Ауыз су тапшылығы басты проблемаға айналып барады.
Ғалымдардың болжамдары бойынша, ХХІ ғасырдың басты проблемасы – ауызсу тапшылығы болмақ. Енді он – он бес жылда адамзат осы проблемамен бетпе-бет келеді. Бүгінде әлем бойынша 1,1 млрд адам су тапшылығын тартса, 2 миллиардтан астамы «су дағдарысын» бастан кешуде. «Дамыған елдер, су тапшылығынан отырған жерлерін тастап шыққан босқындар легінің «астында қалу» проблемасына кезігеді. Ал 2030 жылға қарай босқындар саны 500 миллион адамнан асып түсетін болады», деген шын мәнінде үрей ұялататын болжамдар айтып жүр.
Су тапшылығының ұлғаюы терроризм проблемасын тудыруы мүмкін. Жерінің жартысынан көбі шөл және шөлейіт даладан тұратын Қазақстанға да бұл қауіп төніп тұр. Ғылыми-техникалық прогресске байланысты су ресурстары дұрыс пайдаланылмағандықтан соңғы 40-50 жылдың ішінде Қазақстан жерінің 60 пайызы (1,8 миллион шаршы шақырым) нәрсіз тақырға айналды. Көрші елдерден келетін трансшекаралық өзендердің арнасы жыл санап түсіп барады. Кикілжің осыдан-ақ туындауы мүмкін. Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты мәселе емес, адамдардың қоршаған ортаны орнымен пайдалана алмауы салдарынан Орта Азия аумағының жартысынан көбі сусыз дала санатына қосылды.
Қазақстанда су тапшылығы жылдан жылға ұлғайып барады.
Бұрын ірі кемелер жүретін Ертіс өзені арнасының ортасынан бүгінде ойдым-ойдым ауқымды аралдар пайда болған. Ал өткел бермейтін Іле өзені қысты күні етікпен кешіп өтетіндей жылғаға айналуда. Каспий мен Аралдың өз проблемалары өздерінде – бірі құрып барады, екіншісін мұнайшылар улап жатыр. Алдағы уақытта басты ауыртатын басты проблема ауызсу мәселесі, ал бізде тұщыландырып ішетін теңіз суы да қалмайтын сыңайлы. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, құрамында жоғары деңгейдегі хлоридтер сульфаттары және тұз құрамдары бар қатты минералданған ауызсуды ішіп отырған тұрғындардың арасында өт, қуық жолдарында тас пайда болып, қан қысымы, жүрек, ас қорыту органдарының ауруларына себепкер болуда. Сондай-ақ, ауызсу көзіне патогендік микроорганизмдердің түсуіне байланысты көптеген эпидемиологиялық жағдайлар болып жатыр. Соңғы он жылдың ішінде республикадағы алты облыста ауызсудан бес мыңға жуық адам уланған 30-дан астам төтенше жағдай тіркелген. Сондықтан тұщы су көздерінің ластанбауына, сарқылып қалмауына көңіл аудару керек.
Қазір экологтар әлемдегі өзен-көл, су қоймаларының ластанып немесе құрып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Кезінде Амудария мен Сырдарияның арнасын мақта өсіру үшін кері бұрыамыз деп, арна суының 50 пайызы жоғалттық. Нәтижесінде Арал теңізі құрыды. Қазір де республикадағы біраз өзендердің арнасы төмен түсіп, көлдердің суы сарқылып, батпаққа айналып барады немесе улы заттармен ластанып жатыр. Осының барлығы өзіміздің, адамдардың қолдарымен жасалуда. Табиғат байлығынан әбден қол үзіп, жоғалтып алғаннан соң барып құтқаруға қаржы іздей бастаймыз.
Павлодардағы жағдай
Мысалы, Павлодар облысында сынаппен уланған көлді тазарту бүгінде үлкен проблемаға айналып отыр. Ауданы 2 мың гектардан асатын Балқылдақ көлі 1976 жылы хлор мен каустикалық соданы сынап әдісімен өндіретін Павлодар химия зауытының өндірістік қалдықтарын жинау үшін арнайы жасалған. Мамандардың есебінше, жұмыс барысындағы ақаулардың, технологиялық процесстегі кемшіліктердің салдарынан сумен ағып, жиналған сынаптың жалпы массасы бір мың тоннадай болады. Қазір оның бір бөлігі жер астымен Ертіс өзеніне қарай жылдан жылға жылжып барады. Тоқсаныншы жалдардың аяғында бұрынғы зауыт аумағында сынаптан тазарту жұмыстары жүргізілген екен, 2002-2004 жылдарда бұл жұмыс аяқталған. Ескі зауыт аумағында жүргізілген тексеру топырақ пен судағы сынап құрамының жоғарылығын көрсетіп отыр. Трансшекаралық болып табылатын Ертіс өзенінің маңындағы топырақ құрамында топырақтың тым көп деңгейде болуы экологиялық ахуалға кері әсерін тигізуде. Ал бұл проблеманы шешу үшін халықаралық тәжірибені, сынаппен қалай жұмыс істеу керектігін білетін компанияларды жұмылдыру қажет.
Ақтөбедегі ахуал
Ақтөбе облысындағы Шалқар көлі батпақтанып барады. Көлдегі су шалшыққа айналып, 3-класстағы ластану деңгейіне жетіпті. Алайда тиісті қаражат бөлінбей келетін көрінеді.
ТМД аумағындағы экологиялық жағынан ең таза көл саналатын Алакөлдің өзі қазір күл-қоқыспен ластанып жатыр. Жаз айларында жағасына демалуға келетін туристерден қалатын қоқыстарды жинап әкететін қызмет осал. Сондықтан оның бәрі көлге лақтырылады. Егер мұндай жағдай жыл сайын қайталана беретін болса енді бес-он жылда Алакөлге суға түсудің өзі адам денсаулығына қауіпті болмақ. Өйткені Алакөлге жан-жақтан бірнеше өзен құйғанмен одан бірде-бір өзен ағып шықпайды.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген осы. Уақытында табиғаттың таза сақталуына мән бермегендіктен бүгінде бірнеше есеге шығындалып оның орнын толтыратын болды.
Тағы бір елді, елу жыл бойы құрғақшылықты бастан кешіріп келе жатқан Қытайды мысалға алайық. Бұдан алты жыл бұрын Қытайдың 16 провинциясында ауыл шаруашылық дақылдары өсірілетін 20 миллионға жуық жер құрғақшылықтан тақыр далаға айналды. Жүз күн бойы жауын-шашын болмағандықтан 4,42 млн адам ауыз сусыз қалып, 2 миллионнан астам мал басын суғаратын жылға таба алмай қиналды. Аспанға 3 мың снаряд атып, жауын шақырғанмен күткендей нәтиже болмады. Құрғақшылық әсіресе Қытайдың оңтүстігі мен шығысындағы астық дақылдарын егетін сегіз провинцияға ауыр тиді. Қытай үкіметі құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарға 12,7 миллиард доллар бөлуге мәжбүр болды. Янцзы және Сары өзендерінің суын барынша пайдалауға шешім шығарды. Қытайдан бастау алатын Ертіс, Іле өзендерінің арнасы төмендеп кеткені де осыдан дейді мамандар.
Сондықтан су проблемасына салқынқанды қарауға болмайтын мәселе. Ғалымдардың есебінше, тіпті суды мұнай сияқты сатқан күннің өзінде сұранысты толық қанағаттандыру мүмкін болмайтын көрінеді. Мысалы, Ресейде мұнай өндіру көлемі жылына 500 миллион тоннадан аспайды. Ал Ресей халқы экономикаға жылына табиғи көздерден 80 текше шақырым, яғни 80 миллрад тонна суды пайдаланады. Бұл салмақ жағынан өндірілетін мұнайдан 160 есе артық екен. Ауыз суды сатады, сатып жүр және сата бермек. Бірақ халықаралық су рыногының өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық сұраныстарын қанағаттандыруға шамасы келмейді.
Сондықтан су мәселесіне бей-жай қарауға болмайтындығын ғалымдар ескертуде. Алайда Үкімет тарапынан тиісті шаралар жасалмай, мәселе орнынан қозғала қоймайды.
Обсуждение