Мәзір
17 сәуір 2020
5 мин
3617
Жариялаған: Ақылбек Күрішбаев, Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры

Егістік жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктері

Егістік жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктері

Биыл еліміздің астық егетін аймақтарында топырақ ылғалы оңтайлы деңгейде. Біздің есептеуіміз бойынша, орташа көпжылдық ауа райы жағдайында осы ылғал егін себу кезеңінен кейін шамамен 20-25 күнге, яғни маусымның соңына дейін жетпек. Бұл өз кезегінде жақсы өсімнің болуына тамаша мүмкіндік, оған қоса, маусымның аяғы мен шілденің басында жауын-шашын жеткілікті мөлшерде болса, игі нәтиже күтуге әбден болады.

Қазақстанның орталық әрі сол­түстік аймақтарында өткен қыс салыстырмалы түрде жұмсақ, темпе­ра­туралық жағдайы әдеттегіден мей­лін­ше жоғары болды. Бұл егін егу жұ­мыстарына ертерек кірісу қажет­ті­гін байқатады. Басты міндет – ыл­ғал­­ды сақтау әрі арамшөптермен кү­ресу.

Жаздық бидай және жалпы да­қылды себудің тиімді мерзімі жаздағы жауын-шашынға тікелей байланысты. Егер маусымда жа­уын-шашын мол болса, егін себудің ерте мерзімі (5-15 мамыр) егіннің шығымдылығы мен бидайдың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Жазғы жауын-шашын үлесі тамызға тиесілі болған жағдайда, мамырдың соңында себілген егіннен ғана жоғары өнім мен сапаны күтуге болады. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда жаз мезгіліндегі жауын-шашынның жауу мөлшерін мысал ретінде алсақ, орта есеппен 1961-1995 жылдардың 18%-ы жазғы мау­сымдағы жауын-шашынның тү­суінің басымдылығы болса, жыл­дардың 36%-ы – шілдеде, 21%-ы тамызда байқалды және жыл­дар­дың 25%-ы жазғы жауын-шашын­ның басымдылығы байқал­мады. Сол себепті бұл жылдары егінді 20 мамыр – 4 маусым аралы­ғын­да сепкен тиімді болды. Ал ке­йінгі 23 жылдағы жағдай келесі­дей: жылдардың 24%-ы жазғы мау­сымдағы жауын-шашынның тү­суі­нің басымдылығы, 48%-ы шілде, 13%-ы тамыз айында байқалды, жыл­дардың 15%-ы жазғы жауын-шашын­ның түсуінің басымдылығы байқал­мады. Осылайша, соңғы кезде жазғы жауын-шашынның басым бөлігі шілдеде түскені байқалады, сон­дық­тан егін себу науқаны 17-18 мамыр – 4 маусым аралығында жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның өнімділігін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға бағыт­талған факторлар арасында сұ­рыпты дұрыс таңдау және тұқым сапасы ерекше орын алады. Егін шығымының 30-40%-ы осы фак­торға тікелей байланысты екенін ұмытпаған абзал. Солтүстік Қа­зақстан, Қостанай, Ақмола, Қара­ғанды облыстарының 24 тұқым шаруа­шы­лығында ғалымдарымыз жасаған сараптама нәтижесі көрсет­кен­дей, тексерілген барлық үлгіде спора тасушылық бактерия мен саңы­рауқұлақ патогені тұқымды­ғының жоғары екені анықталды. Өкі­нішке қарай биыл тұқым материа­лының басым бөлігінің өсу қуаты төмен. Агроном мамандар ара­сында: «Барлық қырынан сұрып­талған, ал өсу қуаты төмен тұқымды толыққанды деу қиын» деген қағидат бар. Тұқымдық материалдағы мұндай кемшіліктерді жою білікті тәсілді талап етеді. Мұнда ауа жылуымен қыздыру, дәрілеу сияқты дәстүрлі шаралармен қатар, өсуді ынталандырғыштармен өңдеу қажет. Біздің университет шаруашылық субъектілеріне тұқымдық материалдың сапасын тереңдете зерттеуге қажетті барлық кеңес беру көмегін көрсетуге дайын, бұл үшін тиісті зертханалық базамыз және жоғары білікті ғалымдарымыз жеткілікті.

Елімізде отандық селекцияның сапалы сұрыптарының жетіспеуі салдарынан оны сырттан, ең алдымен Ресейден әкелуге мәж­­бүрміз. Осы себепті қазіргі уақытта Қазақ­станның солтүс­тік аймақтарындағы ресейлік селекцияның жаздық бидай сұрып­тарының үлесі 60%-ға жетіп отыр. Аталған жағдай еліміз­дегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, табиғи-климат­тық бейімделмеген жағдайда шеттен әкелінген тұқымның база­лық сипаттамасының өзгеруіне әкеліп соқтырады, яғни мұндай сұрып тұқымының пісіп жетілу мер­зімі шамадан тыс созылып кетеді. Мұндай мәселенің белең алуы астық жинау мерзімін кейінге шегеруге әкеледі, ал бұл өз кезегінде кли­маттың өзгеруі салдарынан егістікті жинап үлгермей, қардың астында қалдырудың бірден-бір себебі болмақ. Өкінішке қарай бұл соңғы жылдары үйреншікті жағдайға айналып отыр.

Біз отандық тұқым шаруа­шы­лығын дамыту мәселелеріне нем­құрайды қараудың келеңсіз салдары туралы үнемі айтып келеміз. Осы саланы ғылыми тұрғыдан дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету әрі реттеу шараларын күшейту, селек­циялық жұмыстарға гендік инже­нерияға негізделген заманауи әдіс­терін кеңінен енгізу, зерттеудің атал­ған әдістерін игерген жас ғалым­дарды даярлау қажеттігін бірнеше мәрте ұсындық. Алайда бұл мәсе­лелердің бәрі шешімін күтіп тұр, ал салдары эскпорттық әлеует­тің жойылуына ғана емес, елімізді отандық ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде де кері әсерін тигізетіні анық. Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруа­шылы­ғын дамытудың арнайы республи­калық бағдарламасын қабылдау және іске асыру дұрыс болар еді.

Биылғы күзгі-қысқы мезгілдің табиғи ерекшеліктері ауру қоздыр­ғыштары мен өсімдік зиянкестерінің топырақта сақ­талуына қолайлы жағдай жасады. Сондықтан барлық жерде күрделі фитосанитарлық жұмыстар қажет. Мұндай жылдары септориоз және өсімдіктер таты ауруы жаппай дамып, таралады. Осыған орай жоғарыда аталған және басқа да ауруларға қарсы тиісті препараттармен алдын ала қорлану дұрыс болар еді. Сондай-ақ өңдеу мерзімдерін дұрыс таңдау да аса маңызды. Бұл мәселеде аурулардың даму кезеңдерін анықтаудың дәстүрлі әдістерімен қатар, егіс алқаптарын қашықтан зондтауға негізделген жаңа цифрлы технологиялардың көмегіне сүйену қажет. Сонымен қатар мұндай әдіс аурулардың даму сатылары мен зиянкестердің таралуын жедел анықтап қана қоймай, уақытты, қаражат пен ресурстарды барынша үнемдеуді көздейтін дәл өңдеуді қарқынды жүргізу үшін сол алқаптардың шекарасын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта университетіміздің шаруашылық субъектілерімен жақсы жұмыс тәжірибесі бар.

Минералды тыңайтқыштарды қолдануда ең жоғары нәтижені ылғалды жылдары алуға болады. Алайда минералды тыңайт­қыштарды қолдануға әрбір алқап­тың агрохимиялық жағдайын ескере отырып, сауаттылықпен келу керек. Қазіргі уақытта барлық дамыған елде дәл егіншілік жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде минералдық тыңайтқыштарды саралап қосу қолданысқа енгізілуде. Біз де минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың осындай әдісіне көшуіміз керек, себебі ол ресурс­тарды ұтымды пайдаланудың және ең жоғары өндірістік және экономикалық нәтиже алудың негізі болып табылады. Бұл үшін, ең алдымен, әрбір егістік алқабының нақты агрохимиялық картасын жасап, топырақтағы негізгі химиялық элементтердің әркелкі мөлшерінің деңгейін анықтап алу қажет. Біздің университет шаруашылық субъектілеріне топырақтың хи­мия­лық құрамын анықтауға және соның негізінде агрохимиялық карта жасауға барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын. Оқу орнына еуростандарт бойынша жабдықталып, аккредитацияланған Қазақстан-Германия топырақ-агрохимиялық зертханасы да бар.

Қорытындылай келе, біздің университеттің биылғы жылғы көк­темгі дала жұмыстарын жүргізуге қатысты Солтүстік және Орталық Қазақстанның әр облысы бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар әзір­легенін атап өткім келеді. Бұлар өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге басшы­лыққа алу үшін жіберіледі.

Обсуждение

0 моментарии