Мәзір
19 желтоқсан 2020
2 мин
2045
Жариялаған: Айнұр Құлашева

Американдық ғалымдар ағынды суларды биокөмірмен тазартуды ұсынады

Американдық ғалымдар ағынды суларды биокөмірмен тазартуды ұсынады

АҚШ ғалымдары ағынды суларды тазарту үшін ауылшаруашылық қалдықтарынан өндірілген биокөмірді пайдалануды ұсынады, деп хабарлайды World of NAN.

Бүгінгі таңда дамыған елдерде суды тазарту мәселесі оңтайлы шешілген. Алайда дамушы елдерде ағынды суларды тазарту қондырғыларының сапасы көбіне төмен болғандықтан мәселе шешілмей жатады, дейді мамандар. Бұл ретте су тазалау проблемасын ғалымдар биокөмірді қолдану арқылы шешуді ұсынады. Кейбірі тіпті биокөмір алу жолдарын да көрсетіп отыр.

Мәселен, Пенсильвания Университетінің ауылшаруашылық және биологиялық инженерия бөлімінің жетекші зерттеушісі және докторанты Марлена Ндун биокөмірді ауылшаруашылық материалдарынан, дәлірек айтқанда мақта өндірісінен қалған қалдықтар мен АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы қуаң аудандарда өсетін бұта өсімдігі – гуайулодан жасауды ұсынады.

Марлена Ндун бұқаралық ақпарат құралдарындағы сұхбатында өзінің зерттеулерін тек ғылыми жұмыс деп қарамайтынын баса айтқан екен.

«Мен өзім Камерунның тумасымын. Туып-өскен жерімде су ресурстары шектеулі болғандықтан, суды тазарту тақырыбына өте көп мән беріп, зерттеулер жүргізудемін. Суды сүзгілеудің тиімді жолдарын іздеп, көмекке зәру елдерге қолымнан келгенше пайда әкелгім келеді. Менің ойымша, биохимияны әсіресе жағдайы қиын, сапалы тазарту жабдықтарына қол жеткізе алмайтын африкалық елдерде қолдануға болар еді », – дейді ол.

Зерттеуші-ғалым тазартылған мақта өндірісі қалдықтары ең кедей деген аймақтардың өзінде де табылатын болғандықтан, биокөмір әлемнің көптеген жерлерінде суды дезинфекциялау көзі ретінде пайдаланыла алады деп санайды.

Тағы бір зерттеуші Гершель Эллиотт (Пенсильвания) та ауылшаруашылық қалдықтарынан алынған биокөмір ауылшаруашылық өнімдерін суару үшін пайдаланылатын ағынды сулардың ластану деңгейін төмендету үшін арзан қосымша тазартқыш ретінде қызмет ете алады деп санайды. Бұл әсіресе АҚШ-тың оңтүстік-батысы сияқты су тапшылығы өсімдік шаруашылығына кедергі келтіретін аймақтарда өте қажет, дейді ғалым.

Самрат Алам және Альберта университетінің геохимигі Даниэль Алесси сияқты ғалымдар да арзан көмірді суды тазарту немесе топырақты қалпына келтіру сияқты белгілі бір мақсаттарға бейімдеуге болатындығын анықтаған.

«Біріншіден, биокөмір – бұл өте жақсы сорбент, демек, ол суды тазартуда өте тиімді болады, екіншіден, ластаушы заттарды тазарту және топыраққа концентрацияланған қоректік заттарды жеткізу арқылы ауылшаруашылық өнімдерінің құнарлылығын арттырады», – дейді ғалымдар.

Сондай-ақ, биохимиялық көмірді алу әдісі туралы айта отырып, зерттеушілер оны тек ауылшаруашылық қалдықтарынан ғана емес, тіпті малдың көңінен де жасауға болатындығына назар аударады.

Ағынды суларды тазартатын қондырғылардың көпшілігі қазіргі уақытта суды ластаушы заттардан, әсіресе фармацевтикалық өндіріс қалдықтарынан толық тазарта алмайды, ал егер ондай қауіпті заттарды биокөмір арқылы тазартуға болатын болса, сапасы жақсарған ағынды суларды суару жүйелерінде қайта пайдалануға мүмкіндік туады, дейді зерттеушілер.

Обсуждение

0 моментарии