Білім алмасу, кәсіби біліктілік, командалық жұмыс және инновация саласындағы жетістіктері үшін жақында ФАО Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымның үздік қызметкерлерін марапаттады. Үздік 100 маман қатарында қазақстандық Жаңыл Бозаеваның есімі де аталды. Бұл туралы ФАО баспасөз қызметіне сілтеме жасап World of NAN порталы хабарлайды.
FAO Employee Recognition Awards 2020 салтанатты кеші онлайн форматта өтті. 2020 жылғы Төтенше жағдайға қарамастан БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының барлық бөлімшелерінен екі жүз қызметкер, он команда марапатталды.
Номинанттар ФАО-ның жалпы жүйелік сауалнамасы барысында іріктелген. Үздік жүздіктің ішінде 90-нан астам ұлт өкілдері бар. Олар 80-нен астам елде орналасқан ұйымның бөлімшелерінде жұмыс істейді.
Болашағынан зор үміт күттіретін Жаңыл Бозаева Қазақстандағы "Орталық Азия мен Түркияның қуаңшылыққа ұшыраған және тұзды ауыл шаруашылығы өндірістік ландшафттарындағы табиғи ресурстарды кешенді басқару" (ИСЦАУЗР-2, CACILM-II) ФАО/ГЭФ жобасының үйлестірушісі болып табылады.
Жаңыл бала кезінен Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеуді армандаған.
«Бала кезімнен мен гуманитарлық пәндерді жақсы көрдім, ал шет тілі мектептегі сүйікті пәндердің бірі болды. Мені бірнеше тілде сөйлесе алатын көпмәдениетті орта қатты қызықтыратын. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы нағыз сондай платформа болды. БҰҰ-да тұтас планета үшін игілікті іс жасайтын адамдар қызмет ететініне бала кезімнен сенетінмін. Сондықтан өзім де сол жандардың қатарында болуға ұмтылдым», – дейді Жаңыл өз сөзінде.
Ол «Халықаралық қатынастар» және «Ауыл шаруашылығы» мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарын бітірген екен. Нәтижесінде шет тілдерін тамаша деңгейде меңгеру және ауыл шаруашылығы саласындағы мамандық оның ФАО-да еңбек етуіне жол ашты және балалық арманын орындауға мүмкіндік берді.
Жаңылдың айтуынша, өткен жыл ұйымның алғаш рет онлайн форматта жұмыс істеуімен ерекшеленген.
«Наурыз айынан бастап БҰҰ жүйесіндегі барлық қызметкер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Бұл үлкен сынақ болды, өйткені сіздің жұмысыңыз фермадағы, алқаптардағы адамдармен байланысты болған соң сіз онда не болып жатқанын үнемі қадағалап әрі үйлестіріп отыруыңыз керек. Алайда, барлығымыз үйде болуға және тек компьютер арқылы жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Сондықтан серіктестермен жұмысты жалғастыру үшін ерекше жұмыс тәсілдерін табуға тура келді. Пандемия бәрін өзгертті, біз виртуалды кеңістікте интернет-платформаларды қолдана отырып серіктестермен жұмыс істеуді үйрендік», – дейді Жаңыл.
Оның айтуынша, пандемияға байланысты жоспарланған жобаны жүзеге асыру үшін шұғыл түрде ұлттық команда құруға тура келген. Және команда екі жыл көлемінде атқарылатын жұмысты бір жыл ішінде аяқтауға мәжбүр болған. Барлық жоспарланған іс-шаралар вебинарлар форматында өткен екен.
Жоба үйлестірушісінің айтуынша, команда пандемияға байланысты өзгерген жұмыс форматына тез бейімделіп, нәтижесінде 2020 жыл ішінде жер ресурстарын тұрақты басқару технологиялары бойынша жобаның 600-ден астам бенефициарын оқытқан. Жаңыл Бозаеваның айтуынша, табиғи ресурстарды тұрақты басқарудың көптеген салаларындағы маңызды тренингтерге қатысушылардың қатарында Қазақстаннан келген серіктестер – ғалымдар, зерттеушілер, шаруалармен қатар Орталық Азияның барлық елдерінен де мамандар болған.
«Біз вебинар өткізумен ғана шектелмедік, сонымен қатар сатып алумен айналыстық және серіктестерге техника, жабдықтар, тұқым жіберу мәселелерін де шештік. Біз еліміздегі табиғи ресурстарды жақсарту және ұтымды пайдалану саласында жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыс орнаттық. Біздің команда пилоттық аумақтардағы егістіктердегі жұмыстарды мұқият қадағалап отырды, тіпті пандемияға қарамастан өткен жылдың қорытындысын шығару үшін бірнеше семинарды егістік басында өткізе алдық", – дейді ФАО-ның жүз үздік қызметкерінің бірі атанған Ж.Бозаева.
Жаңылдың айтуынша, үздік жүздікке ену ол үшін күтпеген жаңалық болды.
«Марапатқа ие болу мен үшін үлкен тосынсый болды, өйткені ешқашан еңбегім осылай еленеді деп ойлаған емеспін. Маған әлемдегі ең үздік қызметкерлер тізімінде екенімді хабарлағанда, кімнің болса да қажырлы әрі адал еңбегі еленбей қалмайтынын түсіндім. Сен қайда жұмыс істесең де, немен айналыссаң да өз ісіңе бар жаныңды, күш-жігеріңді салсаң, еңбегің жанатынын түсіндім. Марапаттың арқасында әріптестерім мені бағалайтынын ұқтым. Ал адам өзін бағалайтынын түсінген кезде, өзіне деген ішкі сенім артады және өз жұмысымен адамдарға бұрыңғыдан да көп пайда әкелуге ұмтылады», – дейді Жаңыл.
Өзіне деген сенім мен атқарып жүрген ісіне шексіз сүйіспеншілік Жаңылдың балалық арманының орындалуына септігін тигізді, бағын жандырды. Арманы алдамаған Жаңыл Бозаеваның табысты жолы жастарды армандауға және батыл қадамдар жасауға шабыттандырады деп сенеміз.
Обсуждение