Кеңес заманында ірі аграрлық аймақ саналатын Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта аграрлық саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Яғни, біртіндеп аграрлық-өнеркәсіптік мемлекетке айналып келеді. Жыл өткен сайын елде өнеркәсіп өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындар мен өңдеуші кәсіпорындар қатары көбейе түскендігі де көз қуантады. Ел Үкіметінің алдында 2022 жылға дейін еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын 2,5 есе ұлғайту мәселесі тұр.
Бұрын тек астықты ғана шетке сатуға шығаратын Қазақстан бүгінде өңделген ауыл шаруашылығы тауарларын және өнеркәсіп өнімдерін де экспортқа шығаруда.
Негізгі эскпорт аймағы Иран, Әзербайжан, Қытай, Өзбекстан мен Түркия
Мәселен өткен жылы 11,7 миллион тонна бидай шетке экспортталған. Жалпы, Иран, Әзербайжан, Қытай, Өзбекстан мен Түркияға экспорт көлемі артқан. Өңделген өнімді экспорттауда Қостанай, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы алдыңғы шепте тұр.
Ауылшаруашылығындағы өңделген өнімдердің тобына ұн, өсімдік майы, кондитерлік өнімдер, , балық, ет, сүт, балалар тағамы кіріп отыр.
Ақмолалықтар да экспортқа өнім шығаруда
5 миллион гектардан астам жерге егін егетін Ақмола облысы еліміздегі ең ірі астықты аймақтардың бірі болып саналады. Қазіргі күні облыстың үлесіне елімізде өндірілетін астықтың төрттен бірі тиеді. 2018 жылы Ақмола облысының диқандары 5 миллион тоннадан артық астық жинаса, оның 90 пайызы жоғары сапалы, яғни, 1-3 класты бидай. Мұның өзі сатуға шығарылатын астық бағасына да игі ықпалын тигізуде. Ақмолалық диқандар жыл сайын ішкі қажеттіліктерден басқа 2-2,5 миллион тонна астықты шет елдерге экспортқа шығарады.
Негізінен ақмолалық астықты тұтынушылар Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран және Таяу Шығыс елдері. Астық түрінде ғана емес,дайын ұн және макарон өнімдері де шет елдерге сатуға шығарылады. Қазіргі күні облыстың 80-ге тарта азық-түлік өнімдерін өңдейтін компаниялары өз өнімдерін шет елдерге экспортқа шығарып, қазақстандық брендті қалыптастыруға үлестерін қосып отыр.
Ет өнімдерін экспорттайтын «Бакара», «KazBeef», «Курочка ряба» сияқты серіктестіктер, сүт өнімдерін шығаратын елімізге есімі кеңінен танымал кәсіпкер Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрофирмасының өнімдері іргелес Ресейде жақсы бағасын алуда. Жақсы ауданындағы «Урожай», Атбасар ауданындағы «Интер трайд» серіктестіктерінің диірмендерінде тартылған ұн мен атбасарлық «Бота-2015» серіктестігі шығаратын өсімдік майы Қытайда үлкен сұранысқа ие. Біржан сал ауданындағы «Қазгерқұс» компаниясының құс еті өнімдерін Орта Азия және Таяу Шығыс елдері мен Біріккен Араб Әмірліктері жақсы ықыласпен қабылдауда.
Өнім сапасы бірінші орында !
Қазіргідей жоғары бәсекелестік қалыптасқан кезеңде әлемдік рынокта сұранысқа ие болу үшін ең алдымен өнім сапасы талап деңгейінде болуы шарт. Өзге елдерді қызықтыратын қазақстандық, оның ішінде Ақмола облысы кәсіпорындары өндіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің ерекшелігі – табиғи тазалығы мен экологиялық қауіпсіздігінде және нәрлілігінде. Химиялық қоспалар қосылмайтын таза табиғи өнімге деген сұраныс қашанда жоғары.
Өткен жылдың соңында Ақмола облысының Аршалы ауданында тәулігіне 150 тонна ұн тартып, 24 тонна макарон өнімдерін шығаратын «Аян» серіктестігінің кәсіпорны іске қосылды. Ешкі сүтін өндіретін 5 мың басқа арналған «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС-інің шаруашылығы құрылып, жұмысқа кірісті.
Ресейдегі подшипник шығаратын бірқатар кәсіпорындардың жабылуы Степногорск подшипник зауыты өндірісінің көлемін күрт арттыруға жағдай жасады. Жылына 2,2 миллион дана подшипник шығаратын зауыт өнімдері еліміздің ғана емес, іргелес Ресейдің де қажеттіліктерін түгел дерлік қанағаттандырып отыр.
Ақмола облысы 80 елге өнім экспорттайды
Облыста 100-ге жуық экспорттаушы компания бар, олардың жалпы жылдық экспорты 300 млн. АҚШ долларынан асады.
Ауыл шаруашылығы экспорты бойынша Қазақстанда бидай мен ұн көш бастайды. Қазақстандық астық дәстүрлі түрде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан нарығына жол тартады екен. Сондай-ақ Қытай, Таяу Шығыс және Парсы шығанағы елдерінің нарығына да белсенді шыға бастапты. Қазақстанның құрамында протеині жоғары ұнын дәстүрлі түрде Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан сатып алатын көрінеді. Бұған қоса, Қытай және Еуропа нарығына сату белсенді қарқын алып жатқаны хабарланды. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері арасынан шетелге экспорт бойынша алдыңғы қатарда өсімдік майы шықты. Оның көп көлемі Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей және Өзбекстан нарығына арна тартқан.
1.5 млрд халқы бар Қытай нарығы Қазақстандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік. Алайда қазақстандық кәсіпкерлердің Қытайға шығу қарқыны әлі бәсең. Себебі не ? Іргелес жатқан Қытайдың шет елден кіретін астық өнімдеріне қарсы шектеу саясаты бар. Алайда соңғы жылдары квота 10 пайызға дейін артқан. Теңіз тасымалының өзіндік құны төмен болғандықтан астық экспорттау құқына ие Қытай компаниялары көбінесе теңіз арқылы тасиды. Қытайдың шеттен кіретін азық-түлік өнімдерін тексеру жүйесі қатал әрі өз тәртіптері бар. Ол туралы қазақ кәсіпкерлері хабарсыз. Міне, біздің елден астықты, басқа азық-түліктерін Қытай нарығына шығару әлі болса қиын.
Қазақстан өнімі – қытайлықтар үшін арман
Қазақстанның астығы табиғи өнім ретінде Қытайда өте танымал. Жылына 20-23 миллион тоннаға дейін астық жинайтын Қазақстанның әлеуеті өте қуатты. Еліміз бидай экспорты бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы ондыққа кіреді, әрі астығымыз таза және сапалы. Ел кәсіпкерлері экспорт әлеуметін тиімді пайдаланса деген тілек.
Обсуждение