Мәзір
21 қазан 2019
4 мин
1449
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Қазақ бидайын әлемге әйгілі еткен қазақтың баласы – Рақым Оразалиев

Қазақ бидайын әлемге әйгілі еткен қазақтың баласы – Рақым Оразалиев

Елдегі ғылым туралы айтсақ, көбісі онымен айналысатын адамдар, жалпы мемлекет үшін қажеттілігі туралы айта бермейді. Ғалымдар көбінесе өздерінің тікелей жұмысымен айналысудан гөрі, мәселелерді шешумен айналысып, әлемдік деңгейде жаңалық ашуға уақыт тапшылығы мен бюрократтық кедергілерге тап болуды.

Еліміздің басты дақылы бидай мен оның ұны экспортқа шығатын негізгі ауыл шаруашылық өнімі болып саналады. Бидайды экспорттауда Қазақстан әлемде алтыншы, ал ұн экспорты бойынша бірінші орында тұр. Әлем көз тіккен  бидай мен ұн қазақстандық бренд болып танылады.

Әрине, бұл кең байтақ даламыздың топырағы мен климаттық жағдай ерекшеліктерінің әсері екені сөзсіз. Дегенмен де бидайдың мол әрі сапалы өнімін алу оны өсіру технологиясына ғана емес, сондай-ақ сорты мен тұқымының сапасына да тығыз байланысты болады.

Ауылшаруашылығы ғылымдарының осал тұстарының бірі қазақ диқандары үшін жергілікті сұрыптардың аз болуы. Бүгінге дейін ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері алыс жақын шет елдерден бидай сұрыптарының түрлерін әкелуде.

Бидайдың жаңа сұрпын шығарып, қазақ бидайын әлемге танытқан ғалымдардың ішінде академик Рақым Оразалиевтің орны ерекше. Қазақстан бидайының атасы атанған белгілі селекционер ғалым Рақым Алмабекұлы отандық өсімдік биологиясы, селекция мен генетика ғылымдарын дамыту жолында ерекше еңбек сіңірген адам. Бүгінде Қазақстандағы өсімдік селекциясы және генетикасының 100 жылдан асқан тарихы бар дейтін болсақ, оның ең жарқын беттерінің бірі академик Рақым Оразалиевтің атымен тығыз байланысты екенін осы сала ғалымдары әлдеқашан мойындап қойған.

1966 жылы әлемдегі өсімдік селекциясының ең ірі орталықтарының бірі саналатын Одессадағы Бүкілодақтық селекция және генетика институтының аспирантурасына қазақ даласының ой қырын емін-еркін шарлап, өндірісте бірнеше жыл жұмыс істеп, бай практикалық тәжірибе жинап келген жас агроном оқуға түседі. Қазақстандық ғалымдар А.Гольбек, А.Кузьмин, М.Айтхожин, И.Рахымбаев, Н.Удольскаяның бидай селекциясына және биологиясына сіңірген еңбектерін көпшілік жақсы білгенімен, қазақтың арасынан нан атасы болуға лайықты азамат елу жыл елдегі ғылымның дамуына ат салысқан бірден бір тұлға.

Рақым Оразалиев – ағамыз күллі әлем мойындаған әйгілі селекционер ғалым тұңғыш рет қатты бидайдың қыстық түрін шығарып, бидай селекциясы саласында революция жасаған Ф.Кириченконың алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алып, үлкен ғылым жолына шығар алдында білім нәрімен сусындаған адам.

Дүниежүзіне белгілі селекциялық-генетикалық орталықта оқуда жүріп Рақым Алмабекұлы селекциямен бірге генетиканы, биохимияны, физиологияны, молекулалық биологияны және өсімдік иммунологиясын қатар игереді. Украина жерінде күздік қатты және жұмсақ бидайдың жаңа сұрыптарын шығару және өндіріске ендірумен, мемлекеттік сорт сынау жүйесін игерумен айналысты. Осының бәрі болашақ академикті селекция-генетика ғылымының алдыңғы қатарына алып шықты. Сан жылғы еңбек еш кетпеді. Бүгінде Рақым Оразалиев есімі генетика, биология ғылымдарында әлемге әйгілі.

Ол 1970 жылы елге оралып Қазақстан ауылшаруашылығы саласында, атап айтқанда Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтында еңбек етеді.

Елге келгендегі алғашқы қызметі дәнді дақылдар селекциясы бөлімінде аға ғылыми қызметкер дәрежесінен бастап, аз-кем уақыттан кейін осы бөлімнің меңгерушісі дәрежесіне көтеріледі. Көп уақыт өтпей Шығыс селекция орталығының жетекшісі және институт директорының орынбасары қызметтерін атқарады. Оның жетекшілігімен дәнді дақылдар, бұршақ , жарма және азықтық дақылдар, дәрілік шөптер селекциясы, генетикасы, физиологиясы, биохимиясы, цитологиясы және алыстан будандастыру бағыты бойынша жұмыстар дамиды. Институт қабырғасында атақты ғалымның қоластында бірнеше аспирант ғылыми дәреже қорғап, ауылшаруашылығы саласында кадрлар саны көбейеді. Сонымен қатар Рақым Алмабекұлының бастамасымен елдің түкпір-түкпірінде тірек станциялары ашылады. Ол үнемі ғылыми жұмыстар жүргізе отырып,  бидайдың түрлі сұрыптарын, агроэкотиптері мен формаларын шығарудың негізгі биологиялық заңдылықтарын қалыптастырады. Ел тәуелсіздігін алар тұста, атап айтқанда 1990 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, жаңадан құрылған Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының академик-хатшысы болып бастайды.

1995-2003 жылдары ол Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтын басқарып, еліміз тәуелсіздік алып, экономикасын енді қайта қалыптастырып жатқан қиын жылдары институт басшылығы ғылыми- зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарын сақтап қана қойған жоқ, сонымен бірге, оған жаңа қарқын беріп, дамыта түсті.

Қарқынды жұмыстардың нәтижесінде институт селекция және тұқым шаруашылығы, топырақ тану, агроэкология, агрохимия және дәрілік өсімдіктер өсіру саласында ғылыми кадр дайындаудың басты орталығына айналады. Әсіресе, институт жаңа шығарылған өсімдік сұрыптары мен будандарын өндіріске ендіруде ерекше табыстарға жетеді. Институтта кең халықаралық байланыстар қалыптасып, Жапон ауыл шаруашылық зерттеулерінің халықаралық орталығы (JIRCAS), Бидай мен жүгеріні жақсартудың халықаралық орталығымен (СИММИТ) ерекше тығыз қарым-қатынас орнайды.

Еңбекке деген ерекше құштарлығы және селекционер-генетик ғалым есебіндегі дарыны оған 1966-2015 жылдары аралығында  өзінің шәкірттері және әріптестерімен бірігіп ауыл шаруашылық дақылдарының 250 сұрыбын шығарады. Осы сұрыптардың 105-і аудандастырылады.  Бүгінде бұл дақыл түрлерінің барлығы – 4,5 млн. гектар, соның ішінде Қазақстанда 2 млн. гектардан аса алқапта себілуде. Бұл сұрыптар Украинада, Ресейде және Орта Азияның елдерінде егіліп, қазір Ауғанстан және Монғолияда да да пйдалана бастады. «Алмалы», «Наз», «Қарасай», «Әлия», «Қарлығаш», «Фараби», «Азиада», т.б. бидай сорттары шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Солардың ішінде «Стекловидная-24» «Қарасай» сұрпы қуаңшылыққа төзімділігі, жоғары сапасы, өнімділігі жағынан Еуразияда бірінші орынға ие.

Атан түйеге жүк болар ғалымның атақтары әлемді шарлап кеткен. Ол алған атақтардың барлығы да ғылымға сіңірген еңбегінің дәлелі болса керекті. Украинада жүріп ендірген ғылыми жетістіктерінің арқасында  ол ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды. Ғалымдар арасында қазақтың Вавилова атанып кеткен ол  өсімдіктердің бағалы үлгілерін сақтайтын генқорын жасауды армандап, оны сәті жүзеге асырады. Оразалиев білікті мамандар дайындауға үлкен үлес қосып, 70-тен астам ғылым докторы мен кандидаттары диссертация қорғап, бүгінде олар тек қазақ елінде ғана емес, сондай ақ көрші мемлектеттерде де жұмыс істеуде.

Көптеген жылдар бойы Рақым Алмабекұлы Қазақстандық генетиктер мен селекционерлердің қоғамын, Қазақ астық ғылымы және технологиясы жөніндегі коммитетті басқарды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академисяы және ҚазАШҒА президиумының мүшесі. Көп жылдар бойы докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғайтын кеңесті басқарып, маман даярлау ісін де жіті қадағалайды.

Ал оның басты жетістігі қазақ бидайын әлемге танытқандығы. Бұл шындықпен ешкім де таласа қоймас. Тек, енді ғалымның соңынан ерген шәкірттері қазақ ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосар деген үміт пен тілек бізден.

Обсуждение

0 моментарии