Мәзір
18 желтоқсан 2019
3 мин
7338
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты

Жер бетінде шикізаттың бәрі де күндердің-күнінде сарқылуы мүмкін. Жер-Ананың адамдарға берген ырыздығының ішінде бидай ғана мәңгілік қажеттілік болып қалады. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты жоғары технологиялы өндіріс қатарын көбейте отырып, егін шаруашылығын дамытуға баса мән береді. Осы күнге дейін институт ғалымдары дәнді дақылдардың 130-дан астам жаңа сұрыбын шығарып, өндіріске енгізген. Олардың 100-ден астам сорты тек қана бидайға қатысты. Даламыз кең, егіс алқаптары есепсіз болғанымен Қазақстан жері қауіпті егіншілік аймағы болып саналады. Себебі, бізде суармалы егістік көлемі есептеулі, көктен түсетін ылғал да әр жылдары әрқалай. Сондықтан бидайдың қуаңшылыққа төзімді болып, мол өнім беретін түрін шығаруға ғалымдарымыз күш жұмсап келеді. Институт жұмысының пәрменділігі – мұнда шығарылған бидайдың 80-нен астам жаңа сұрыптары әлемнің 11 мемлекетінде өсіріліп жатқанынан байқауға болады. Жылдан-жылға қызығушылық танытқан елдердің қатары артып келеді.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ауылшаруашылық дақылдарының гендік қорын жинау, қалыптастыру, зерттеу, құжаттау, пайдалану және сақтау, классикалық әдістерді және биотехнология мен гендік инженерияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, дәнді, жемдік дәнді, дәнді бұршақ, мал азықтық, майлы және техникалық дақылдардың сорттары мен будандарын шығару, тұқым шаруашылығы үлгісі мен ауылшаруашылық дақылдарының тұқымын жылдамдата өндіру технологиясы өсімдік шаруашылығын әртараптандыру және биологизациялау негізінде егіншіліктің қор сақтаушы және экологиялық қауіпсіз жүйелері мен айналысады.

Инситуттың ғылыми жетістіктері

Қазақстанда алғаш рет 29 ауылшаруашылық дақылдарының гендік қоры орташа-шұғыл мерзімде тиімді сақтау ұйымдастырылды. Дәнді, мал азықтық дақылдар және дәрілік шөптердің түрлері мен тұқымдастарының 1220 үлгісінің гербарийлік және тұқымдық материалы жиналды, біріктірілді, жіктелді және көбейтілді. Дәрежесі, даму түрі, коллекцияның оригинаторы бойынша тіркелген дәнді, дәндібұршақ, мал азықтық, көкөніс, жеміс-жидек, техникалық, жарма, дәрілік, орман және орман түзуші дақылдардың шаруашылықта пайдалануына сәйкес 9 топ, 223 дақылдың 56 мыңнан астам үлгісінің құжаттық ақпараты ұлттық мәліметтер қорына енгізілді.

Егіс дақылдарының 550-ден астам сорттары мен будандары шығарылды. Бүгінгі таңда республикамызда және елімізден тыс мемлекеттерде 162 сорт пен будан өндірісте пайдалануға берілген, оның 153-і ҚР-да, атап айтқанда күздік бидай мен тритикаленің – 28, жүгерінің – 28, жаздық бидайдың – 24, арпаның – 19, мал азықтық, көпжылдық шөптердің – 19, дәнді бұршақтың – 17, сұлының – 6, қант қызылшасының – 5, күріштің – 4, майлы дақылдардың – 3 сорттары мен будандары бар. Олардың еліміздегі және жақын шетелдердегі егіс көлемі шамамен 2,5 млн. га алқапты құрайды (Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б.). Институт жыл сайын 450-600 тоннадан астам астық дақылдарының, 100-130 тонна – жемдік дәнді, 80-100 тонна – дәнді бұршақ, 50-70 тонна – жүгері, 30-50 тонна – мақсары, және 5-10 тонна – мал азықтық дақылдардың жоғары сапалы кондициялық тұқымын өндіреді.

Мәселен, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Дәнді-бұршақты дақылдар бөлімінің меңгерушісі, б.ғ.д., АШҒА академигі М.С. Кудайбергеновтің ғылыми жетекшілігімен майлы дақылдар өндірісін дәнмен қамтамасыз ету, олардың бәсекелестік қабілетін және экспорттық әлеуетін арттыру, майлы дақылдардың жаңа сорттарын өсіруде жоғары сапалы техногияларды дамыту бойынша зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде 50 комбинация көлемінде қытайбұршақ будандастырылды. Байлаған будандардың орташа пайыз мөлшері аналық Зара сортында – 15,3%, аналық Ласточка сортында – 19,0%. Бақылау питомнигіндегі өнімділігі бойынша зерттелген 99 үлгінің 12-сі орташа ерте және орташа пісетін және 8-і орташа кеш пісетін болып іріктеліп алынды.

Тек қана Талдықорған аймағында 26 жаңа сұрып кеңінен пайдаланылуда. Соның ішінде «Қарасай», «Стекловидная – 24», «Богарная» деген сұрыптардың сапасы жоғары, макарон өндірісінде пайдалануға өте қолайлы болып тұр. Бұл жерде бидайдың, тарының, арпаның, сұлының, жүгері мен қызылшаның аудандастырылған сұрыптарын шығарумен қатар, дәнді-бұршақ дақылдарының сапалы әрі төзімді түрлерін зерттеу жолға қойылған.

Әлемдік ғылыми қауымдастықтың бір жетістігі ретінде бағаланатын – «Третикале» өнімі – ХХІ ғасырдың дақылы атағына ие болған. Бидай мен қара бидайды будандастыру арқылы алынған бұл дақыл негізінен мал азығы ретінде және диеталық тағам дайындауда пайдаланыдады. Бір гектар алқаптан 100 центнерге дейін өнім беретін Третикале бұдан әлдеқайда аз шығым беретін арпаның орнын алмастыратын мүмкіндікке ие. Институтта оның 10-ға тарта сұрыбы өсірілуде.

Институт өз кадрларымен де мақтанады. Мәселен белгілі ғалым, Рахым Алмабекұлы Оразалиев осы инситут қабырғасында алғаш еңбек жолын бастап, бірнеше жыл басшылық қызмет атқарып, жас ғылымдар буынын тәрбиелеп, елдің ауыл шаруашылығы саласына орасан зор еңбек сіңірді.

Ол бидайдың бірнеше сорттары мен түрлерінің негізгі биологиялық заңдылықтарын, гибридті бидайдың генетикасы мен физиологиясын зерттеп, қазақстандық агроэкотиптің бірнеше сорттарының биологиялық және селекциялық модельдерін жасаған. Генетика, физиология, биохимия, биотехнология, молекулалық биология саласында жасаған іргелі және қолданбалы зерттеулерінің арқасында дәнді дақылдар сорттарының модельдері мен критерийлері, принциптері негізделген. Оразалиевтің жетекшілігімен (шәкірттерімен бірлесіп) дәнді дақылдардың 110 сорты шығарылды, оның 40 сорты аудандастырылып, Мемлекеттік селекциялық көрсеткіштер реестріне енгізілген. 620 ғылыми жұмыстың, оның ішінде, 12 монографияның авторы. 10 алгоритм мен патенттің, 40 авторлық куәліктің иегері. «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Рахым Оразалиев аталмыш институтта 1995-2003 жылдары басшылық қызмет атқарып, оның өсіп өркендеуіне біршама септігін тигізген адам.

Обсуждение

0 моментарии