Мәзір
03 қараша 2019
6 мин
14074
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев және тың игеру

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев және тың игеру

Алыстаған сайын аласармайтын тұлға

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев есемі қаймана қазақ баласы үшін ұмытылмас есім. Биік таулар алыстаған сайын зорайып көрінетін ұғым дәл осы Қонаев тұлғасына қарата айтылғандай боп көрінеді маған. Қылышынан қан тамған Кеңес Үкіметі тұсында еңбек ете отырып, ол ұлт мүддесін алғашқы орынға қойған адам ретінде халық жадында мәңгілікке қалғаны сөзсіз. Ол тәуелсіздік алу жолында жан алысып, жан беріскен адам. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев халқы үшін аянбай еңбек етті, елі де оны дәл солай ұлықтап, төбесіне көтерді. Ол өз естеліктерінде өмірдің ащысы мен тұщысы қатар жүргендігін жазып кеткен.

Қонаев өмірі

Қазақтың бірегей дана ұлы 1912 жылы Верный қаласында дүниеге келген. Мектепті үздік бітіріп, Мәскеудегі түсті металл институтында білім алады. Қайраткер ұл жарты ғасыр уақытта бұрғылау станогінің машинасынан Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.

Димаш Ахметұлы осылайша еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту және Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында қызмет істейді. Бірте-бірте қызметте жоғарылап, ғылым академиясының президенті болып тағайындалады. Бұдан өзге партия-кеңес органдарында, Қазақстан компартиясының орталық комитетінде қызмет етеді. 10 жылға жуық қазақ КСР министрлер кеңесінде төрағаның орынбасары, 27 жылдай Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болады.

Зейнетке шыққан кезде арнайы визитка жасатып, бұрышына аты-жөнімен «тау-кен инжинері» деп жазғызған екен. Өзінің осы шешімін ол: «Оның бәрі өтпелі-кетпелі, ал тау-кен инжинері деген мәңгілік» деген екен.

Көзі тірісінде Қонаев үш мәрте Социалистік Еңбек ері атанып, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болды. Ол "Ұлық болсаң, кішік бол" деген қағиданы берік ұстанған бірден бір тұлға еді.

Өз елінде Дінмұхамед Қонаевқа жамандық ойлаған адам жоқ болса да, ұлтжандылығына қызғанышпен қарап, жолын кеспек болғандар көп болған. Солардың бірі – бас хатшы Никита Хрущев. Оған жағымпазданған азаматтар кезінде Павлодар қаласын Хрущевград деп атауды ұсынады. Хрущевтың Қазақстанның солтүстігін Ресейге, оңтүстігіндегі бірнеше ауданды Өзбекстанға бергісі келгені Дінмұхамед Қонаевқа ұнамай, астыртын тартыс ашық қақтығысқа ұласады. Сөйтіп 1962 жылы Дінмұхамед Ахметұлы қызметінен босатылады. Алайда бұл үзіліс көпке созылмай, ол 1964 жылы қызметке қайта оралды. Бұған Хрущевтың орнына билікке Леонид Брежневтің келуі себеп еді.

Қонаев Қазақстанды басқарып тұрған тұста елдің экономикасы мен ауыл шаруашылығы өркендеді. Республиканың көптеген өңірінде зауыт-фабрикалар салынып, жаңа инфрақұрылымдар бой көтерді. Бұдан өзге Қонаевтың өнерпаздарды қолдауының арқасында қазақ өнерін бар әлем таныды.

Қонаев және тың

Билік Хрушевтың қолына өткен соң Қазақстандағы экономиканың жағдайы туралы теріс пікір қалыптасып, Орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қызметінен босатылды. Келесі алты жыл ішінде республиканы тек орыс ұлтының өкілдері ғана басқарды: 1954-1955 жж. – Пантелеимон Пономаренко, 1955-1956 жж. – Леонид Брежнев және 1956-1960 жж. – Николай Беляев.

Олардың арасында Пантелеимон Пономаренкомен бірге жұмыс істеген соғысқа қатысқан Леонид Брежнев те болды. Ержүрек полковник аң аулауды жақсы көрді және бастапқыда ол сол кездегі Ғылым академиясының басшысы Дінмұхаммед Қонаевпен жақын қарым-қатынаста болады. Олардың достығы ширек ғасырға созылып, нағыз достықтың үлгісі ретінде тарихта қалған. Кейін Қонаев Брежнев екеуінің арасындағы достықты ұлт мүддесінде пайдалана білді.

1955 жылы Қонаев республиканың Министрлер кеңесінің төрағасы болып сайланады. Бұл тағайындау әрине Брежневтің Қонаевтың білімділігі мен біліктілігіне берілген баға десек артық болмас.

Тың жерлерді игерудің алғашқы жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлкен әсер етті. Жергілікті экономикаға көптеген жаңашылдықтар енгізілді. Тың игерудің алғашқы жылдарында орын алған қиындықтарға қарамастан сол кезде республикадағы үкімет басында отырған басшылық өз орнын сақтап қала берді. Соның себебінен болар іскер басшы Қонаевты жауапты қызметке алып келеді.

Партиялық және кәсіби институттандырудың барлық кезеңдерінен өткен еңбек сүйгіш, технократ, республиканың барлық әлеуметтік ортасында кеңінен танымал болған абыройлы беделге ие Қонаев тұлғасы осы лауазымға сай болды.

Оның қызметтестері Қонаевтың «Ісің оңсын десең, өзің істейтін ісіңді басқаға тапсырма» деген сөзі есінде. Сондықтан да болар, ол Қазақстанның барлық облыстарын жыл сайын кемінде бір рет аралап шығуды дағдыға айналдырған.

Мемлекет қайраткері туралы кітаптарды оқи отырып, ойға түйетін, жастардың есінде ұстайтын бір жәйт, ол – Димекеңнің мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы. Қандай жағдайда да өзінің білетіндігін алға тартпай, ақылдасып сөйлесуі, келіспейтін жағдайда да «Жоқ, олай емес!» деп шорт кеспей, ойланып барып шешім қабылдауы бұл кез келген бірінші басшының бойында бола бермейтін қасиет дер едім.

Өмірде адамдардың қимайтын, сөзін жерге тастамайтын адамдары болады ғой, сондай адам Д. Қонаев дер едік. Ол – оның нені айтса да, соны орындаттыратын лауазымды орында отырғандығына байланысты абырой-атақ емес, керісінше жалғандық пен пендешілікке бой алдырмаған, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне ие болған адамның іс-өнегесінен туындайтын шынайы шындық.

Обсуждение

0 моментарии