Мәзір
19 қыркүйек 2019
4 мин
16432
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Шығыстың қыраны – Жұмабай Шаяхметов

Шығыстың қыраны – Жұмабай Шаяхметов

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда Жұмабай Шаяхметовтің есімі аса көп айтыла бермейді. Өкінішке орай, Кеңес үкіметінің құлдырай бастаған кезінде ес жинап өскен ұрпақ, менің замандастарыма, Кеңес дәуірінде қазақтан шығып, басшы қызметтер атқарған тұлғалардың есімдері жақсы таныс емес. Ал Қазақстан тарихында өз орны бар, республика экономикасы мен дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткері Шаяхметов туралы айтпай кету мүмкін емес. Ресей Федерациясының Омбы облысы Шарбақты елді мекенінде туған Жұмабай 1917 жылы екі жылдық қазақ-орыс училищесін тәмәмдайды.

Білімпаз Шаяхметов

Мұқтаждық пен жоқшылық оның арманын одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Бала күнінен әкесіне көмектесіп, байлар мен кулактарға жалданып ауыр еңбекке араласады. 1919 жылдың аяғында Жұмабай Шаяхметов өзі оқыған Ащыкөл ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. Ағарту ісін сүйсініп атқарып, өзінің бар күшін жас ұрпақты тәрбиелеуге жұмсайды. 1916-1923 жылдары Текелі болыстық атқару комитетінің хатшысы, 1923-1925 жылдары Шалқар қаласында милиция қызметкері, 1925-1926 жылдары Ақмола губерниясы әкімшілік бөлімінің іс жүргізушісі, инспектор болып қызмет атқарды. Ал 1926-1930 жылдары Петропавл, Алматы ішкі істер халық комиссары органдарында әртүрлі жауапты қызметтер атқарды.

Өзінің іскерлігімен, адалдығымен Жұмабай Шаяхметов халық арасында зор беделге ие болып, 1938 жылы шілдеде ҚК(б)П Орталық Комитетінің үшінші, бір жылдан кейін екінші хатшысы болып сайланды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы уақытында Шаяхметовтың республикамыздың аса көреген, талантты басшыларының бірі екені байқалады. Соғыстан кейін Орталық партия комитетінің саяси бюросы Жұмабай Шаяхметовке үлкен сенім білдіріп, 1946 жылы шілдеде ҚК(б)П Орталық Комитетінің XV пленумында Жұмабай Шаяхметовты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп сайланды. Бұл қазақ халқының ішінен шыққан Республика басқарған тұңғыш перзенті еді. Қызмет ете жүріп ол халық шаруашылығын, ғылым мен мәдениетін өркендетуге байланысты барлық мәселелерге белсене араласады.

 

Шаяхметовтың қызметтік жолы

Шаяхметов қызметі екінші дүниежүзілік соғысының уақытымен тұспа-тұс келді. Соғыс уақытында Жұмабай Шаяхметов елде қалған халықтың тұрмыс тіршілігін реттеумен айналысты. 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың кесірінен халық саны күрт төмендеп кеткен кездер еді. Бұл жағдайды бүкпесіз Сталинге жеткізген Жұмабай Шаяхметов қазақтарды майданға жібермей, зауыт фабрикалардың жұмысын жандандыруға жіберуді өтінеді. Соғыс кезеңіне қарамастан елде білім беру орындары ашыла бастайды.

Шаяхметов саясаты мен кадр даярлаудағы ұстанымы

1946 жылы Жұмабай Шаяхметов Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланып, елдің шаруашылығын көтеруге көп үлесін қосады.

Шаяхметов 1944 жылы Алматыда Қыздар педагогикалық институтын ашып, ауыл қыздарының білім алуына жол ашады. Сол жылдары Алматыда консерватория, шет тілерінің институты мен Шымкенттегі химия-технология институты құрылады.

1950-1954 жылдар аралығында Жұмабай Шаяхметов КСРО Ұлттық жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Оның кандидатурасын кеңестік деңгейдегі министр лауазымына ұсыну қарастырылады. Алайда оны Сталин Қазақстанға қажет деп танып, орнына адам табылғанша Қазақстаннан ешқайда жібере алмаймын деген екен.

Шаяхметов қызметінен неге кетті?

Тың игеруді бірінші ойлап тапқан Хрущев емес. Америка құрама штаттары мен Канаданың ауыл шаруашылығы қол тимеген жерлерді жырту арқылы басталды. Бүкіл әлемде егін егу алқаптары ұлғайып жатқанда, Ресей бұдан қалыс қалмады. Сібір мен Қазақстанның шұрайлы жерлерін игеру Екатерина ІІ кезеңінде де ойда жүрген мәселе еді. Соғыс аяқталған соң аш, жалаңаш халықты нанмен тойдырам деген идеясын жүзеге асырғысы келген Никита Хрущевтың жоспарына Қазақстан үкіметі қарсылық бідірумен болады. Сталин өлімінен кейін күшіне мінген Хрущев қайтсе де тың және тыңайған жерлерді игеру жоспарын көпшіліктің алдына алып шықты. Алайда Жұмабай Шаяхметов бұл жолы да Хрущевтың жоспарына қарсылық білдірумен болады.  

Қазақ басшысы жаңа жерлерді жыртуға жұмысшы күші жетіспейтіндігін сезді, сондықтан оларды қаптатып Ресейден әкелу керек, ал мұнда онсыз да орыстар мен украиндар жетеді, яғни байырғы халықтың үлесі тағы да азаяды деп уайымдайды. Сондықтан, Жұмабай Шаяхметов мұндай пәледен аулақ болу мақсатымен орталық комитетке «тың және тыңайған жерлерді жырту мал жайылымын жоюға ұшыратады, жергілікті қазақ халқының мүддесін бұзуға әкеп соқтырады» деп баяндайды. Кремль, әрине, келіспейді. Хрущев Шаяхметовтың оған көмекші болғысы келмейтіндігін сезіп, республика басшылығын түгелдей ауыстыру қажет деп шешеді.

Жұмабай Шаяхметов сол кезде небәрі елу екіде еді. Оны қызметінен алып, Шымкентке жібереді, сосын көп ұзамай біржола зейнеткерлікке шығарады.

Қызметінен алынған Шаяхметовты Оңтүстік Қазақстан партия комитетін басқаруға жібереді. Кейін денсаулығы күрт төмендеп, ол зейнеткерлікке шығуға мәжбүр болады. 1957 жылы Мәскеуде нейрохирургия институтында күрделі операция жасалып, 1966 жылы 64-ке қараған шағында қайтыс болады.

Жұмабай Шаяхметов Сталин заманының адамы еді. Тіпті тарихи жазбаларда Сталин «Шаяхметов – шығыстың қыраны» деген сөздері қалған. Ғылым мен мәдениетке ерекше ықыласпен қараған Шаяхметов есімі тарихтан ешқашан өшірілмек емес, себебі ол халықтың мәңгі жадында.

Обсуждение

0 моментарии