Мәзір
04 қаңтар 2021
3 мин
2409
Жариялаған: Айнұр Құлашева

Ауыл тумалары – әйгілі француз режиссері және актері Францияда ауылшаруашылық каналын ашты

Ауыл тумалары – әйгілі француз режиссері және актері Францияда ауылшаруашылық каналын ашты

Францияда ауыл шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдері және қоршаған ортаға мамандандырылған Cultivons-nous tv онлайн арнасы сәтті іске қосылды. Арнаның ерекшелігі – оның негізін қалаушылар аграрлық саланың мамандары емес, қарапайым режиссер және актер, деп хабарлайды World of NAN.

Белгілі болғандай, Эдуард Бержеон мен Гийом Кане арнайы арна ашуды екеуі бірлесіп түсірген ««Au nom de la terre» – «Жер үшін» фильмі көпшілік тарапынан қолдау тапқан соң қолға алған.

2019 жылы режиссер Эдуард Бержеонның толықметражды фильмі жарыққа шығып, басты рөлді Гийом Кане ойнады. Фильмде ауылдағы ауыр жұмыс пен жиналған қарыздардан қиналып, өмірмен қоштаспақшы болған жас фермердің драмасы суреттелген. Бүгіннің өзінде, киносыншылардың сөзінше фильмді Францияда екі миллионға жуық адам тамашалаған.

Бұл ретте жалпы француз жұртшылығы көтерілген тақырыпқа өте сезімтал екендігін атап өткен жөн. Себебі елдегі полиция деректеріне сәйкес, ауылдық жерлерде тұратын азаматтар арасында суицид күн сайын тіркеледі екен. Фильмнің тақырыбы да кездейсоқ таңдалмаған. Гийом Кане де, Бержеон да ауылдан шыққан. Сонымен қатар, Бержеонның атасы да , әкесі де шаруа болған екен. Оның үстіне әкесі дәл фильмдегі кейіпкер сынды күйзеліске түсіп, өзіне қол жұмсаған болып шықты. Осы себепті қос дос фильмнің көмегімен ауылда ауыр жұмыспен айналысатын адамдардың психологиялық жай-күйіне көпшілік назарын аудартып, фермерлердің проблемаларын шешу жолдарын ұсынуды көздеген екен.

Фильм түсірілімінен кейін шаруаларды қолдау әрі қарай жалғасқан. Бержеон мен Кане бірігіп фермерлермен ынтымақтастық күнін ұйымдастырады. Атап айтқанда әр сатылған фильм билеттерінен бір евро Solidarité payans атты қиын жағдайда қалған фермерлерді қолдау үшін құрылған коммерциялық емес ұйым есебіне түседі. Қазірдің өзінде жоғарыда аталған қорға 135000 евро аударылған көрінеді, ал бұл қаражат қолдауға мұқтаж 90 отбасына көмек көрсетуге жететін көрінеді.

Арнаның тікелей жұмысы да қайырымдылыққа бағытталған. Пайданың белгілі бір бөлігі о баста ойластырылғандай фермерлерді қолдауға жұмсалады. Мәселен, арнаға жазылу айына 4,99 евро болса, соның бір бөлігі Solidarité paysans-ке аударылады екен.

Бүгінде Cultivons-nous tv платформасы көрермен назарына ауыл шаруашылығын дамыту туралы деректі фильмдер ұсынады, агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық әдістер туралы әңгімелейді. Мұның сыртында шаруалар өз тәжірибелерімен бөліседі. Бір сөзбен айтқанда арна күнделікті қажырлы еңбектерімен елді ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған жергілікті фермерлер жұмысын кеңінен насихаттайды.

Обсуждение

0 моментарии