Мәзір
12 маусым 2021
3 мин
28592
Жариялаған:

Жапонияның ауыл шаруашылығы

Жапонияның ауыл шаруашылығы

Жапонияда егіншілікпен айналысатындардың барлығын фермер деп атайды. Олардың басқа елдегі фермерлерден айырмашылығы сол, біреулер өз қажеттіліктері үшін көкөніс пен жеміс өсірсе, басқалары сол өнімді сатумен айналысады.

Елдің ауыл шаруашылығы саласы өте жақсы субсидияланады және қорғалады. Ауыл шаруашылығымен айналысуға 20% ғана жер көлемі жарамды болғанымен, заманауи технологиялардың арқасында жергілікті тұрғындар жылына екі-үш ретке дейін өнім алуды үйренген. Соның арқасында бүгінде Жапония әлемге ең өнімді ел ретінде танылған.

Елде климаттық ерекшеліктерге байланысты негізінен егіншілік дамыған. Бір шаруа қожалығының егістік көлемі орта есеппен 1,8 гектарды құрайды. Жер ресурстарының шектеулі болуына байланысты Жапонияда қарқынды ауыл шаруашылығы дамыған.

Көптеген фермалар тау бөктерінде, төбелерде орналасқан. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық техникаларының жүріп-тұруын қиындатады, сондықтан фермерлер көбінесе арнайы техникасыз жұмыс істейді. Алқаптарды өңдеу кезінде тек табиғи немесе химиялық тыңайтқыштарды қолданады.

Жапонияда егіншіліктің негізін дәстүрлі күріш өсіру кәсібі құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылардың шектеулі саны ғана бидай, соя, бақша дақылдарын егумен айналысады. Фермерлердің 80%-ы күрішті органикалық егіншілік әдісімен өсіреді. Ауыл шаруашылығы жерлері көлемінің басым бөлігін cу басқан күріш алқаптары құрайды.

Алайда, соңғы жылдары елде егістік жерлердің азаюы байқалған. Сарапшылар мұны тұрғындарының біртіндеп дәстүрлі тамақтану рационынан батыстық үлгіге ауысыумен байланыстырады. Мысалға қазір жапондықтардың  күрішті тұтынуы екі есеге азайған. Ал ет пен сүт өнімдерін тұтыну деңгейі, керісінше, өскен. Бұл орайда сарапшылар негізгі себептердің қатарында жапондықтардың ауыл шаруашылығына қызығушылығының төмендеуін, сондай-ақ, белең алған урбандану үдерісін да алға тартады. Бүгінгі таңда елдің аграрлық секторында негізінен қарт адамдар жұмыс істейді екен.

Жапондықтар мал шаруашылығында егіншілікпен айналысқандай белсенділік танытпайды, алайда жоғарыда айтылғандай, соңғы уақыттағы ет пен сүт өнімдеріне деген сұранысқа байланысты елде мал шаруашылығы даму үстінде.

Мал шаруашылығымен негізінен Хоккайдо аралында айналысады. Шошқа шаруашылығы елдің оңтүстігінде қарқынды дамыса, құс шаруашылығы қала маңында жолға қойылған. Ел аумағында аз көлемде ірі қара мал да өсіріледі. Бірақ жер көлемінің аздығына байланысты малға қажетті жем-шөп басқа елдерден әкелінеді.

Жапондықтардың рационында күріштен кейін балық екінші орында тұрады. Статистикаға сәйкес, әр жапондық жыл сайын 160 кг-нан астам балық тұтынады екен. Жалпы жергілікті тұрғындар жылдық табыстың шамамен 16%-ын азық-түлікке жұмсайды деген де ақпарат бар.

Жапон ауыл шаруашылығының дәстүрлі саласы теңіз өнімдерін қайта өңдеу, балық аулау болып табылады. Ел аумағында скумбриятұқымдас балықтарды, анчоус, кальмар, таңқышаяндарды аулайды. Мұның сыртында маржан жинау кәсібі, теңіз қырыққабатын өндіру де сұранысқа ие.

Соңғы жылдары балық шаруашылығында балықты өсіруге деген қызығушылық артып отыр. Жапондықтар балықты күріш алқаптарында, көлдерде қолдан өсіреді. Бір қызығы, дамыған балық шаруашылығына қарамастан, жапон елі балық пен теңіз өнімдерін импорттаудан әлемдік көшбасшы болып саналады. Мамандар мұның себебін аумақтық су көздері мен ерекше экономикалық аймақтарға қатысты халықаралық шектеулермен байланыстырады. Мәселен аталмыш шектеулер салдарынан жапондық балықшылар Тынық мұхиты суларында балық аулай алмайды екен. Жапонияға АҚШ, Перу, Чили және ҚХР теңіз өнімдері көп мөлшерде әкелінеді.

Күншығыс елінде балық құнымен салыстырғанда көкөніс пен жеміс бағасы әлдеқайда қымбат. Ауыл шаруашылығы алқаптарының аздығы халықты қажет көлемде көкөніс пен жемістермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Жапондықтар қашаннан парыз, борыш ұғымдарын қатты қастерлейді. Аталмыш ұлт өкілдері орасан ұйымшылдық сезімімен де ерекшеленеді. Көптеген адамдар жапондықтардың бойына мұндай қасиеттерді ұялатуға өз кезегінде ұжымдық жұмысты талап ететін ауыл шаруашылығы, соның ішінде Жапонияда ұлттық кәсіпке баланатын күріш шаруашылығы қатты ықпал еткен деп санайды. Жалпы көпшілік игілігі үшін жеке мүддені ысырып қоюға дайын болу да жапондықтарға асқан шыдамдылық пен күш-жігерді қажет ететін күріш өсіру сияқты кәсіптің арқасында дарыған деген де болжам бар.

Жоғарыда айтылғандай, мемлекет аумағында ауыл шаруашылығына жарамды жерлер өте аз. Халықаралық ауыл шаруашылығы сарапшылары осыған дейін де елдегі егістік алқаптарының тапшылығына байланысты жапондықтарға күріштен гөрі неғұрлым табысты басқа дақыл түрлеріне көшуді ұсынған болатын. Мәселен жемістерді арнайы пленканың астында өсіріп, күрішті басқа елдерден импорттау туралы кеңестер айтылған. Алайда ел басшылығы ауыл шаруашылығы дақылдарын шет елден әкелу күріш шаруашылығының құлдырауына әкеледі деп есептейді. Сондықтан Үкімет бұл сұраққа елдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ретінде қарап, экономикалық қауіптерден де жоғары қойып отыр.

Обсуждение

0 моментарии