Заттар интернетін дамытудағы жетістіктер мен экономиканың түрлі салаларында IoT шешімдерін енгізудегі белсенділігі үшін берілетін IoT 2020 марапаттары өзгелермен қатар тамақ өнеркәсібі мен агробизнес саласындағы финалистерге тапсырылды, деп хабарлайды World of NAN.
2020 жылдың ауыл шаруашылығы саласындағы жеңімпаздары ретінде австралиялық ғалымдардың бірден екі инновациялық қондырғысы аталды. Қазылар алқасына ұсынылған алғашқы жоба – тікелей спутниктік жаңбыр датчигі.
Бұл автоматты датчик фермерлерге алда орын алатын жауын-шашын туралы, ауылшаруашылық аймақтарындағы су деңгейі жайлы хабарлауға арналған және тұқым себу кезеңінде дұрыс, әрі тиімді шешім қабылдауға көмектесе алады.
Құрылғы Квинслендтік Goanna Ag компаниясының Оңтүстік Австралиялық Myriota компаниясымен бірлескен жұмысының нәтижесінде жасалған. Goanna Ag мамандары жаңа датчик көмегімен фермерлер алатын мәліметтер ауыл шаруашылығын дамыту үшін өте маңызды деп санайды.
Аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырған тағы бір жаңалық – австралиялық Agersens компаниясы ұсынған eShepherd мал басын виртуалды басқару жүйесі болды.
Ауылшаруашылық қоршаулар бүгінде аз ақша тұрмайды, оның үстіне оларды орнату және ағымдағы жөндеу жұмыстары да едәуір қаражат қажет етеді. Сондықтан, малды ұстау және оларды бақылау мәселесін шешу үшін компания дәстүрлі қораларға балама іспеттес малдарды басқарудың сандық жүйесін ұсынды.
Әлемдік нарыққа Agersens компаниясы әзірлеген eShepherd виртуалды отар жүйесі малды виртуалды шекарада қалуға үйрету алгоритмі негізінде жасалған. Жүйе виртуалды жайылым ретінде ұсынылып, жануарларды автоматты түрде бақылауға, басқаруға және олардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Жүйе мойынға арналған қарғы, базалық станция мен веб-қосымшадан тұрады. Мойын бауы GPS арқылы қоршаудың виртуалды шекарасын анықтайды, ал жануар шекараға жақындағанда, мойын дағы қарғы дыбыстық сигнал шығарады. Егер жануар тоқтап немесе басқа жаққа бұрылса, мойын бауы мұны қозғалыс сенсорлары арқылы анықтайды және жануардың іс-әрекетін бақылауды жалғастырады. Егер жануар дыбыстық сигналды елемей, қоршауға қарай қозғалуды жалғастыра берсе, мойын бауы жануарға ешқандай зиян тигізбейтін, бірақ қозғалысты тоқтатуға көмектесетін арнайы импульс шығарады. Осылайша фермерлер веб қосымша арқылы малдың виртуалды қоршау сыртынан аспауын қадағалай алады.
Компания Agersens виртуалды жүйесін су жолдарын немесе экологиялық аймақтарды қорғау үшін де, төтенше жағдайлар кезінде де пайдалануды ұсынады. Әзірлеушілер бұл жүйе фермерлерге төтенше жағдайлар, су тасқыны кезінде малды қауіпсіз жерге тез көшіруге көмектеседі дейді.
Жаңа eShepherd виртуалды жүйесі Австралия мен Жаңа Зеландиядағы 60-тан астам фермаларда сәтті сынақтан өткенін атап өткен жөн.
Обсуждение