Мәзір
16 қаңтар 2021
3 мин
2573
Жариялаған: Айнұр Құлашева

Америкалық кәсіпкерлер жемістердің мөлшерін болжауды үйренуде

Америкалық кәсіпкерлер жемістердің мөлшерін болжауды үйренуде

Жеміс бақтарын өсірумен айналысатын америкалық кәсіпкерлер заманауи технологияларды қолдану арқылы жемістердегі ауруларды болжауды үйреніп қана қоймай, қазіргі таңда жемістердің мөлшерін болжау жүйесін жасап жатыр.

«Біз нарық динамикасын 10 жылға алға стратегиялық болжауға үлкен назар аударамыз. Бұл бізге тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруда жемісті өсіру үшін қандай технологияларды қолдану керектігін түсінуге көмектеседі», – дейді CMI Orchards президенті Боб Маст.

Компания өндіріс процесінде жұмыс өнімділігін арттырудың инновациялық әдістерін енгізуге көп көңіл бөледі. Мысалы, жеміс бағында әртүрлі биіктіктегі топырақтың ылғалдылық деңгейін бақылау үшін арнайы бағдарлама қолданылады. Цифрлық бақылау жүйесі жұмысшылардың ұялы телефондарына нақты уақыт режимінде температура, топырақтың ылғалдылығы және желдің жылдамдығы туралы ақпарат береді. Бұл мәліметтер жемістердің оңтайлы мөлшерін қадағалауға және оларда кездесетін ауруларды болжауға көмектеседі. Сол арқылы жеміс бақтарында шығындардың алдын-алуға мүмкіндік туады.

Қазіргі уақытта компания енгізген соңғы жаңалық – жаңа орау жүйесі.

«Біз әр жемісті бірнеше жағынан суретке түсіріп, оптикалық түрде сұрыптап, бағалай аламыз, бұл жидектердің сапасы мен қаншалықты піскендігін сараптауға мүмкіндік береді», – дейді компания мамандары.

Компания басқа да инновациялық әзірлемелерді сәтті жүзеге асыруда. Мысалы, орау станциялары жемістерді сұрыптағаннан кейін арнайы науаларға орналастыру үшін роботтарды пайдаланады.

Бұл аз десеңіз, енді бау-бақша өнімдері сатылымға оралып шығарылуда. Компания өкілдерінің сөзінше, орау жүйесі тұтынушылардың қаптамадағы жемістерге деген сұранысының артуына байланысты жаңартылған.

Компания енгізген автоматтандырылған жүйе жұмыс процесіне мейілінше адамның араласуын азайтуға негізделген. Автоматты жүйе жемістерді өлшейді, мөрлейді және тиісті ақпарат жазылған қағазды жапсырады. Осылайша жеміс бастапқы күйін сақтап, адам қолынан өтпеген тауар сапасы да төмендемейді.

Бақтарда дайын өнімді дұрыс сақтауға да ерекше назар аударылады. Қоймада жемісті дұрыс, әрі ұзақ сақтауға көмектесетін озондау жүйесі қолданылады. Қазіргі уақытта компания сапаны бақылау процесін жақсарту жолдарын іздеуде және жемістердің мөлшері мен ауруларын болжауды одан да жақсартатын технология енгізуді ойластыруда. Сонымен қатар, жемістерді тиімді орналастыруды қамтамасыз ететін мүлдем жаңа жүйе іске қосылуда.

Обсуждение

0 моментарии