Мәзір
05 желтоқсан 2019
3 мин
4866
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Тың батыры – Иванов Иван

Тың батыры – Иванов Иван

Даланы дүбірге бөлеген – Иванов

Тың игеру өз заманының батырларын тәрбиеледі деуге болады. Сау адамды ғана еңбекке баулымай, мүгедек, жарымжан адамдардың өз ортасының батыры атандырды. Солардың бірі тыңгер-Иванов Иван Иванович.

1922 жылы Петроградта (қазіргі Санкт-Петербург) дүниеге келіп, жасынан алғыр Иван мектепті аяқтаған соң Ленинград кеме жасау техникумына оқуға түседі. ВЛКСМ құрамына енеді. Соғыс басталысымен 1941 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысында жанкештілікпен ерлік көрсетеді. Ленинград маңындағы Дубровка ауылын жаудан азат ету кезінде жараланып, аяғының төменгі тұсын кесіп тастауға тура келеді. Кейін жараланған аяғына протез киіп, қайта тұрып жүруді үйренеді. 1943 жылы соғысуға жарамсыз И.Ивановты елге қайтаруға мәжбүр болады. Алматыдағы госпитальда ұзақ емделіп шыққан соң зауытқа жұмысқа тұру үшін Қарағанды қаласына келеді. Алайда зауыттың ауыр жұмысына денсаулығы шыдамаған Иванға ауылда еңбек етуге кеңес береді. Осылайша Осакаров ауданының «Новый путь» ауылына келіп, мүгедектігіне қарамастан жұмыс беруін сұрайды. Еңбекке деген құлшынысын көрген совхоз басшылығы оған алдымен ат беріп, көрші ауылдардың мал фермаларына су тасиды. Бос уақытында қарап отырмай, егістік даласына келіп, соқа айдауға да қолғабыс етеді. Күзгі жиын-терін кезінде қамбаға үйіліп, тау боп жатқан астықты көрген ол егістік даласында еңбек етіп, бидай өсіруді армандайды. Ешкімге білдірмей трактор жүргізуді үйреніп алып, бригадирден егістік даласына тіркемеші етіп алуды сұрайды. Қайтпас қайсар мінезімен егістік даласының ең ауыр деген жұмыстарын жасайды. 1954 жылы тракторшыларды дайындайтын курсты тәмәмдап, 1957 жылы комбайнға отырады. Аяғынан жаралы мүгедек адамға ауыр техниканы бағындыру оңай болмады әрине. 1966 жылы Коммунистік партия қатарына өтіп, адал еңбектің арқасында өз ортасында абырой беделімен тез танылады.

Еңбек ете жүріп, совхозға келген жас мамандарды да үйретеді. Оларға тәлімгер болып, өзі құлағында ойнайтын трактордың бірнеше маркаларын меңгеруді үйретеді. Өзіне қойылған жоспарды асыра орындап, «Коммунистік Еңбек ері» атағын алады. 1966-1970 жылдардағы алғашқы бесжылдықтың жоспарын 3 жылда орындап тастайды. Әсіресе 1972 жыл тыңгер үшін жемісті жыл болады. 520 гектар жерден бидай жинап, 750 тонна шөп шабады. 1972 жылдың қорытындысы бойынша еңбекте жеткен жетістіктері мен мемлекетке берген бидай, қант қызылшасы және басқа да егістік дақылдарын жинауда орнатқан рекорды үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, омырауына Ленин Ордені мен «Балға мен Орақ» алтын жұлдызы тағылады.

1974 жылы КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Л.Брежнев Алматы қаласында өткен тың игерудің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында Иванов Иван Иванович есімі ұлықталып, бүкіл Кеңестер Одағына таралады. Бас хатшы өз қолымен Ивановқа қымбат сыйлық жасап, құрмет көрсетеді. Кейін Брежнев өзінің «Целина» кітабында да тыңгер Ивановты үлгі тұтып, жазады.

Тыңгер Иванов 1974 жылы ВЛКСМ-ның XVII съезінде өзіне үлгі тұтқан атақты А.П.Марасьевпен кездесіп, оның досы Социалистік Еңбек Ері, алғашқы тың игеру батыры Л.М.Картаузовпен жүзбе жүз кездесуге мүмкіндік алады. 32 жасқа толған шағында алғаш рет өзінің туған өлкесі Ленинград қаласына келіп, жау тұтқынында қалған қалада қаза тапқан шешесінің бейітіне барады. Жерлестері оған Киров зауытынан жаңа шыққан өзінің аты жазылған К-700 тракторын сыйлайды. Ол бұл сыйлығын қатты мақтан тұтатын. 1975 жылы тыңгер Иванов туралы документалды фильм түсіріліп, «Колос» баспаханасы ол туралы кітап жазып, шығарады. 1983 жылы өмір бойы еңбек еткен егістік даласымен қоштасып зейнеткерлік демалысына шығады. Қарағанды облысына қарасты Осакаров ауданының Коллективное совхозында тұрып, ел егемендігін алғаннан кейін бақилық болады.

Оның есімі үздік комсомол бригадаларын марапаттайтын жүлдеге бекітілді. Пионер лагерлері мен комсомол ұйымдарына да Иванов есімі берілді. Иванов есімі жастар арасында биік дәрежеде ұлықталды. Себебі ол таза еңбектің адамы еді. Жеткен жетістіктерінің барлығы да бойындағы күш-жігерінің арқасында еді. Есіл еңбектің ақталғаны да осы болар.

Обсуждение

0 моментарии