танапта коректік заттар қорының мол жиналуына қолайлы жағдай жасайды.

Күзде сүдігер жырту алқаптағы арамшөптерді, олардың тұқымдары мен вегетативтік көбею мүшелерін, ауылшауашылық дақылдарының зиянды жәндіктері мен ауру қоздырғыштарын жоюға, көктемгі егістік жұмыстарды жүргізу кезінде қарбаластық тудырмауға толық мүмкіндік береді. Сүдігер жырту шаруашылықта техникалар мен ауылшаруашылық машиналарын және құралдарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік туғызады.

Көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерінің, оның ішінде бұрынғы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы институты мен Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институтының жүргізген көпжылдық тәжірибелері күзде сүдігер неғұрлым ерте жыртылса, соғұрлым оның тиімділігі арта түсетіндігін көрсетті. Десекте, кейінгі жылдары құрылған жеке шаруашылықтар, шаруа қожалықтары және басқа кішігірім шаруашылықтарда қаржы тапшылығына байланысты техникалардың, жанар-жағар майлардың жетіспеушілігінен күзде көбінесе сүдігер жыртылмайды, немесе өте кеш және сапасыз жүргізіледі. Сондықтан сүдігер жыртудың тиімділігі онша болмайды.

Пар және оны өңдеу жүйесі

Белгілі бір уақыт ауылшаруашылық дақылдарынан бос болатын және арамшөптерден таза күйінде ұсталатын танаптар пар деп аталады. Ол күздік және жаздық дәнді масақты дақылдар үшін өте жақсы алғы егіс. Пар танапта ылғал қорын жинау, сақтап және оны үнемді пайдаланады, топырақ қабатындағы микроорганизмдердің белсенділігін арттырады, топырақтағы коректік заттар қорын молайтады, танапты арамшөптерден, өсімдік зиянкестері мен ауру қоздырғыштардан тазартады. Сондықтан пар жырту ісі де мол өнім алудың кепілі. Пар арам шөптен таза болуы, топырақтағы ылғал, қоректік заттар қорын көбейту үшін жаз бойы бірнеше рет өңделеді. Пар жырту әдісі таза, ерте, ықтырмалы, екпелі, ерте, жасыл пар деп бірнеше түрге бөлінеді.

Таза қара пар күзде жыртылған жер көктемде көң шашып қайта өңделеді, тырмалап қопсытылады, культиваторланады. Таза қара пар қуаңшылық аймақтарда тиімді. Ерте пар егістікті көктемде жыртып өңдейді. Ықтырмалы пар – ылғалы тапшы аймақтарда егістікке қар тоқтату, топырақты жел эрозиясынан және күзгі суықтан сақтау үшін қажет. Ықтырмалы пардан кейін бидай өнімі гекғтарына 2-3 ц артады. Ылғалы жеткілікті аймақтарда егістікті үдемелі пайдалану үшін таза пардың орнына екпе пар қолданылады. Бұл жерге ерте пісетін дақыл егіледі де, ол орылған соң келесі дақылға қолайлы су, қорек жағдайын туғызу үшін топырақ пар ретінде өңделеді. Жасыл пар – топырақты тыңайтудың бір түрі. Мұнда жерге бөрі бұршақ тұқымдас егіп, оны көктеген топыраққа араластырып жыртады. Мұндай топырақта қоректік заттар молаяды.

Екпе пардың өзі жаппай және отамалы екпе пар болып екі түрге бөлінеді.

Жаппай екпе парға көп жылдық және бір жылдық шөптер, мысалы, жоңышқа, сиыр жоңышқа, малға беретін бөрі – бұршақ, талшықты зығыр, қыша, т.б егіледі. Жаппай екпе парда өскен дақылдар ерте жиналады да, өзінен кейінгі өсімдіктерге жақсы алғы дақыл болады, топыраққа органикалық заттар қоры жиналады, сөйтіп күздік дақылдардың өнімін едәуір арттырады.

Отамалы екпе пар. Отамалы екпе парға көбіне бұршақтың, картоптың ерте пісетін сорттары, сүрлемдік жүгері, т.б егіледі.

Жерді баптай білген қызығын көреді. Топырақты тыңайту, жырту, арамшөптен қорғау мол өнімнің кепілі. Баптай білсең жер жомарт деген осыдан шықса керекті.

Обсуждение

0 моментарии