Мәзір
21 қыркүйек 2019
3 мин
2691
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Жер ана даңқын асырған – Картаузов Леонид

Жер ана даңқын асырған – Картаузов Леонид

От кешкен майдангерлер қатарында «Қазақстан Маресьеві» атанған аңыз адам, Социалистік Еңбек Ері Леонид Михайлович Картаузов та бар.

Қар жастанып, мұз төсенуді тағдыр оның маңдайына ертерек жазды. Ленинградтың тумасы тоғыз жасында анасынан айрылып, 1943 жылы 11 жасында партизан отрядына косылады.

Сұрапыл соғыс уақытында немістердің көзіне түспеу үшін, сезік тудырмас үшін Леонид сияқты бала барлаушылар үлкен көмек еді. Немістердің келгені, кеткені, орын ауыстырғаны, қандай адамдарды өздерінің жұмысына тартқаны сияқты толып жатқан тапсырмаларды орындап жүріп, ойын баласы көп нәрсені тындыратын еді. Жасы толмаса да бозбалаға дивизия штабы жанындағы байланысшы міндеті тапсырылады. Полк штабына хаттар алып келіп, ауызша айтылған бұйрықтарды жеткізу міндетіне кіреді. «Полк баласы» атанып, айтылған тапсырманы бұлжытпай орындайды. 1944 жылы Эстонияның Тарту қаласының түбінде болған ауыр шайқастан қатты жарақат алып, екі аяғынан бірдей айрылады. Госпитальда ұзақ жатқан ол төсекке таңылып жатқысы келмей, бойындағы ерік жігерін жинап протезбен жүруді үйреніп кетеді. 1947 жылға дейін Волгаград облысында, одан кейін Краснодар өлкесіндегі балалар үйінде тәрбиеленеді.1949 жылы мүгедектерге арналған кәсіптік техникумды тәмәмдап, Литваның Каунас қаласындағы аяқ киім фабрикасында еңбек етеді.

Қалайда комсомол жолдамасын алу керек!

Газет-журналдар «Жастар тың игеруге аттансын!» деп ұрандатып жатқанда жас Леонид қарап қалмады. Алайда фабриканың комсомол комитеті мүгедек жігітке жолдама беруден бас тартады. Дәрегерлердің тексерісінен өтіп, аяғын тексертетін кезде өзінің орнына жолдасын жіберіп, қажетті құжаттарды жасатып алады. Комсомол жолдамасын қалтасына салған жігіт, Қазақстанға жол тартады.

«1955 жылы Каунастан Қостанайға комсомолдық жолдамамен келдік. 40 градус аяз, Жетіқараға трактормен жетіп, палатка тігіп тұрдық. Алғашқы үйлерді өз қолымызбен тұрғыздық. Бұл кейін Маяковский совхозы атанды. Сосын оны Чайковский деп өзгертті. 1965 жылы Целиноград облысына қоныс аударып, «Родина» совхозында тракторшылардың далалық бригадасының бригадирі болдым», – деп жазады өз естеліктерінде Леонид Картаузов. 1972 жылы Социалистік Еңбек Ері атанып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Сөйтіп, отқа да, оққа да күйіп өскен бала, қазақ даласында еңбек етіп, өз орнын тапты. Үш ұл, бір қызынан көрген немерелерінің қызығын көрді.

1955 жылы Чайковский атындағы совхозға келген комсомол жастарының ішінде Леонид Картаузов болашақ жарын да осы тың игеру кезінде жолықтырады.

Марасьевтің ізбасары

Он саусағынан өнер тамған Леонид тың игерушілердің кем-кетіктерін жөндеп, аяқ киімдерін тігіп беріп жүрген күндерінің бірінде баспасөз бетінен бір аяғынан айрылған мүгедек механизатордың ерліктері туралы оқып біледі.

Жатса да тұрса да ойынан тың бригадасында еңбек ету кетпей қояды. Алдына мақсат қойса орындамай қоймайтын ол, үлгілі бригадир Степан Филатовтың бригадасына тіркеуші боп жұмысқа қабылданады. Тракторшының жанында жай отырмай, зейін салып, көргенін көңілге түйіп отырады. Бір күні тәлімгері Анисим Сироткин тракторды сөндіріп, бір шаруаларымен егіс алқабына кетіп қалады. Трактор ішінде жалғыз қалған Леонид көлікті от алдырып, егістік алқабында жер жыртуды бастап кетеді. Емтихан сынақтарынан сүрінбей өткен ол механизатор куәлігін алып 1956 жылдың тамызынан бастап «ДТ-54» тракторын емін-еркін жүргізіп шартарапқа үздік тыңгер, Социалистік Еңбек Ері атанады.

Ол өзін ешқашан мүмкіндігі шектеулі жан ретінде сезінген емес

Қайнаған еңбек даласында ешкімнен кем болмай еңбек етті. Замандастары Картаузовты бес жылдық жоспарды үш жылда орындап тастайтын қайсар жан еді деп еске алады. Тіпті бірде аудандық партия комитетінің хатшысы Картаузовқа «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалін табыстап тұрып, «Сіздер үшін бұл жай ғана жеңіс болса, Леонид үшін екі есе жеңіс!» деген болатын. Шынымен де тың игерудің даңқын, ерен еңбектің шыңына жеткізген қасиетін қайратты да жігерлі ісімен, өршіл мінезімен паш еткен Леонид Картаузов қайсарлықтың үлгісі бола білді. Еңбегі жанған азаматтың отбасындағы ошағының иесі Аня жеңгей де тракторды тізгіндеген алғашқы Кеңес әйелдерінің бірі болып, күллі Одаққа аты шықты. Картаузовтың ас атасы нанға деген құрметі ерекше еді. Тыңның ыстық нанын жеген сайын ашаршылық жылдары қайтыс болған әкесін жиі еске алатын еді.

Ол өмірінің басым бөлігін елімізге әйгілі Целиноград ауданындағы Родина совхозында өткізді. Оның өмірі өнегеге толы. Дос жарандарына, немерелеріне тың игерудің қиыншылығы мен қатар жүрген қызыққа толы жылдарын әңгімелеуден жалықпайтын. Өйткені, ол нағыз еңбектің адамы еді! Сірә, еңбегі жанды деген осы болар!

Обсуждение

0 моментарии