Мәзір
06 қазан 2019
4 мин
4116
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Ауылшаруашылығын цифрландыру – уақыт күттірмейтін іс

Ауылшаруашылығын цифрландыру – уақыт күттірмейтін іс

Агроөнеркәсіп – қай елдің болмасын экономикалық драйвері. Ол ел экономикасының өсіміне септігін тигізіп қана қоймай, елдегі жалпы ішкі өнімнің негізін құрайтын сала. Аграрлы саланы дамыту, оны цифрландыру үлкен маңызға ие. Сондықтан да болар Қазақстан Үкіметі агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруды 2017 жылы қолға алды. Неге кеш? Әлем өркениетке еніп, соңғы технология тұрмыстың барлық саласына еніп кеткен кезде ХХІ ғасырдың он жеті жылы өтіп кеткен соң ғана Қазақстан цифрландыру туралы ойлана бастады. Дүниежүзінде теңдесі жоқ Байқоңыр ғарыш айлағын иемденіп, көкке ракета ұшырып жатқан кезеңде «ақылды» техниканы енгізу бойынша артта қалғанымыз қалай болғаны?! Елдің басым бөлігінің шаруашылықтары, орта және кіші шаруалар әлі де болса кеңестік кезеңнің сарқыншақтығымен өмір сүріп келеді. КСРО дәуірінен қалған техника пайдаланатын шаруашылықтар қаншама?! Мәселен, қол еңбегін қажет етуді айтпағанда, ескі техника тұқым себу мен егін жинау кезінде дәнді-дақылдардың 15 пайызға жуығын шығынға ұшыратады.

Ауылшаруашылығындағы цифрландыру мәселесі тек егін егумен шектелмесі анық. Егін шаруашылығымен егіз ұғым мал шаруашылығының өнімділігін арттыру, мал басының жоғалуы сияқты мәселелерді шешуде цифрландыру көп нәрсенің басын ашып берері анық.

Статистика сөйлейді

Соңғы үш жылда мал басының жоғалуының 70 пайызға жуығы бақылаудың болмауынан дейді мамандар. Егер ауылшаруашылығы саласын толық автоматтандыруға көшірсек, саланы толықтай цифрландыратын болсақ көп мәселенің күрмеуі шешілетіндігін біліп те оқып та жүрміз.

Адамзат ай санап емес, күн санап цифрландырудың сиқырлы әлеміне еніп бара жатқан уақытта бізге көштен қалу сын болар. Әсіресе егін шаруашылығында  ауа-райын болжау, егіннің өсуін анықтау, егістік алқаптарына бақылау жүргізу диқандар үшін таптырмас құрал болар еді. Әрі ауылшаруашылық өнімдерін сату, тұтынушыларға жеткізу ісінде де цифрландырудың алар үлесі зор.

Өкінішті....

Ауылшаруашылығы саласындағы ғалымдардың болжамы бойынша, заманауи цифрлы технологияларды енгізген жағдайда Қазақстанда астық дақылдарының шығымдылығын 2 есе, еңбек өнімділігін – 2,5 есе, ал мал санын 2 есеге жуық көбейтуге болады екен. Соңғы 50 жылдан бері егіншілік саласына тың технологиялар енгізгенмен, елдегі астықтың шығымдылығы артпай келе жатқандығын ескерсек, жоғарыда келтірген сандар қол жетпес қиял сынды болары анық. Бірақ бұл қолжетімді меже. Әлемнің дамыған елдері баяғыда-ақ қол жеткізіп үлгерген көрсеткіштер. Мәселен, Голландияның агросекторы цифрлы технологияның жемісі арқасында жылына 100 миллиард долларға жуық өнімді экспортқа шығарып отыр. Мұның өзі біздегі ауыл шаруашылығы саласының дамыған елдерден артта қалғандығын көрсетіп отыр. Қазақстан үлкен мүмкідіктерге ие, алайда осыны дұрыс иегер алмай отырғандығымыз анық.

АШ цифрландыру бойынша Қазақстанның бүгінгі жағдайы қандай ?

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы субсидияларын алу процедурасы толық автоматтандырылды. Субсидиялау процесін автоманттандыру мен фермер жұмысын жеңілдету үшін егістік жерлер 100% цифрландырылды. Осы арқылы фермер өз алқабын үйден шықпай-ақ басқару мүмкіндігін алды. Көктемгі, суару, жинау жұмыстары үшін жеңілдікпен берілетін дизельді отынды да электронды түрде бөлу жұмыстары жүруде. Өсімдік және мал шаруашылығы бағытында дәлме-дәл ауыл шаруашылығы жүйесі енгізіледі. Агрономияның жаңа технологиялары мен техникасын қолдану арқылы пилоттық нысандарда  шығын 20% азайып, астық 2,5 есе көбірек жиналды.

Мал шаруашылығында да заманауи смарт жүйелерді қолдану оң нәтижесін берген. Пилоттық жобада сүт сауу жұмыстары 20% көбейіп, төл өсіру - 30% артқан.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін, экспорт импорттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін құжаттық бақылау жүйесі енгізлу алдында тұр.

Нақты не істелді ?

Қазақстанда ауылшаруашылығын цифрландыру төңірегінде нақты атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Елдегі 20 ғылыми-зерттеу институттарының базасында өз полигондары жұмыс істеп тұр. Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары агробизнесті цифрландыруда көшбасшы болып табылады. Мәселен Ақмола облысында А.Бараев атындағы институт негізінде құрылған полигон жоғарғы нәтиже көрсетіп, оның өнімділік көрсеткіштері аймақтық орташа көрсеткіштен 2,5 есе асып түскен.

Бүгінгі таңда Ақмола өңірінде егістік жерлердің 100 пайызы, жайылым жерлердің 71,6 пайызы цифрланған. Осы мақсатта өткен жылы егістік алқаптарының ғарыштық мониторингіне алғаш рет облыстық бюджеттен – 19 миллион теңге қаржы бөлінген.

Бұл нақты егіс алқабын, дақылдардың күйін және ауылшаруашылық дақылдарының түрлерінің өнімділігін бақылауға мүмкіндік берді.

Ақмола облысында дәл егіншілік технологиясын енгізуге арналған үш негізгі кәсіпорын анықталып, жұмыс істеп жатыр. Олар Целиноград ауданындағы «Ақмола Финикс» АҚ, Зерендідегі «Дихан Плюс» ЖШС және Бұланды ауданының Журавлевка-1 шаруа қожалықтары. Мал шаруашылығы саласында цифрландыру элементтері бар 6 ферма бар. Олардың үшеуі – ет өнідеретін кәсіпорын. Үш ірі сүт фермасы толық цифрландырылды: «Астана Өнім» АҚ және Целиноград ауданындағы «Агрофирма Родина» ЖШС, Бурабайдағы «Есіл Агро».

Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығын қолдаудың барлық мемлекеттік  бағдарламалары автоматтандырылған, яғни субсидиялар тек веб-портал арқылы төленеді.

Ал Қарағанды олысында үздік шаруашылық болып танылған Осакаров ауданындағы «Найдоровское» ЖШС озық технологиялар мен жоғарғы өнімділік  нәтижесімен ерекшеленеді. Бұл шаруа қожалығы Қарағанды облысындағы өз егістіктерінің бір бөлігін органикалық егіншілікке сертификаттаудың үш жылдық процесін бастаған алғашқы ферма. 3000 га жер телімінде органикалық егіншілік технологиясының сақталуын Еуропадан келген мамандар бақылайды. 20 мың гектар егістікте 20 механизатор еңбек ететін шаруашылықта заманауи техника еңбек адамын алмастырған.

Дәлме-дәл егіншілік – тренд

Дәлме-дәл егіншілік дегеніміз – нақты есеп. Ол сандық технологиялармен тығыз байланысты. Комбайнды басқарудан бастап, ауылшаруашылық жерлерді егжей-тегжейлі зерттеуге дейін – барлығы компьютердің, GPS-жүйелердің және ұшқышсыз ұшатын ұшақтардың көмегімен жүзеге асырылады.

Өткен жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттердің ғалымдары дәлме-дәл егіншілік жүйелерін еліміздің шаруашылықтарында бейімдеуді қолға алған. Бұл әлі пилоттық жоба жүзінде.

Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 9 шаруашылық дәлме-дәл егіншілік технологиясын қолданылуда. Мысалы Ақмола облысындағы «Ақмола Феникс», «Диқан плюс» және «Журавлевка-1» шаруа қожалықтары дәлме-дәл егіншілікке көшкен. Оның нәтижесінде өнімді 20 пайызға  көп алған. Ақмола облысында дәлме-дәл егіншілік элементтерін қолданатын 95 шаруа қожалығы бар. 40 шаруашылықта метеостанциялар бар. 2022 жылға дейін тағы 194 шаруашылық дәлме-дәл егіншілікті пайдалану жоспарлап отыр.

 «Дәлме-дәл егіншілік» ұғымы топырақ құрамын терең және мұқият талдауға негізделген. Дәстүрлі фермаларда 75 га-ға бір талдау жасалады. «Ақылды» фермаларда талдау үшін әр гектардан топырақ алынады. Бұл әдіс тыңайтқыштардың мөлшері мен құрамын дәл анықтауға көмектеседі, сонымен қатар жерді өңдеудің ең қолайлы әдістерін анықтайды. Бұл технологияның элементтеріне алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсонлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг пен басқа да шешімдер жатады. Дәлме-дәл егіншілік технологиясының арқасында еңбек өнімділігін бірнеше есеге арттыруға болады. Аталған технологияны қолдана отырып, егін жинау үшін оңтайлы уақытты болжай аламыз. «Ақылды суару» жүйесін де қолдануға болады. Осындай интеллектуалдық жүйе минералды тыңайтқыштарды себу кезінде оң әсерін беріп, залалды зиянкестер мен түрлі арамшөптерді жоюға жәрдемдеседі. Адами факторды барынша азайтып, егін өнімдерінің құнын арзандатуға серпін береді.

Бүгінгі күні фермерлер дәлме-дәл егіншіліктің ауылшаруашылық полигондары негізінде жаңа технологияларды қолдануға үйретіп жатыр. Қаскелең Агропаркі, А.И. Бараев атындағы ҒЗИ астық шаруашылығы, «Заречный» ЖШС және Қазақ ұлттық аграрлық университеті осы салады ілкімді істер атқарған. Ал 2020 жылға қарай фермерлерде кәсіпкерлік, фермерлік шаруашылық, агрономия және мал шаруашылығы бойынша онлайн курстардан өту жоспарланған.

Нарық диқандарға не ұсынады ?

Америка мен Еуропа, Азияның бірнеше елдерінде ұшқықсыз ұшатын апараттар қолданады. Ұшқышсыз ұшатын аппараттар – аналитикалық талдама жасау барысында мағлұмат жинаудың ең тиімді әдісі. Бұл техника спутниктік техниканың мүмкіндігі жетпейтін анық түсірілімдерді алады. Ұшатын аппараттардың спекторлы сенсорлық қызметін пайдалана отырып, аграрлық сипаттың тек визуалды спектрлерін ғана емес, вегатациялық спектрлер диапозондарының барлық шамаларын анықтай алады және топырақ картасын жасайды.

Дрондар

Дрондар егіс алқаптарына барлау, талдау жүргізу үшін пайдаланылады. Мәселен, қашықтықтан зондпен тексеру жұмыстарын жүргізу, бақылау, 3D-моделдеу. Сондай-ақ 10-300 метр биіктікте фото-видео түсіріп, аумақтың шеткі және ең кіші бөліктерін де бақылай алады. Қазір осы техника арқылы алқаптың өсімдік өсіру мүмкіндіктерін, жердің құнарлылығын және ауру ошақтарын анықтауға болады. Сонымен бірге дрондар егіс алқаптарына талдау жүргізу мүмкіндігін береді. Бұл алқаптарға тұқым отырғызу жоспарларын жасау үшін өте маңызды.

GPS навигаторлары

Бұл – арнайы ақпарат тарататын технология. Сонымен қатар мал басын бақылайды. Бұл технологияны мал басын бақылауға арналған «виртуалды қоршау» деп айтсақ болады. Нақты айтқанда, жайылымның қай жерінде, қанша км қашықтықта екенін көре алады. Сонымен бірге ет өнімдерін өндіруде де пайдасын көрсетіп отыр. Себебі, жануардың жағдайын, денсаулығын және бойындағы өзгерістер жайында ақпарат береді. Сәйкесінше бұл өнім көлемін арттырып, кірістің ұлғаюына әсер етеді.

Агроөнеркәсіп саласын цифрландыратын болсақ...

Цифрлы технологияны енгізуден басқа ауылшаруашылығын дамытудың өзге жолы жоқ. Осыны түсінген ел үкіметі 2021 жылға дейін ауылшаруашылығы саласын цифрландыруды толықтай аяқтауды жоспарлан отыр. Ал 2025 жылға қарай цифрландырудан күтілетін экономикалық пайда көлемі 40 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам бар. Демек еліміздің ауылшаруашылығы саласын цифрлы форматқа көшіру уақыт күттірмейтін шара.

Обсуждение

0 моментарии