Мәзір
06 қаңтар 2021
3 мин
2618
Жариялаған: Айнұр Құлашева

Еліміздің балық шаруашылығы 10 жылда 2 триллион теңгеден астам пайда әкелмек

Еліміздің балық шаруашылығы 10 жылда 2 триллион теңгеден астам пайда әкелмек

2030 жылға дейін Қазақстанда жылына 270 мың тоннаға жуық тауарлық балық өсіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу Үкіметтің отырысында қабылданған 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында мүмкін болмақ, деп хабарлайды World ofNAN Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік мамандарының сөзінше, бағдарламаны іске асыру жаңа балық өсіретін шаруашылықтарды құруға, ал жұмыс істеп тұрғандарының қуатын біршама арттыруға мүмкіндік бермек.

«Министрлік ғалымдар және сарапшылармен бірлесіп, елдің балық аулау саласының даму әлеуетін талқылады. Нәтижесінде мамандар республиканың су қоймаларында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге мүмкіндік бар деген болжамға келді. Бұл көрсеткішке, әрине, кезең-кезеңімен қол жеткізу жоспарлануда. Алға қойылған ауқымды жұмыс жоспарының 45%-ы 2030 жылға дейін, ал қалған 55%-ы 2040 жылға дейін орындалады. Жалпы алғанда 545 жаңа балық өсіретін шаруашылықтар құрылып, 323 жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар толық жобалық қуатына шығады », – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Үкімет отырысында бағдарламаны таныстыра отырып.

Өз сөзінде министр еліміздегі балық өсіруді ойдағыдай дамытудың 4 негізгі факторын атады, олар – заңнаманы жетілдіру, сапалы балық тұқымымен қамтамасыз ету, жем өндірісін жолға қою және салаға мамандар тарту. Министр қазіргі уақытта заңнамалық нормаларды жетілдіру аясында нәтижелер де бар екенін баса айтты. Атап айтса, бұрыңғыдай балық ресурстарын пайдаланғаны үшін жылдық төлем орнына тоқсан сайынғы төлем енгізілген. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бизнес өкілдері осыған дейін балық аулағаны үшін төлемдерді арнайы рұқсат берілгенге дейін алдын ала төлеп келген, бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге едәуір қаржылық шығын әкелген.

«Мұның сыртында балық аулау қоймаларының бағытын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру туралы ереже бекітілді. Бұл балық аулауды кәсіп етушілерге ендігі кезекте балық өсірумен айналысуға мүмкіндік береді. Әсіресе солтүстік аймақтарда көл, су қоймалары көп және олар балық өсіруге өте қолайлы болып табылады. Балық өсіру бойынша нақты келісімшарт уақыты да бекітілді. Аталмыш мерзім енді 49 жылды құрайды. Бұл бизнеске сенімді түрде балық шаруашылығына қаражат салуға және ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

«Жыл соңына дейін балық өсіретін шаруашылықтарды су қорғау аймағында орналастыруға қойылатын шектеулерді алып тастайтын, сондай-ақ бизнес өкілдерін ауылшаруашылық жерлерінде балық өсіру зауыттарын салу кезіндегі шығындарды үшін өтемақылардан босататын нормалар қабылданады. Бұл түзетулердің барлығы балық өсіру мәселесінде табиғи мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, балық өсіретін зауыттар құрылысында шығындарды азайтуға мүмкіндік береді », – деп атап өтті министр.

Өз сөзінде ол балық өсіру шаруашылығында жем шығындары жалпы шығындардың 70% құрайтынын атап өтті. Сондықтан жемнің сапасы балық өсіру саласының қаншалықты қаржылай пайда әкелетінінің шешуші факторларының бірі болып табылады деді М.Мырзағалиев. Министрдің хабарлауынша, елімізде 15 балық өсіру шаруашылығы бар болса, олар тұқы тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын 12% -ға және бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын 66% - ға қамтамасыз етеді екен, ал балық өсіру үшін 10 жыл ішінде 2,5 млрд дана жас шабақ қажет. Осыған байланысты, балық өсіру үшін қажетті тұқымдық материал бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін министрлік 4 балық өсіру аймағы үшін селекциялық-генетикалық орталықтар құруды, 2022 жылға қарай 2 жаңа форель және ақ балық өндіретін шаруашылықтар салуды, 4 мемлекеттік балық шаруашылығында мемлекеттік және жеке кәсіпкерлік серіктестік тетігін енгізуді ұсынды.

Жем өндіру бағытында министр жалпы қуаттылығы жылына 400 мың тонна болатын жем өндіретін 5 заманауи зауыттың құрылысына бизнес өкілдерін тартуды ұсынды.

«Оларды 5 өңірде – Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында орналастыру орынды. Сондай-ақ, министрлік отандық инвесторлардың қатысуымен белгілі даниялық «Aller Aqua» компаниясымен балық үшін жем өндіру бойынша бірлескен зауыт салу жөніндегі келіссөздерді бастады», – деп хабарлады экология министрлігінің басшысы.

Өз сөзінде М.Мырзағалиев субсидиялау мәселесін де қозғады. Жаңа бағдарлама кәсіпкерлерге балық өңдеу кешендерін құру және кеңейту шығындарының бір бөлігін өтеуді қарастырады. Бұл мәселені бюджетте бөлек балық өсіру мақсатына қаражат бөлу арқылы шешу көзделуде.

Министрдің сөзінше, саланы мамандармен қамтамасыз етуге де ерекше назар аудару қажет. 10 жыл ішінде балық шаруашылығын жүргізу мақсатында, жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде 4 мың адам оқытылатын болады. Олар Қазақстанның жоғары оқу орындарында, сондай-ақ арнайы білім беру мекемелерінде оқитын болады.

«Бұл үшін оқу бағдарламаларын білім беру гранттарын жылына 40-тан 400-ге дейін ұлғайта отырып, балық өсіруге қайта бағдарлау қажет. Аталмыш жұмысты Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жүргізетін боламыз», – деді М.Мырзағалиев.

Осылайша, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру министрдің пікірінше, 10 жыл ішінде 2,2 трлн теңге сомаға 1,1 млн тонна балық өсіруге; балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға; балықты тұтынуды бір адамға 4-тен 8 килограммға дейін арттыруға және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымдарын орындауға 50% жақындатуға мүмкіндік береді деп санайды. Мұның сыртында мемлекет бағдардама нәтижесінде экспорттық түсімді 330 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуды; форель мен бекіре өндірісін өсіру есебінен импорт көлемін 45-тен 25 мың тоннаға ұлғайтуды көздеп отыр. Бұдан басқа аталмыш бағдарлама кемінде 50 мың қосымша жұмыс орындарын ашу және ауылдық жерлерде тұратын халықтың табысын арттыру сияқты өзекті мәселелерді оң шешуге ықпал етпек.

Обсуждение

0 моментарии