Мәзір
29 қыркүйек 2019
3 мин
40220
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Қазақстан Қара топырағының аймақтар бойынша ерекшелігі

Қазақстан Қара топырағының аймақтар бойынша ерекшелігі

Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы ұлан ғайыр даланының топырағы да ерекше. Қазақстанда өзге елдерде кездесетін топырақ түрлерінің түгелдей дерлігі бар. Жер көлемі жағынан 9 орынды алып жатқан Қазақстан, әлем халқының тек 0,3 %-ғана құрай тұрып, жер шарының екі пайызын алып жатыр.

Қазақстанның 86 пайызы жазықтық жерлерге тиесілі.Кең алқапты байтақ  жердің табиғаты да әртүрлі, топырағы да ерекше, алуан түрлі өсімдікке де бай.  Әр ауданның ауа-райы да әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Қазақстан аумағында тек ылғалды субтропик белдеміне сәйкес топырақ қана кездеспейді, қалғанының бәрі бар. Сондай-ақ  әр аймақтың климатына сай шаруашылығы да соған бейімделген.

Еліміздегі табиға аймақтар

Орманды дала аймағына – Солтүстік Қазақстан облысы кіреді. Бұл жердің топырағы негізінен қара топырақ, кебірленген топырақ деп аталып, қабаттасып орналасқан. Күлгін топырақты зона мен қара топырақты зонаның арасында жеңішке болып, батыстан – шығысқа қарай созылып жатыр. Бұл зона егістікке жақсы. Игерілген зонаның 40% астамы жыртылған жерлер. Негізінен бидай егіледі. Қалған жерлер жайылым, шабындыққа арналған. Елдің қиыр терістігіндегі біраз жерді жеткілікті ылғалданған орманды-далалы зонасы алып жатыр. Жер беті жазық, ойпатты келеді, сондықтан бұл аймақта ылғалды шалғында топырақтар көп таралған. Негізінен шайылған орманның сұр топырағы мен шалғынды жердің қаратопырағы және сілтісізденген қаратопырақтар кездеседі. Бұл аймақтың біразы Батыс Сібір ойпатында жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар облыстарының терістік жағы, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының солтүстік жағы осы аймаққа кіреді. Топырақтың беткі қабатындағы қарашірін мөлшері 8-9%. Мұнда суарылмайтын егіншілік дамыған, негізінен жаздық бидай егіледі. Картоп, көкөністер өсіріледі, мал шаруашылығы дамыған.

Дала аймағы – республиканың біраз бөлігін, яғни территорияның 26% алып жатыр. Дала зонасының жер бедері әкімшілік аумақтық жағынан Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарын қамтиды. Климат жағдайы егіншілік шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Қара топырақты аймақ жазық келеді, оның ауа-райы да жайлы. Бұл жерлерде жазы жылы, қысы суық. Ауадан түсетін ылғал мөлшері жылына 300-600 мм. Бұл зонада негізінен даланың дәнді шөбі, бұршақ тұқымдастар, жусан т.б өсімдіктер өседі. Қара топырақтар өсімдіктерге қажетті қоректік заттарға бай болады. Қара шірін мөлшері 4-13 пайызға жетеді.

Шөлді аймақ топырақтары негізінен Каспий теңізі жағалауынан Тарбағатай тауының етегіне дейінгі жерлерді алып жатыр. Шөл зонасының жалпы көлемі 120 млн гектар, республика аумағының 44%-ына жуығын алады. Бұл аймақта негізінен құмды және сазды шөлдер кең тараған. Ауадан түсетін ылғал мөлшері жылына 80-180 мм. Бұл өсімдіктің қалыпты өсуіне жеткіліксіз. Сондықтан көбіне бұл жерлерде шөлге бейімделген бұта, сор шөптер шығады. Суарып, тыңайтқыштар енгізген кезде егістіктер күн сәулесінің ыстығын алып, уақыт ұзақтығын пайдаланып өнім береді. Осындай аймақтарда  негізінен бау-бақша, жүзімдер, көкөністер, қант қызылшасы, темекі сияқты дақылдар егіледі. Жерлердің көпшілігі жайылымды жерлер.

Құрғақ даланың зоналық топырағы – қара-қоңыр болып келеді. Жалпы көлемі 107 млн гектар, яғни ТМД елдерінің 4,8 % алып жатыр. Негізгі көлемі Қазақстан территориясында. Дала зонасының оңтүстігінне қарай ауа-райы құрғақ бола  бастайды. Ауадан түсетін ылғал мөлшері жылына 200-350 мм. Бұл аймақтарда ауа-райы жылы. Қара шірік мөлшері 2-4% құрайды.

Қазақстан жеріндегі топырақты зоналар

Қара топырақты аймаққа республикамыздың солтүстігі жатады. Бұл  Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Акмола, Павлодар, Актөбе, Батыс Қазақстан облыстарының солтүстік бөліктерін қамтиды. Республика аумағының 25,5 млн гектар жерінің 9,5%-ын алып жатыр. Қара топырақты зона ылғалмен қамтамасыз етілген жазық далада тараған, республиканың негізгі астық өндіретін алқабы саналады. Бұл топырақ белдемі Қазақстанның 52-53° солтүстік ендіктеріне дейінгі топырақ түрі Қазақстан аумағының 9,5% ға жуық аумағын алып жатыр.

Қара қоңыр топырақ зонасы қара топырақтың оңтүстігінде орналасқан. Бұл Орталық Қазақстанның көп жерін, Каспий маңы ойпатының солтүстігін, Шығыс Қазақстан облысының жазықтарын алып жатыр. Бұл – республиканың оңтүстік дала және шөлейтті алқаптарының 90,6 млн гектар жерін алып жатыр. Яғни, Қазақстан территориясының 34%-ы кіреді. Топырақтың құнарлылығы оңтүстікке қарай кеми түседі. Көбінесе бұл аймақта астық өндіру және мал шаруашылығымен айналысады. Өйткені бұл жерлерге ылғал аз түседі.

Қоңыр және сұр қоңыр топырақ жамылғысы елдің 120 млн гектар жерін алып жатыр. Яғни республика жерінің 44%-ы қоңыр және сұр қоңыр топырақтан тұрады. Бұл топырақтың қара шіріні аз, сондықтан онда негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бұл өңірде суармалы егіс қана тиімді.

Обсуждение

0 моментарии